Бүркеншік аты: NUR
СӘЛЕМ, ӘЛЕМ!
Жаңарады көктемде,
Жасанып қыр, бөктер де.
Оянады дүние
Рахмет айтып өткенге.
Құс сайрайды әуелі-
Ырыс-құттың әуені.
Бала бақыт расымен,
Бізбен Өмір әдемі.
Сәлем, Әлем,
Сәлем, күн,
Сәлем нар ел,
Сәлем түн.
Бейбіт өмір,
Бақыт, бақ,
Жайна досым
Жадырап.
Күлген күнмен күлейік,
Бақытты өмір сүрейік.
Сәлем — сөздің анасы,
Амандасып жүрейік.
Көңіл көлдей мөлдіре,
Отан аман жер міне,
Біз бақытты ұрпақпыз,
Достық туы желбіре.
Әжеме
Ақ кимешек киінген,
Ұршығын ап иірген.
Бәрін ұғып қоятын
Қабағымнан түйілген –
Әжетай.
Ертегі айтып еліткен,
Әжем менің көрікті ең.
Ақ жаулығы бұлттардай,
Әнін айтса төгілткен.
Әже асыл жүрегің,
Ғасырлық жас тіледім.
Өзіңіздей жанашыр
Әлемде жоқ білемін –
Әжетай.
Әкешім
Ата салтын сақтаған,
Әкем менің – жақсы адам.
Қамқор, дана, үлгілі,
Мен әкеммен мақтанам.
Әке, әкешім,
Мәпелеген бөпесін.
Алла сізді әрдайым
Мейірімге бөлесін.
Секілдісіз қыран құс,
Биік шыңға сыңарсыз.
Аялаған, өсірген,
Әке, сізге мың алғыс.
Ағарды, әке, шашыңыз,
Әке болу – асыл іс.
Рахат көріп біздерден,
Жүзге жетсін жасыңыз.
Ана-анатай
Ана, ана, анатай,
Мен бір тәтті балақай.
Анам сүйсе бетімнен
Қуанамын алақай!
Анаң болса үйіңде,
Дастарханда береке.
Құттықтаймын анажан,
Бүгін сізде мереке.
Аялайтын баласын,
Ана өзің ғанасың.
Барлығынан әдемі
Менің сұлу анашым.
Әке-Ана
Бау-бақшалы бағымда,
Үйдегі үлкен тағында,
Күнмен бірге күлетін,
Әкем болсын жанымда.
Әр айтқаны ақыл ма?
Әр кез түнде, таңымда,
Ашық аспан астында
Анам болсын жанымда.
Әкем жүрсін дін аман,
Анам жүрсін дін аман.
Әке-Ана қасында
Барлық бала жүр аман!
Әкем таудай тірегім,
Анам қамқор жүрегім,
Ата-анасы бар бала
Ең бақытты білемін.
Әкем жүрсін қуанып,
Анам мәз боп гүл алып,
Ортасында өседі,
Толағай бір ұл алып.
БАЛАПАН
Бала, бала, балапан,
Қане, қанша алақан?
Саусақтарың көрсетші,
Жақсы бала – санаған.
Бала, бала, балақай,
Бала деп ән салам-ай.
Тақпақ айтса балалар,
Қуанамын алақай.
Бала, бала, бал ма екен,
Айтқаны оның ән бе екен,
Ақылы көп, тілалғыш,
Осындай бала бар ма екен?!
Кәмпит берсең жемейді,
Тағы да әпер демейді,
Анасы ол баланы
Толағайға теңейді.
ӘЛІППЕ
А әрпінен басталар,
Әліппені жаттап ал.
Кім жаттаса әріпті,
Білім алар, бақ табар.
Қырық екі әріпті
Дыбыс емес анықты
Күнде айтып бір-бірден,
Ұстаз бізге танытты.
Білім бастап ту алған,
Бала ұстаса қуанған.
Әліппенің сәнді іші,
Әрәптерден құралған.
Әліппе,
Әліппе –
Бастауы бұлақтың.
Әліппе,
Әліппе –
Атасы кітаптың.
АҚ ӘЖЕ
Мен ақылды баламын,
Күнде бестік аламын.
Аялаған әжеме,
Дарамын да данамын.
Әппақ әжем, ақ әжем,
Немереге жақ әжем.
Күнде берер батамен,
Біздің үйге бақ әжем.
Жіптерін ап иірген,
Әже десем сүйінген,
Айналайын балам деп
Шығарады үйімнен.
Маңдайымнан сүйеді,
Мейірімді үйеді.
Әппақ әжем, ақ әжем,
Біздің үйге сый өзі.
Бара қалса қонаққа,
Тұрған тола табақта,
Кәмпитті әкеп береді,
Жейсің ғой деп сабақта.
Әже десе көңіл гүл,
Әжем барда өмір нұр.
Балалардың бағына
Әже ұзақ өмір сүр.
ҰСТАЗ
Үйрететін білім көп,
Ұстаз – ұлы бар жанға.
Қарсы алады күлімдеп,
Біз мектепке барғанда.
Шаршадым мен демеген,
Білігімен биік-ті
Құтты болсын мерекең,
Ұстазымыз сүйікті.
Жел беретін ұшқанға,
Білім – жауһар бүгінде
Гүл сыйлаймыз ұстазға
Қыркүйектің бірінде.
Ұстаз - біздің данамыз,
Ұстазға біз баламыз.
Жарқыраймыз, жанамыз,
Үлгі-өнеге аламыз.
Бағалаймыз әрқашан,
Баласындай қараған,
Биік ұшсам, самғасам,
Ұстазымыз жараған.
ОТАН
Төсіңді емген ботамын,
Туды бізге тоба күн.
Сен аман бол қашанда
Менің әппақ Отаным.
Отан, Отан, ұлы ана,
Сенсің туған, біл ана,
Қастерлеймін аялап,
Қалған жерді мұраға.
Құсыңа айттым сырымды,
Жел жаттады жырымды,
Көкке биік көтерем,
Аспан түстес туымды.
Жұлдыз болып жанамын,
Тұлпар тектес шабамын,
Өз аспаным, жерім бар,
Күні сүйген баламын.
Әлдилеген киелім,
Сенсің менің ұлы елім.
Үйім де сен, күйім де,
Мен Отанды сүйемін.
ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ
Наурыз келді жылбасы,
Ұлттық киім киемін.
Саған айтам тыңдашы:
Мен елімді сүйемін.
Домбырамен ән салар,
Әні көпке арналар.
Күйін шертсе тамсанар,
Көкпар тартса жар салар.
Қазақ деген елім бар,
Ұлан-байтақ жерім бар.
Өзенім мен көлім бар,
Досқа ұсынар төрім бар.
Наурыз менің мерекем,
Жақсылықты тіземін.
Жайлауымда берекем,
Наурыз көже ішемін.
Алтыбақан тебемін,
Асық ойнап жүгірем.
Аққа тойып келемін,
Керемет күн бүгін ең.
НАУРЫЗ
Жиырма екісі наурыздың –
Ұлы күні ұлыстың.
Жауып мыңы алғыстың,
Нұр басады жер үстін.
Бауырсағым, тары, дән,
Төрт түліктің ағынан.
Құрт, ірімшік, тағы нан,
Майсөк, майы сарыдан.
Наурыз көже, уызым,
Қымыз, шұбат, айраным.
Бәрі риза туысым,
Сорпаға сап қаймағын.
Бақыт боп ен төріме,
Мерекелі наурызым.
Нұрыңды төк еліме,
Берекелі наурызым.
ҒАЖАЙЫП ӘУЕН
Табиғатта, гүлінде,
Айда және күнімде,
Бәрі-бәрі сөйлейді
Домбыраның үнінде.
Қобыз тартып көрейін,
Ән-жырымды төгейін.
Жетігенді бір шертіп,
Жерді әуенге бөлейін.
Сазсырнаймен ән айтам,
Жолдас болған талайдан.
Ғажайып бұл әуенмен,
Тербелсінші бар-ай маң.
АМАН БОЛСЫН БАЛАЛАР!
Сәуле болып таралған,
Баламен жан табар мән.
Барлық бала әлемде
Бақыт үшін жаралған.
Бұлт шалмасын аспанын,
Шықсын таудай асқақ үн.
Жылап бала баспасын,
Босағасын басқаның.
Тәтті болып жегені,
Елім деген өлеңі,
Балаларға бақытты,
Әлем нұрын төгеді.
Әр балада дарын бар,
Әр балада жалын бар.
Әрбір бала – бір жұлдыз,
Бағын тауып жағыңдар!
Әр баланы даралар,
Білім шырақ жаға алар.
Әнұраны әлемнің –
Аман болсын балалар!
Туған жер
Мен туған топырақ,
Сен неткен киелі ең,
Мен туған атырап,
Ауаңды сүйем мен!
Мен туған өлкенің
Гүлі де әдемі.
Сұлу ғой көргенім,
Аспаны – жан емі.
Атам да ардақты
Әкем де салмақты
Өскен жер, өнген жер
Туылған бар жақсы.
Құшағын жаяды ақ,
Қырларың – сая, бақ.
Мен өсіп келемін,
Туған жер аялап.
Менің қалам
Ілім-білім дәлелі
Жайлылықтың әлемі,
Жер бетінде білсеңіз
Менің қалам әдемі.
Өзі сұлу, тап-таза,
Ақтығы ұқсас мақтаға.
Әкем, анам, үшеуміз,
Мәз боламыз бақта да.
Саябақ та, алаң да,
Түрлі ойын даламда,
Театр ма, кино ма,
Менің ғана қаламда!
Жақсы әңгіме айтамыз,
Серуендейміз, қайтамыз,
Қыдырайық келіңіз,
Сіз де күліп жайнаңыз.
Кіші үй бар, үлкені,
Қарбаласта күндегі,
Бәрінен де ұнайды
Әкем, анам күлгені.
Бағдаршам
Жол бойында бағдаршам –
Жол көрсетер аңғарсаң!
Уақытты айтып тұрады,
Өзгеретін сандар сан!
Алма түсі – қызыл түс,
Оқып білсең, білім –күш.
Бағдаршамда жанатын
Тоқта дейді қызыл түс!
Сары, тәтті өрікті
Қай бала жеп көріпті.
Сары түсте дайын бол,
Тоқтатуға көлікті!
Білімділер ғасыры,
Шығармалар жаз ұлы
Қане, кеттік, тоқтама,
Жүр деп тұр ғой жасылы!
Атама!
Ата, ата, аташым,
Мәпелеген баласын,
Жақсы көрем өзіңді
Дарасың сен данасың!
Арқамнан кеп қағатын,
Үміт – отты жағатын,
Үлкейгенде атамды,
Мен боламын бағатын.
Ақыл айтқан әрдайым,
Қыраның боп самғайын.
Ата дәстүр аманат,
Мен ізіңді жалғайын!
Сөзін айтар салмақтап,
Қойынында бал сақтап,
Немерем деп күн кешер,
Ата деген ардақты ат!
Алтын атам!
Атам менің алтын адам,
Жүзі күндей жарқыраған,
Ақыл айтса таусылмайтын,
Бұлақ дер ем сарқыраған.
Атам менің ақсақалды,
Үйретеді ән, мақалды.
Сіздей ата әлемде жоқ,
Іздесем де бар ғаламды.
Тәлім берген ақ аташым,
Немереге жақ аташым.
Таңмен тұрып суын беріп
Алам күнде ақ батасын.
Қазынасы, берекесі,
Шаңырағы, керегесі.
Үйіміздің қуанышы,
Өзің ата мерекесі.
Отбасым!
Жақсы көрем атамды,
Ақ жаулықты апамды,
Жақсы көрем анамды,
Сыйлаған бар ғаламды.
Маған бәрін әперді,
Жақсы көрем әкемді.
Үйрететін өнерді,
Мақал менен мәтелді.
Жақсы көрем даламды,
Ару айдай қаламды,
Қамқор болған әпкемді,
Доп үйреткен ағамды.
Шуақ, нұрға бөленген,
Бейбітсүйгіш әлем мен
Туған-туыс, достарым
Бәрін жақсы көрем мен!
Бата алу!
Амандасып атама,
Қолына су құямын,
Еркелеп ап апаға,
Азанымен тұрамын.
Беті-қолды жуамын,
Су ішемін алдымен.
Шыбындарды қуамын,
Айтып күнде әнді мен.
Жұмсағанда ата-ана,
Қуанамын әрқашан.
Үлкендерді бағала,
Ренжиді ғой бармасаң.
Дүкенге де барамын,
Айтқан тілін аламын,
Мен бақытты баламын,
Күнде бата аламын!