«Балаларға арналған шығарма»: Ұлттық ойын – бабалар ұлағаты

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Қайнар

 

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – БАБАЛАР ҰЛАҒАТЫ

(Балаларға арналған өлеңдер топтамасы)

 

ТЕҢГЕ ІЛУ

 

Ат ұршықтай айналып,

Жеті жігіт сайланып.

Тастүйін боп табанда,

Шыға келер алаңға.

 

Теңге шықпас ойыңнан,

Жеті жерге қойылған.

Қанша қиын десек те,

Құру керек есепке.

 

Басын билеп атының,

Қатты қысқан тақымын.

Соның бәрін зерделеп,

Шабатұғын ер керек.

 

Шапшаңдығы шалымды,

Жігер толы жалынды.

Тап беретін тұйғындай...

Көз ілеспес қимылды-ай.

 

Ептілігі болса озық,

Шапқан аттан қол созып,

Ілсе барлық теңгені,

Сол жігіттің жеңгені!

 

БӘЙГЕ. СӘЙГҮЛІК СЫНЫ

 

Бұлшық еті білемдей,

Шиыршық атқан күніге.

Бейне тықыр кілемдей,

Жылмиып жатар түгі де.

 

Мүмкін емес қуанбау,

Мінсіз мүсін сияқты.

Жіліншік етсіз, жуандау,

Құйма алтындай тұяқты.

 

Тәнті қылар тарауға,

Майда жалы қысқалау.

Делдиіп тұр танау да,

Бойда дүлей күш бар-ау!

 

Омырауы ордадай,

Салыңқы біткен сауыры.

Болмайды артық онда май,

Оқтай түзу бауыры.

 

Шарадай көз, дөңбек төс,

Шеңбер кеуде, сүйекті.

Шапқан кезде жел жетпес,

Елестетем йондты*.

 

Бір жалт етсе, жолдағы,

Қалар талай сай, белең...

Бабын тапсаң болғаны,

Дара келер бәйгеден!

--------------

*Йонд – ескі түркі тілінде жүйрік жылқы деген сөз.

 

ЖАМБЫ АТУ

 

Сыры жатқан әріде,

Ой жүгіртші мәніне.

Жамбыны ату көктегі,

Мергендіктің мектебі.

 

Құйған түрлі қалыпта,

Сом күміс пе, анықта.

«Қойтұяқ» пен «Тайтұяқ»,

«Жамбы» дейміз жалпылап.

 

Биік баған құрады,

Жамбы ілулі тұрады.

Жібереді бұл ғұрып,

Ойын-тойды қыздырып.

 

Кел, бақ сына, күшті ме ең?!

Шапқан аттың үстінен,

Түсірсе атып жамбыны,

Сұрмерген дер, дәл мұны!

 

АУДАРЫСПАҚ

 

Аттары тұстасып,

Екеу жүр ұстасып.

Ойнады бұлшық ет,

Бойдағы күш тасып.

 

Мүлт кетіп, жұлқынып...

Бұлт етіп бұлқынып.

Құрыштай қос қолдар,

Ұстауға ұмтылып!

 

Біресе жіберіп,

Біресе тіреліп...

Үзеңгі үзердей,

Тартқанда шіреніп.

 

Күшіне сенеді,

Болар ма дегені:

Аударып түсіру,

Қарсылас немені.

 

Тартысар талайға,

Шарпысар сан айла.

Ерені еріңнің,

Жеңеді қалайда!

 

КӨКПАР

 

«Көкпарды» кеткенбіз бе,

Кейде «Көкпері» деп.

Аңыз ғой жеткен бізге,

Атапты «Көкбөрі» деп.

 

Бір қисын тұр мұныңда,

Тәмсіл бар ойға түйген.

Емес пе шындығында,

Қасқырдай қойға тиген...

 

...Басталды көкпар, анда...

Сайланып аттылары.

Сәрә да тоқталар ма,

Тұра алмай шапқылады.

 

Болғандай заманақыр,

Қым-қуыт араласып.

Біреуі бара жатыр,

Серкені ала қашып.

 

Топ жарған торы айғыр-ай,

Келсе де қуып бәрі.

Бұрылып олай-бұлай,

Маңына жуытпады.

 

Шыққанша арманынан,

Тартысып, кимеледі.

Әлгіге жан-жағынан,

Шыбындай үймеледі.

 

«Олжалы» жеке қалды,

Кез болып одан зорға.

Көкпарың кете барды,

Сытылып қолдан-қолға...

 

...Әр сәтті талмай бағып,

Қарашы ғажабына.

Шетелдік таңдай қағып,

Таңғалар қазағыма!

 

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ

 

Тоғызқұмалақ десетін,

Ойын таныс бәріңе.

Тарихы бар кететін,

Төрт мың жылдан әріге.

 

Жанға жайлы, қонымды,

Өсер өрлеп ой-шынар.

Ойлап тапқан ойынды,

Қарапайым қойшылар.

 

Сандар сырын жастай ұқ,

Шайқасуға шық, бекем.

Ал қанеки бастайық,

Есепке кім мықты екен?!

 

ҚҰСБЕГІ

 

Қиындықтардан қыңбады,

Құздардан, биік шыңдағы.

Балапан алып түсетін,

Көзсіз ер шығар бұл-дағы!

 

Құс баулудың ретін,

Бес саусақтай білетін.

Шыжым жіп байлап аяққа,

Шырғаға тартып жүретін.

 

Құсбегі ғой, анығы:

Бап тілейтін бағымы.

Шырқау көкте самғайтын,

Тәуелді еткен тағыны.

 

Құсбегідей шымырға,

Татыр бір күн ғұмырға.

Томағалы бүркітін,

Қондырады тұғырға.

 

Өзі де таудай тұлғалы

Жел болып жанның ырғағы

Тұтасып кеткен даламен,

Көзсіз ер шығар бұл-дағы!

 

САДАҚ АТУ

 

Садаққа мынау қарашы,

Айтар болсақ саралай:

Жасайтұғын ағашы,

Үйеңкі, қайың, қарағай.

 

Көз тояды, шық қарап,

Қос иіні майысқан.

Бекіткен шетке мықтап-ақ,

Кермебауы қайыстан.

 

Нысанаға жебе кеп,

Дәл тиетін сәтті ұғып.

Мүлт кетпестен межелеп,

Жүру керек жаттығып.

 

Жебелерді бұ да сын,

Адырнадан боздатқан.

Мерген болып шығасың,

Құралайды көзге атқан!

 

АСЫҚ АТУ

 

Жөн, балақай, білгенің,

Асық ату түрлерін.

Біріншісі: бұл ату –

Тіке көздеп құлату.

 

Екіншісі ерекше,

Осылай ат керексе:

Сақаң кетер сермеген,

Домалатқан жерменен.

 

Үшінші ату: шүйіліп,

Саусақпенен шиырып.

Жараспайды аптығу,

Ең бастысы – жаттығу!

 

ЖОРЫҚ

 

Ұланғайыр даламда,

Ұлы дала жорығы.

Намысты қолдан бермеген,

Сен қазақтың өр ұлы.

 

Баптай білген бабалар,

Қазанат қайда шаба алар!?

Бауырында ойнап аттардың,

Өсіңдер жастан балалар.

 

Тыпыршып қолға тұрмаған,

Дүбір шықса зырлаған.

Шарадай көзін шаң шалмай,

Шақырымды алар мыңдаған.

 

Айшылық жерді қармайтын,

Алдына қара салмайтын.

Шабандоз болсаң жорықта,

Тұлпарың осы таңдайтын!

 

Көк бөрідей керіліп,

Көк түріктей көрініп.

Көк туыңды биікке,

Оза шауып, кел, іліп!