Бүркеншік аты: Қошақан
МЕНІҢ ӘЛЕМІМ
(балаларға арналған өлеңдер топтамасы)
Отбасым
Ата-анамның құшағы
Ең алғашқы мекенім.
Олар барда білмеймін
Қиындықтың не екенін.
Әлдилейді, аялап
Ойнатады үнемі.
Жүзі жылы олардың,
Мейірімді жүрегі.
Ақылды ғып өсірді,
Өкпелетпей бір рет те.
Мен оларды өтемін,
Өмір бойы құрметтеп!
Қарындасым, әпекем —
Аспандағы Ай-Күнім.
Солар менің жақыным,
Солар менің байлығым.
Балаларын ата-анам,
Бақытына балайды.
Тату болсақ біз егер,
Күн күлімдеп қарайды.
Ата-анамыз біз үшін,
Еңбек еткен күні-түн.
Ақтаймыз деп сенемін,
Біз олардың үмітін.
Әке
Әке – үйдің қорғаны.
Әке – елдің оғланы.
Бақыт деген – жаныңда,
Әкең болса болғаны.
Әке сөзі – азығың.
Әке – темірқазығың.
Ұлын дейді «батырым»,
Қызын дейді «нәзігім».
Әке – тірек, әке – Күн.
Ақылын ал әкенің.
Сен де сыйла әкеңді,
Мен де сыйлап өтемін!
Мектеп
Мектеп — оқу сарайы,
Ұстаз — оның патшасы.
Кім көп білім жинаса,
Көп болады ақшасы.
Ақылы көп данышпан,
Көрер бәрін алыстан.
Оқу-білім арқылы,
Хабар алар ғарыштан.
Сондықтан да оқуда
Үздік болғым келеді.
Басқалар да әрқашан,
Үздіктерге сенеді!
Достарым
Жақсылықты бөлісер,
Достарым көп менің де.
Адал болса барлығы
Сызат түспес сенімге.
Бәрін бірге жасаймыз
Ажырамай арамыз.
Бейбіт күнде ер жетер,
Біз бақытты баламыз.
Достарыма айтарым,
Мен сендерді сыйлаймын.
Жақсы көрем бәріңді,
Алыс кетсем қимаймын!
Ең-ең
Көп оқимын, жарыста
Сол арқылы ұтамын.
Қазақ әдебиеті —
Ең сүйікті кітабым!
Қыры шығып түп-түзу,
Үтіктелген бұйымым.
Мектеп форма мен үшін,
Ең сүйікті киімім!
Даласындай қазақтың,
Құшағы да кең екен,
Наурыз тойы әрқашан,
Ең сүйікті мерекем!
Болашақ
Мықты маман иесі боп,
Арманыма жол ашамын.
Тура жолмен жүрсем егер,
Айқын менің болашағым.
Ата-анам да, ұстаздар да
Көмектерін аямайды.
Мына қоғам жақсы болсаң,
Алақанда аялайды.
Мақсатым бар айқындалған,
Арманым көп әлі күнге.
Бұл өмірде бар тілегім,
Жолы болсын бәрінің де!
Менің қалам
Сан жылдарға созылған
Тарихы бар өшпеген.
Мақтан етем өзіңді
Туған қалам – Өскемен!
Мен өзіңде ер жетіп,
Бой түзеймін, ертең-ақ.
Туған жерім тамаша,
Табиғаты көркем-ақ.
Тепе-теңдік сақталған,
Келе жатсың нық басып.
Қос құрбыдай тату боп,
Ертіс, Үлбі жұптасып.
Өзендерді, тауларды
Бауырыңа басасың.
Шығысында елімнің,
Нұрдан шашу шашасың!
***
Күліп құшақ ашар алдан
Сеуіп арман дәнегін.
Өзім ойдан жасап алған
Осы – менің әлемім!