Бұл жолғы іскерлік жүздесу облыстағы денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты болды. Нақтырақ айтқанда, келелі кездесуде өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған ауқымды әрі аса маңызды жоба – жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы жайлы жан-жақты сөз болып, жүзеге асыру жолдары қарастырылды.
Қазақстан бизнесіндегі есімі балмұздақ өндірісі саласындағы өзіндік табысымен, алдыңғы қатардан алатын орнымен дараланатын елге белгілі кәсіпкер Андрей Шин Оңтүстік Кореядағы Hyundae Hospital ауруханасының басшысы, доктор Ким Бу Соппен өзара ынтымақтасты әріптестік орнатып, осы іскерлік қарым-қатынастың нәтижесінде «Шин-Лайн Хёндэ» жобасы дүниеге келіпті. Жаңа жобаны жүзеге асыру мақсатындағы өз ойлары мен жоспарларын Алматы облысының әкіміне жеткізген. Олар Марат Сұлтанғазиевтің командасы тарапынан қолдау тауып, соның арқасында өзара түсіністік жөніндегі келісім жасалыпты. Заманауи медициналық орталық Іле ауданындағы Байсерке ауылында 15 мың шаршы метр аумақта орналастырылмақ және 200 төсек-орыннан тұрмақ. Жалпы құны 72 миллион доллар болатын жоба 2027 жылы аяқталып, кардиология мен нейрохирургияны қоса алғандағы ауыр науқас түрлерін емдеудегі жетекші орынға ие болады деген үміт үлкен.
Доктор Ким атап өткендей, оның Қазақстанмен байланысы 2018 жылы қалыптаса бастапты. Сол жылы ол тегін медициналық көмек көрсету үшін алғаш рет Талдықорғанға барған. Содан бергі кезеңде біздің елдегі денсаулық сақтау саласында көптеген кеңес беріліп, оталар жасалған және 150-ден астам медицина маманы Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтіп келіпті. Соған сай ол өзінің осынау Қазақстандағы медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған ынтымақтастықты қарым-қатынасын одан ары дамытуға мүдделі екенін білдірді.
«Шин-Лайн» компаниясының қожайыны Андрей Шиннің айтуына қарағанда, жоба тек коммерциялық табыс табуды қарастырмайды, сонымен бірге әлеуметтік міндеттерді шешуге де барын-ша бейімдестірілген. Оның болжамынша, егер ойға алғандар орындалса, онда Байсеркедегі көпсалалы аурухана медицина саласы бойынша Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы білім және тәжірибе алмасатын тиімділігі жоғары орталыққа айналады. Жобаның аса маңызды мақсаты – жергілікті мамандардың білімін заман талабына сай жетілдіру болып саналмақ.
Жобаны жүзеге асыру барысында 400 жаңа жұмыс орны ашылып, 700 миллион доллар мөлшеріндегі экономикалық тиімділік қамтамасыз етіледі. Алматы облысының әкімі «Шин-Лайн Хёндэ» жобасы табысты халықаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналып, өңірге инвестиция тартуға жол ашатындығын айрықша атап өтті. Кездесу соңында «Шин-Лайн» және Hyundae Hospital арасында өзара түсіністік туралы келісім-ге қол қойылды.
Осылайша, алдағы кезде Байсерке ауылында Hyundae Shin-Line Hospital жаңа жоба бойынша заманауи емхана салынады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы