Арада үш аптаға жуық уақыт өтсе де, өкінішке қарай әлі күнге дейін қыздың денесі табылмай жатыр. Атыраулық құтқарушылар, сүңгуірлер үш аптадан бері іздестіру жұмыстарын үзбей отыр. Бірақ нәтиже жоқ.
«Маған енді ешкім де, ештеңе де көмектесе алмайды. Қазіргі бар арманым – баламды жерлеу және қанішерлердің қатаң жазалануына қол жеткізу», – дейді марқұм Яна Легкодимованың анасы Галина.
Небәрі 23 жасында кісі қолынан көз жұмған арудың өлімінің артында кімдер тұр? Марқұмның денесінің әлі күнге дейін табылмауына не себеп? Жұмбақ өлімге қатысты сұрақ көп. Атырау облысы Полиция департаменті, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтеріне сүйене отырып, біз жұмбақ өлімнің картинасын жасап шығаруға тырыстық.
Ресми деректер былай дейді. Марқұм Яна Легкодимова 18 қазан күні Атырау қаласының Авангард-2 шағынауданындағы үйінен шамамен сағат түнгі он шамасында шығып кетіп, қайта оралмаған. Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған факті бойынша «адам ұрлау туралы» және «кісі өлтіру туралы» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жақында Полиция департаменті Янаның өліміне қатысы бар деген күдікпен 24 және 25 жастағы екі адамның ұсталғанын хабарлады. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдіктілердің қылмыс кезінде қыздың денесін Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылы маңына апарып, Жайық өзеніне лақтырып жібергені анықталды. Өзге ақпараттар тергеу құпиялығына байланысты жарияланбай отыр.
Алайда қара жамылып отырған марқұмның анасы Галина атыраулықтардан, қоғам белсенділерінен және Атырау облысының әкімінен көмек сұрап, біраз мәліметтің бетін ашты.
Марқұмның анасы Галинаның айтуынша, Яна Батыс Қазақстан облысының Чапаев ауылында дүниеге келген. Бір үйдің жалғыз қызы, үкілеген үміті болған Яна мектепті үздік бітіріп, Атырауға жоғары оқу орнына грантқа түскен екен. Жалғыз қызының студенттік өмірге қадам басқанына әрі қуанып, әрі қобалжыған анасы осылайша, Атырауға Янамен бірге көшіп келеді. Яна жоғары оқу орнын абыроймен бітіріп, магистр дәрежесін алады. Кейін Атыраудағы Қазақ геологиялық барлау мұнай институтында жұмыс істейді. Жас та болса ғылымға үлкен қызығушылық танытқан Яна алға қарай оқуын жалғастыруды жоспарлап жүрген. Тіпті, көзі тірісінде бірнеше ғылыми жобаларды да қорғаған екен. Өкінішке қарай, қайғылы оқиға болатын күні марқұмның анасы қалада болмаған. Жұмыс бабымен іссапарда жүрген Галина қызының жоғалғаны туралы тек 19 қазан күні ғана білген.
«19 қазан күні қызыма хабарласа алмадым. Үйге келгенімде жарықтың өшпей тұрғаны таңдантты. Әрі Яна марқұм боларының алдында далаға сырт киімсіз шығып кеткен. Демек, ол көп ұзамай үйге қайта келуді ойлаған. Әшейінде қызым далаға шығарында міндетті түрде ұялы телефонының қуаттағышы мен құлаққабын ала шығады. Бұл жолы Яна барлық заттарын үйге тастап кеткен. Үйден қызымның күнделігін таптым. Онда Яна кіммен сөйлескенін жазып жүрген. Қазіргі уақытта күнделік те полицияның қолында. Істің анық-қанығы ашылып, қызымды өлтіргендердің ең ауыр жазаға тартылғанын тілеймін. Ал дәл қазір маған қызымның денесінің табылғаны керек, қызымды арулап жерлегім келеді», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғау басқармасының бастығы Бақыт Аблановтың айтуынша, іздеу жұмыстары полиция қызметкерлері ұсынған координаттар негізінде жалғасып жатыр.
«Біздің қолымызда полиция берген жедел деректер бар. Іздеу жұмыстары сол деректер негізінде жүргізілуде. Өзен үлкен әрі ағыс қатты болғандықтан, дененің нақты қай жерде жатқаны бізге де белгісіз болып отыр. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Сүңгуірлерден бөлек, тағы 12 адам жердің бетінде және жағалау бойында іздестіру жұмыстарына жұмылдырылып отыр. Полиция қызметкерлері, Ұлттық гвардия күштері де тартылды. Әзірге нәтиже жоқ. Бірақ біз денені бәрібір табамыз. Бұған дейінгі тәжірибемізде суға кеткен денені таппаған кез болған жоқ. Іздестіру жұмыстары оңай емес, дегенмен жұмыс тәулік бойы үзіліссіз жалғасуда», – деді спикер Бақыт Абланов.
Қазіргі уақытта «Не молчи» қоғамдық қоры марқұм Янаның анасына адвокат іздестіріп жатыр. Қордың мәліметінше, адвокат қылмыстық істің тергеу амалдарынан бастап, іс сотқа жеткенге дейінгі барлық процестерге қатысып, әділдік үшін күресетін болады.
«Қызымның арманы көп еді. Ол үшін ең басты орында оқу мен мансап тұрды. Оқуымды жалғастырып, жұмысымды реттеп алсам, отбасын құру туралы сосын да ойлануға болады дейтін. Менің қолымда қазір қызымның суреттері мен ұмытылмас естеліктер ғана қалды», – дейді марқұмның қара жамылған анасы Галина.
Ананы жалғызынан, елімізді талантты жас ғалымынан айырған күдіктілердің мұндай ауыр қылмысқа не үшін барғаны белгісіз. Адам өмірі мен денсаулығын ең қымбат байлыққа теңейтін елімізде қанқұйлы қылмыстардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады... Кешір бізді, Яна...
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы