Билік басындағылар жасөспірімдер арасындағы ажал құшу статистикасын бүркемелеуге тырысқанымен, кейбір жағдайларды жасыру мүмкін емес. Міне, сондай қайғылы оқиға жуырда Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды. Ал санаға салмақ салатындығы екі бірдей жасөспірімнің өз-өзіне қол салу себебін ешкім түсіндіріп бере алмауда.
Тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызған қайғылы оқиғаларды тарқатып айтсақ, 25 қазан күні Байзақ ауданы Түймекент ауылында 15 жасар жасөспірім көше басындағы мұнарадан асылған күйі табылады. Марқұмның мәйітін інісі көше бойында кетіп бара жатып көрген. Ал келесі күні дәл осы көшенің 16 жастағы оқушысы өзінің қорасында өлі күйі анықталған.
Өз-өзіне қол салған жастардың көршілерінің айтуынша, екі жігіт те көпбалалы отбасынан шыққан. Екеуі дос болып, Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебінде бір сыныпта білім алған. Алайда алғаш ажал құшқан жасөспірім Тараз қаласындағы Парасат колледжіне оқуға түсіп, оқуын облыс орталығында жалғастырыпты. Бірақ достар бір-бірімен байланысын үзбей, күнделікті көрісіп жүрген. Бірінші бала мұнарадан өлі күйі табылғанда екінші досы оның жаназасына да қатысқан. Досы көз жұмған күннің ертесіне екінші баланың да өз-өзіне қол салуға не түрткі болғанын ешкім түсіндіре алмауда. Бір анығы, суицидке бармас бұрын балалар достарына дауыстық хабарлама жіберген екен. Онда жасөспірімдер өздерін әлдекімнің күштеп алып бара жатқанын, көмек беруін сұраған көрінеді. Дауыстық хабарламаны естігендердің сөзіне сенсек, екі баланың да дауысы өз дауысына ұқсамапты. Бейне бір бойын жын билегендей үндері қарлығып, есі ауысқандай күйде болыпты. Қазір тергеу амалдарының құпиялығына байланысты барлық аудио жазбалар тәркіленіп отыр. Алайда алғашқы күні аудионы тыңдағандар әлі күнге бойын әлдебір қорқыныш пен үрей билеп тұрғанын айтады.
– Көз алдымызда жүрген балалар еді. Өте тәрбиелі, көпбалалы отбасынан шыққан. Ешқандай қиындық көрді дей алмаймын. Ақжарқын, тай құлындай бір-бірімен тебісіп өскен балалар болатын. Мектептегі сабағынан да қалмайтын. Ата-аналарына әрдайым жәрдемдесіп жүретін. Мұндай қадамға балаларды не итермелегенін түсіне алмаймын, – дейді марқұмдардың көршісі Дәулетқұл Молдабеков.
Ал тәртіп сақшылары тергеу амалдарына байланысты оқиғанын мән-жайын әлі ашып айтқан жоқ. Тек «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын баян етті.
«Аталған фактілер бойынша Байзақ аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Оқиғаның егжей-тегжейлі мән-жайын анықтау үшін қажетті кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Екі оқиғаның бір-бірімен байланысы жоқ, олар бір-біріне туыс емес», – деп мәлімдеді Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Ал Жамбыл облыстық Білім басқармасы қайғылы оқиғаны жіті тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын хабардар етті.
«2024 жылдың 25 қазан күні Байзақ ауданы Түймекент ауылының тұрғыны «Парасат» колледжінің 1-курс студенті және 26 қазан күні аталған елді мекеннің тұрғыны Ғ.Байтасов атындағы тірек мектебінің 11-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған.
Аталған екі факт бойынша оқыс оқиғалардың мән-жайын анықтау мақсатында облыстық деңгейде жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына Жамбыл облысының Білім басқармасы, Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл, облыстық прокуратура, облыстық Полиция департаменті, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, облыстық Психологиялық қолдау орталығының өкілдері кірді. Жалпы, жұмыс тобына 41 қызметкер жұмылдырылды.
Жұмысшы топ бірінші кезекте аталған отбасыларға барып, психологиялық қолдау көрсетті. Түймекент елді мекеніндегі орналасқан мектептердің ата-аналарына аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында мекен-жайларды аралау арқылы психологиялық алдын алу және кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметті ұйымдастыру жұмыстары зерделенді.
– Аталмыш оқиғаларға байланысты жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі парақшаларына қосымша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, күдік тудырған жазбалар бойынша талдау жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған фактілер бойынша ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды, – делінген ресми хабарламада.
Түймекенттіктердің айтуынша, бірінші бала өлі табылған мұнара жастар арасында кең танымал екен. Оның қоршалған аймағына кіру де оңай көрінеді. «Егер осы мұнараны дұрыстап қоршап қойса, жастар да бұл жерге үйір болмас еді», – дейді тұрғындар.
Қайғылы оқиғаларға байланысты қазір халық арасында түрлі болжам бар. Біреулер «балаларға бәлкім әлімжеттік көрсетілген шығар» десе, енді екіншілер «жасөспірімдердің бойын жын байлаған» деген пайым жасауда. Оған себеп те жоқ емес. Екі жігіттің араға күн салып өз-өзіне қол салуы былай тұрсын, көмек сұраған аудио жазбасы да сананы сан-саққа жүгіртуде. Сондай-ақ ел ішінде қаза болған баланың бірінің туысы да суицид жасап дүниеден өткені айтылуда. Енді оның ақ-қарасы тергеу амалдарынан кейін белгілі бола жатар.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы