«Ана ауыл су астында қалды» – Тасқын себебімен неге күресе алмай жүрміз?
«Ана ауыл су астында қалды» – Тасқын себебімен неге күресе алмай жүрміз?
Қыс бітіп, көктем исі шық­ты. Оңтүстік аймақтар егін егуге кірісіп кетсе, солтүстік, орталық, шығысқазақстан­дық­тар көкке сәуір-мамырда ғана жетеді. Ал қазір олардың «су тасқыны шайып кетпесе болды» деген бір ғана ойы бар. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» де­гендей, жылда осы суық сөз бойға үрей туғы­зып, ауылдық­тар елеңдеп отыр. Осындайда «Салдарын жоюға миллиард­тар бөлініп жатыр, дер уақы­тында себе­бімен неге күрес­пейміз?» деген ой туындайды.  

Баяғы жартас – бір жартас

Дәл он жыл бұрын наурыздың 11-нен 12-не қараған түні сал­ғырттық салдарынан бөгет жары­лып, Қызылағаш ауылы тасқын­ның астында қалған еді. Ауылдағы 460-тан астам үй жермен-жексен болса, 45 адам қаза тапты. Сол қаралы оқиғадан бері әр жыл сайын ана ауыл су астында қалды деген сөз қыр соңымыздан қалар емес. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысының тұрғындары су тасқынынан зардап шекті. Жауын-шашынның көп болуы сал­дарынан өзендердің суы арна­сынан асып кетті. Облыстың екі ауданына зиян келді. 2014 жылы қара судың қарқыны Қарағанды облысының Көкпекті ауылының жартысын шайып кетті. 2015 жылы су тасқынынан Бұқар жырау, Нұра аудандарында көпірлер құлады. 2017 жылы Ақмола облысы Ша­ғалалы ауылының 43 тұрғыны шұ­ғыл түрде қауіпсіз жерге кө­шірілді. 9 аула, оның ішінде 4 үй су астында қалды. Павлодар облысында темір­жол­ды су шайып кеті. Соның ке­сірінен төрт пойыз құрамы бағы­тын өзгертіп, Ресей аумағы арқылы айналма жолмен жүруге тура келді. Қарағанды облысында 31 наурызда Қарқаралы ауданында жолға жайылған судан өтпек болған УАЗ автокөлігін су шайып түсірген. 13 жо­лаушы мен жүргізушіден 11 адам ғана судан шыға алды. Үшеуі батып кетті. 2017 жылғы су тас­қыны салдарынан 9 700 уақытша бөгет орнатылып, 46 060 құм са­лынған қап қойылған. 635 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 7 адам қаза тапқан. 2018 жылғы көктемде Шығыс Қазақстан облысы Глубокое, Шемонаиха, Зырян ау­дан­дарында, сондай-ақ Семей және Өскемен қалаларында 1 400 тұрғын үйді су басып, 3 мыңнан ас­там адам қауіпсіз жерге кө­шірілген болатын. Ал 2019 жылы қардың тез еруіне байланысты Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра ауданындағы Шерубайнұра, Нұра, Құндызды өзені арнасынан асып, айналасына жайылды. Қызылқой ауылында 9 үйді су ба­сып қалған. Ресми дерек бойын­ша,16 адам эвакуацияланған. Бұл өткен жылдардағы дерек­тің бірсыпырасы ғана. Жылда қай­таланатын бұл оқиғалардың сабақ болмағаны өкінішті.  

Биыл да жағдай мәз емес

Төтенше жағдайлар коми­тетінің 1 наурыздағы мәліметі бо­йынша ауа райы жағдайына бай­ланысты 322 (30,9 %) елді мекенде (Батыс Қазақстан – 64, Ақмола – 45, Алматы – 41, Қостанай – 34, Шығыс Қазақстан – 31, Қызылорда, Ақтөбе – 26-дан, Атырау – 18, Солтүстік Қазақстан – 18, Қарағанды – 11, Павлодар – 3, Жамбыл мен Түркістан – 2-ден, Маңғыстау – 1), 675 автомобиль және 259 теміржол учаскелерін, 112 автомобиль және 45 теміржол көпірлерін су шаю қаупінің жоғары деңгейі сақталуда. – Су тасқынының ықтимал қиындауы жағдайына шұғыл ден қою мақсатында жалпы саны 61 мың адам және 17 мың бірлік техни­каны құрайтын ішкі істер органда­ры­ның (жеке құрамның 9 мың адамы және 1 мыңнан аса бірлік техника) және жергілікті атқарушы органдардың (52 мың адамы мен 16 мың бірлік техника) күштері мен қаражаттың арнайы топтары құрыл­ды, – дейді Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Барат Оспанұлы.  

Себебімен күресе алмай жүрміз

Ауылды жерде өскен әр адам сол жердің әр тасы мен сайын білетініндей, қандай тоған, өзен барын бес саусағындай біледі. Бұдан 20-30 жылдай бұрын ауыл тұрғындары қалың қарды үреймен емес, «Биыл егін, көкөніс, жеміс-жидек бітік шығады. Көк көп бо­лады» деп қуанышпен қабылдай­тын. Қар тоқтап, тоғандар мен өзен-көл, ауыл ішіндегі су ағар жыралар дер кезінде тазаланып, керек болса кеңейтілетін. Ал қазір болса қысқы қардан шошитын болдық. 2018 жылы Шығыс Қа­зақстан облысында көктемгі су тасқыны болғанда: «Ең алдымен қалыптасқан қолайсыз ауа райын есептемегенде, жауапты тұлғалар­дың өз лауазымдық міндеттерін ла­йықты орындамауы және нем­құрайдылық танытуы басты себеп болды. Жердің үстіңгі қабатындағы еріген суды қорғаныс құру арқылы ағызу, өзен арнасын, су ағызатын құбырларды, арықтарды, су сіңі­ретін жүйелерді тазалау жұмыстары жүргізілмей, арнайы техникалар алдын ала дайындалмаған. Еріген қар мен жаңбыр суын ағызу жүйелері мүлде жоқ немесе бұзыл­ған. Елді мекендердің маңында еріген қардың суын ағызу жұмыс­тары жүргізілмеген» деп облыс прокуратурасы себебін айтты. Сонымен бірге су тасқынының тағы да бір факторы – үй құрылысы кезінде жергілікті гидрология жағдайының ерекшеліктерін, су қорғау белдіктері мен аумақтары­ның ескерілмеуі, сондай-ақ ха­лықтың өз үйлерінің және аула­сын­дағы учаскелердің жағдайына жауапсыздықпен қарауынан да болып тұратыны анық. Өзен-көлдердің, ауыл ішіндегі су ағар жыралардың уақытылы тазалан­бауының салдары елді мекендерге залалын тигізетініне көз жет­кіземіз. Ал тоғандар болса жеке­мен­шікке өтіп кеткен, иелері тек жазды күні жағалауды жалға беріп, ақша табуды ғана көздейді. – Су кодексінің 124-бабына сәйкес су шаруашылығы ұйым­дары, су пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғалар елді мекен­дерді, өнеркәсіп объектілерін, ауыл шаруашылығы жерлерін, қорғалатын аумақтарды судың зиянды әсерінен қорғау жөніндегі алдын алу іс-шаралары мен ағым­дағы іс-шараларды жоспарлауға және жүргізуге міндетті, – дейді Барат Оспанұлы. Міне, біздегі жағдай осындай.    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ