Қазақстанға Шаньдун провинциясында өтеусіз 600 шаршы метрге дейін алаң беріледі

Аталған келісім Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Қытайға жұмыс сапарының нәтижелерінің бірі болды.

Қазақстанға Шаньдун провинциясының Циндао қаласында орналасқан «Қытай-ШЫҰ» өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастығының пилоттық аймағында өтеусіз негізде 250-ден 600 шаршы метрге дейінгі алаң берілетін болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталған келісім Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Қытайға жұмыс сапарының нәтижелерінің бірі болды. Сондай-ақ министр Шаққалиев бастаған делегация Шаньдун провинциясының губернаторы Чжоу Найсянмен кездесті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы – Қазақстан мен Шаньдун арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайту.

Шаньдун өңірін 100 миллионнан астам  халық мекендейді. Шаньдун Қытайдағы экономикасы әлдеқайда дамыған аймаққа жатады. Экономиканың негізін автомобиль, электроника, нефтехимия, металлургия және ауыл шаруашылығы салалары құрайды. Маңызды ауылшаруашылық өнімдеріне  бидай, жүгері және көкөніс кіреді.

Кездесу барысында сөз алған Шаньдун провинциясының губернаторы  Чжоу Найсян Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін айтты.

«Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан Шаньдунға экспорт көлемі 8 млрд юаньді құрады. Шаньдундық 45 компания Қазақстанға 2 млрд юань көлемінде инвестиция құйды. Министр мырза сіздің бұл сапарыңыз Қазақстан мен Шаньдун провинциясы арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін береді деп сенемін», – деді ол.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Шаньдун губернаторының ыстық ықыласына ризашылығын білдіре отырып, екі ел Президенттерінің алға қойған тапсырмасына тоқталды.

«Қазақстан мен Қытай – мәңгілікке стратегиялық әріптес. Біздің қарым-қатынасымызда жаңа алтын 30 жылдықты аштық. Өткен жылдың қортындысы бойынша, Қытай Қазақстанның нөмірі бірінші сауда әріптесі болды. Екі ел арасындағы тауар айналымы 41 млрд АҚШ долларын құрады. Екі елдің көшбасшылары тауарайналымын 80 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу мақсатын қойды. Біз үшін экономикасы қарқынды дамып жатқан Шаньдун провинциясы  үлкен қызығушылық тудырып отыр», – деді министр.

Одан әрі қазақстандық делегация Шаньдун провинциясының  Shandong Hi-Speed Group, Shandong Energy Group, G-WEIKE, Lingong Heavy Machinery, Tsingtao  сияқты жетекші компанияларында болды. Аталған компаниялардың өндірістік қуаттарымен танысып, тау-кен және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады.

 Tsingtao Beer Group  компаниясымен ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу мәселесі талқыланды. Сонымен қатар шиікзаттық емес экспортты ілгерілету мақсатында Семейдегі сыра зауытын  қайта жандандыру мәселесі сөз болды. Осы зауыттан шыққан өнім Қазақстан нарығын ғана емес, Орталық Азия және ЕАЭО кіретін елдерді де қамтуға мүмкіндік береді.

Шаньдун – Қытайдағы көлік жүйесі дамыған өңір. Провинция Бейжің, Шанхай және тағы басқа қалалармен  жоғары жылдамдықтағы теміржолдарымен байланысады. Әлемдік нарықтарға экспорттық өнімдерді жіберіп отырған Циндао мен Яньтае порттары халықаралық саудада маңызды рөл ойнайды.

Ал Цзинань қаласының мэрі Юй Хайтенмен кездесу барысында жоғары жылдамдықты теміржол бағыты және өнеркәсіптік кооперация, жасыл энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.