Еркін бәсекелестік қалыптасады

Елімізде импортты алмастыру және бәсекелестікті арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша пәрменді шаралар қабылданып келеді.

АӨК-ті жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өсіп, субсидиялау жүйесі реформалануда, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі мен лизингі көлемі артып келеді. Мұның барлығы өз нәтижесін беріп, Қазақ­стан бүгінде ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге күш салып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыруға ұмтылуда.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) деректері бойынша елімізде жыл басынан бері астық экспортының өсуі тіркелді, бұл ретте жаңа тасымалдау бағыттары игерілуде. Атап айтқанда, арпа, жасымық және жүгері тасымалы бірнеше есеге артқаны байқалады.

«Қазақстандық арпаны Иран соңғы екі айда сегіз есе өсіммен қайта импорттай бастады. 10 айда арпа экспорттық тасымалы 710 мың тоннаны құрап, 69%-ға өсті», – деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі. 

Жүгері дәнінің экспорты биыл 1,5 есе өсіп, 117 мың тоннаны құрады. Тәжікстан­ға тасымалдау 38%-ға, Өзбекстанға тасымалдау 3 еседен астамға өсті. Сондай-ақ биыл Иранға жүгері дәнін тасымалдау басталды. Жасымық экспорты 7 есеге ар­тып, 80 мың тоннаға жетті, басым бөлігі Еу­ропа елдеріне жіберілді.

ҚТЖ мәліметінше, бұршақ тасымалы үш есеге артты. Қазақстаннан Ауғанстанға импорт көлемі екі есе, Өзбекстанға үш есе өсті. Сондай-ақ күріш өндірушілер Әзербайжан мен Беларусь жаңа нарықтарын игеру арқылы экспортты +47%-ға (52 мың тонна) арттырды.

Сонымен қатар 2024-2025 маркетинг жылында Қазақстан Қытайға май өнімдерін экспорттау бойынша рекорд жаңартып, 250$ млн көрсеткішіне жеткізуді көз­­деп отыр.