АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео елімізге 1 ақпанда күн бата келіп, ертесіне ел басшылығымен жылдам жүздесіп, сол күні-ақ Өзбекстанға ұшып кетті. Ол бұған дейін Украина, Беларусь басшыларымен жолыққан еді. Сонымен, АҚШ-тың сыртқы саясатына жауапты тұлғаның бұл сапарының түпкі мақсаты не еді?
М.Помпео алдымен Украинаға бас сұқты. Дәл қазір бұл ел АҚШ үшін ерекше маңызды. Оған екі себеп бар. Біріншісі, Ресей Украина құрамындағы Қырымды аннексиялаған соң Вашингтон Мәскеуге қарсы экономикалық санкцияларын 2014 жылдан бері салып келеді. Биыл ол шаралар қатаңдай түсті. Екіншісі,
АҚШ Конгресі Д.Трампқа импичмент жариялауды көздеп отыр. Себеп – Америка президенті Украинадағы әріптесі В.Зеленскийге Джо Байденнің баласына қатысты қылмыстық іс ашпасаң, көмек бермеймін деп қоқан-лоқы көрсеткен. Ал Байден биылғы президент сайлауында Трампқа бас қарсылас болмақ. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео осы мәселелерді реттеуге келгендей.
Бұдан кейін жолын Беларусьқа бұрды. Дәл қазір Беларусь пен Ресей арасы нашарлап тұр. Ресей өз мұнайын көршісіне жеңілдетілген бағамен бергісі жоқ. Ал Минск «одақтас бола тұра арзан мұнаймен жарылқамадың» деп өкпелі. «Еуропаның соңғы диктаторы» деген лақап атына қарамай Помпео Лукашенкомен кездесіп, «біз сіздерді 100 пайыз мұнаймен қамтамасыз ете аламыз» деп көңілін көтеріп кетті. Яғни, Ресейдің екі көршісіне келіп, АҚШ алыста емес екенін естеріне салып қойды.
Қос елден соң Майк Помпео ұшақ басын Қазақстанға бұрды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жолықты. Ал баспасөз конференциясы барысында Қытайдың мұсылман жұртына арнап салған «қайта тәрбиелеу лагерьлерін» сынап, адам құқықтарының сақталуына тағы назар аударды. Бұдан бөлек, М.Помпео туыстары сол лагерьлерде қалған қазақтармен де жолықты.
Әрине, бұл тақырып тегін көтерілмеді. Бүгін АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай «жылымай» тұр. Жақында ғана сауда соғысына нүкте қойылғандай болды. Алайда әлемдік көшбасшылыққа талас тоқтаған жоқ. Сондықтан Вашингтон Қытайдың әлсіз тұсының барлығын пайдаланбақ. Соның бірі – аталған лагерьлер. Онда негізінен Шыңжаң аймағындағы ұйғырлар мен қазақтар ұсталғаны белгілі. М.Помпео осы жайттардың барлығын ескере отырып, журналистермен кездесу барысында лагерь мәселесін арнайы мақсатпен көтерді. Яғни, Қытайға тағы да бір рет ақпараттық соққы жасап, Орталық Азиядағы жақтастар қатарын көбейткісі келген болар. Себебі бұрын АҚШ-тың орталық барлау қызметін басқарған М.Помпео осы өңірдегі синофобияның деңгейі жайлы хабардар шығар. Барлау да, елшілік те ақпаратты жеткізетіні анық.
Мемлекеттік хатшы 2 ақпан күні-ақ Өзбекстанға табан тіреді. Мақсаты – С5+1 форматындағы Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері қатысуымен өтетін саммитте сөз сөйлеп, келіссөз жүргізу. Бұл не жиын? С5+1 – экс-президент Барак Обама әкімшілігінің Орталық Азия аймағына қатысты саясатының концепциясы (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстанмен және АҚШ).