«Драматургия» номинациясы: Махаббат хикаялары

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Жасын

Махаббат хикаялары

Мелодрама

 Кейіпкерлер:

Бейтаныс-1

Бейтаныс-2

Нәдия

Біржан     

Алтынай

Райым

Толғанай

Мирас

БІРІНШІ КӨРІНІС

Сахна шымылдығы жабық. Авансценада Бейтаныс-1 басын салбыратып отыр.

Бейтаныс-1. Махаббатпен жаралған адам баласының бойында махаббаттың қалдығы да қалмаған сияқты. Өзінің түбін ұмытты. Бұл жерде махаббат жоқ.

Шымылдық ашылады. Жер мен көктің арасы. Найзағай ойнап, дауыл соғып, жаңбыр жауып жатыр. Табиғи құбылыстармен бірге әртүрлі жаратылыстар да толқып, билеп, аласұрып жүр. Хор. Бейтаныс-1 олармен жағаласып сөйлеп жатыр.

Бейтаныс-1.  Бұл жерде махаббат жоқ. Тек сауда бар. Бәрінің бір есебі тұрады, бағасы тұрады. Айналаның бәрі, жандысы да, жансызы да тауарға, яки сол тауарды тұтынушыға айналған. Сондықтан бұл әлемде сауда қарқынды дамыған. Не көп, сауда орталықтары көп. Адамдар көңіл көтеру үшін сүйіктісімен, яки отбасымен сол жаққа барады. Оның ішін сондай қолайлы етіп жасаған. Мәңгі көктем. Аптасына жеті күн, жиырма төрт сағат тоқтаусыз қызмет етеді. Тропикалық ағаштар, өсімдіктер жайқалып тұрады, сарқылмайтын су бұрқақ тұтынушыларға әдемі леп сыйлайды, қысы жазы мұз айдынында сырғанауға болады, киім кешектен, әшекей, электроника, техника, косметика, құрылыс заттары дейсің бе, бәрі бар. Оның сыртында небір ойын сауық аппараттары, кинотеатр бар. Кішкентай балалар ойнайтын бөлмелер, үлкендердің қызығушылығына сай келетін ойындар... Тамақтың түр түрі. Ащысы бар, тәттісі бар, әр ұлттың ұлттық асханасы бар. Әр алуан сусын. Газсызы бар, газдалғаны бар, алкогольдісі бар, алкогольсізі бар. Тіптен қарапайым қара судың өзінің әр түрлі мемлекеттен келген, әр түрлі компания өндіретін түрі бар. Ал адам солардың бәріне қарап жүріп, тұтынатын көп тауардың ішінде жүріп мас болады. Бақыттан басы айналады. Рахат! Әдемі қызылды жасылды жылтыраған фонда, әдемілеп жарық беріп, жарқыратып қойған керемет тауарды иемденгісі келеді. Сатып алғысы келеді. Ол айлап жылдап жұмыс істеп шаршап жүрсе де, сауда орталығының ішіне кірген кезде бойын билеп алатын рахатқа алданады. Өмірді бекер сүріп жүрмегеніне көзі жеткендей болады. Тіптен түн демей күн демей, үй көрмей жұмыс істегенінің өзі сол бір бақытқа лайықты деп ойлайды. Сондықтан да ол бірдеңе тұтынғысы келеді. сатып алғысы келеді. Өзін бақытты сезінгісі келеді. Оның өміріне осы зат керек деп ойлайды. Шын бақытты болу үшін сол бір зат қана жетпей жүр деп санайды.  Дәл сол уақытта оның төлейтін қаржысы болмауы мүмкін, бірақ оған саудагер: «Сіз бірнеше айға бөліп төлесеңіз болады» дейді. Тұтынушы үшін барлық жағдай жасалған. Солайша ол бір затты сатып алады. Бәрімен есеп айырыстым деп ойлайды. Бірақ сатып алған брендті тауары жай ғана зат емес екенін ол білмейді. Ол тауардың кәдімгі магиялық құдіреті бар екенін ескермейді. Бренд тауардың басқа да ағайындас, туысқан заттары бар екенін, болашақта олар да біртіндеп адамның үйіне келетінін тұтынушы ескермейді. Сол тауарға таңдауы түскені де, оны сатып алуы да кездейсоқтық емес екенін түсінбейді. Оның бәрі санасына сіңіп кеткен жылдар бойғы жарнаманың әсері. Сөйте тұра, ол әрбір тауарды сатып алған сайын, тұтынған сайын өзін бақытты сезінеді. Міне солайша, бұл қоғам саудагерлер мен тұтынушыларға айналып кетті.

Ал саудагерлер мен тұтынушылар махаббатты брендке айналдырып жіберген. Махаббаттың не екені жайлы кітаптар жазылған, фильмдер түсірілген, спектакльдер қойған, ән жазған, әнге бейнебаян түсірген... «Онсыз көрген күнің күн емес, сүрген өмірің бекер» деген ұранды барлық адамның миына ғасырлар бойы сіңірген. Енді кез келген адам махаббат брендін иемденгісі келеді. Олар бәрін иемденіп, сатып алып, тұтынып үйреніп қалған ғой, тура солай олар махаббатты да тауар деп санайды. Олар бір бірін қалай таңдайтынын білесіз бе? «Кімде кім маған көптеген тауарлар алып беріп, көп нәрсені тұтындырса, мен сол адамның жанында боламын» деген айтылмайтын келісімшартқа отырады. Келісімшарттың мынадай жасырын пунктері болады: түр әлпеті, дене пішімі оның инстинкті сезімдерін оята алуы керек, әрі үнемі әдемі болу керек және оған дұрыс, уақытылы, тоқтаусыз қызмет ету керек, үнемі оның айтқанын тыңдауы керек. Кей адамдардың пунктері мынадай: өзінің әр уақытта өзгеріп тұратын келбеті мен дене пішіміне, талғамыма байланысты оны қанағаттандыратын тауарларды алып беріп тұруы керек. Шын мәнісінде, екеуі де саудагер, екеуі де тұтынушы. Әркім өзін бағалауы мен қалауына байланысты лайықты тұтынушыларын табады. Ең сорақысы, олар соны махаббат деп айтады. Ал ол ешқандай да махаббат емес. Мысалы үлкен бір компанияның сапалы бір тауары бар деп алайық. Оригинал. Бірақ содан бағасы арзан, түпнұсқадан аумайтын көшірме тауарлар болады. Меніңше, адамдардың қазіргі махаббат деп жүргені адамдар жазған, адамдар түсірген, адамдар ойнаған фильмдерге ұқсағысы келген бейшара көшірме ғана. Олар жанындағы әйелін, күйеуін, жігіті мен қызының арасындағы қарым қатынасты махаббат деп ойлайды. Өздерін солай жұбатады да... Бұл қоғам сауда мен тұтынудың ошағында қайнап жатқанын түсінбейді. Бұлар мас және сауыққылары келмейді, өйткені бұлардың қалауы ешқашан бітпейді. Қалаулары көбейген сайын, оларды қанағаттандыру үшін тауар көбейе бермек, көбейе бермек, бірақ күндердің күнінде бұл қоғам қоқыстың астында қалатынын түсінбейді. Тұтынушы қоғам түптің түбінде өзі де қоқысқа айналады. Ал ол процес қазірдің өзі іске асып жатыр. Мысалы, сымбатты сұлу адамдар өзінің түрін саудалап, тауар сатады. Сол тауарды жарнамалайды. Өзінің артынан мыңдаған, миллиондаған тұтынушыларды шақырады. Жүзін сатқан былай тұрсын, өзінің ұяты бар екенін, иманы бар екенін айтып, сауда жасайтындар бар. Өзінің сондай ақымақ, әпенді, күлкілі екенін көрсетіп, жарнама жасайтындар да жетерлік. Бұлар Құдайға өздерінің күнәларын саудалайды... Ал ондай қоғамда махаббат, шын махаббат бар дегенге сенбеймін. Сене алмаймын!

Бәрі бір сәтке тынышталады. Жарық өшеді. Көктен Бейтаныс-2 түседі. Бейтаныс-2 Бейтаныс-1 дің жанына келеді. 

Бейтаныс-2. Бұйрық. Бізге махаббатты алып кету керек.

Бейтаныс-1. Біз оны таппаймыз ау. Іздеп әуре болудың қажеті жоқ сияқты.

Бейтаныс-2. Бар. Жүректің түкпірінде тығылып жатыр.

Бейтаныс-1. Сенбеймін. Бірақ сіз махаббаттың бар екеніне сенімді болсаңыз, Сізбен бірге іздеуге дайынмын. Қайткенмен де, бұйрықтың аты, бұйрық. Бірақ егерде, мен айтқандай, махаббат бұл жерде жоқ болып шықса, қатты қапаланбаңыз.

Бейтаныс-2 мен Бейтаныс-1 сахнадан шығып кетеді. Сахнаға Нәдия мен Біржан шығады. Нәдияның қолында бір құшақ гүл. Біржан үстіне пальто киген. Нәдия ыңғайсызданып келеді.

БІРЖАН. Бірдеңе сұрайыншы. Туған күніңде неге маған келмей ақ қой дедің?

НӘДИЯ. Енді... өңшең қыздар отырған соң... Бір шетінен ұяламын.

БІРЖАН. Сыртқа өзің шығып кет, құттықтап қайтамын десем де, «жо жоқ келмей ақ қой» дегеніңде бір түрлі болып қалдым.

НӘДИЯ. Сені әуре болмасын дегенім ғой. (пауза) Жан? Ренжіп қалдың ба?

БІРЖАН. Жоқ. Ренжімеймін ғой. Бірақ неге екенін түсінбедім.

Нәдия тоқтайды. Біржан да жүріп барып, тоқтайды.

НӘДИЯ. Күдіктеніп тұрсың ба?

БІРЖАН. Жоқ... Жоқ, о не дегенің. Бірақ, шыныңды айтшы, «келме» дегеніңнің нақты себебі не? Онда тұрған не бар? Барамын да, гүліңді беріп, құттықтап кетер едім. Тіптен, қысыламын десең, сыртқа бір минутқа шығу қиын да емес қой. Бірақ сен қайта қайта «келме, келме» дей бердің. Ол жақта кімдер болды соншама? Қай құрбыларың ол? Әлия ме, Жансая ма, Гүлім бе? Олар мені таниды ғой. Жүретінімізді біледі. Ұялатын несі бар?

НӘДИЯ. Шынымды айтайын ба? Қатты білгің келіп тұр ма?

БІРЖАН. Иә! Қатты білгім келеді!

НӘДИЯ. Әпкелерім болды.

БІРЖАН. Маржан мен Самал ма?

НӘДИЯ. Иә. Екеуі болды. Сол үшін сенің келгеніңді қаламадым.

БІРЖАН. Ол екеуі мені көрсе, не, ашулана ма?

НӘДИЯ. Қояйықшы, жан. Ұрысып қаламыз.

БІРЖАН. Жарайды ал, қояйық, сенің туған күнің болмады деп санайық, мені құрбыларың мен әпкелеріңе көрсетуден ұялатыныңды жылы жауып қоя салайық та, өтіріктен бақытты боп кетейік. Сен мені қор санайтыныңды білмеген болайын, сен білдірмеген бол, жалған жымиып, табиғатқа тамсанып тұрайық. Қарашы, ай туыпты. Жұлдыздар жымыңдап тұр. Біз сондай «бақыттымыз»!

НӘДИЯ. (ашуланып) Иә, сені көрсе, маған ұрсады. Өйткені сені ұнатпайды.

Үнсіздік. Біржан ыңғайсызданып, не істерін білмей, күрсіне береді. Жөтелген болады. Аспанға бір, жан жағына бір қарайды.

БІРЖАН. Күн суытып кетті, иә?

НӘДИЯ. Бірақ мен сені жақсы көремін, жаным.

БІРЖАН. Қарашы ай туыпты.

НӘДИЯ. Жан? Жан деймін? Мен сені жақсы көремін.

БІРЖАН. Жатақханаға кір жүр, жаурайсың.

НӘДИЯ. Жан?

БІРЖАН. Жүр кеттік, сені кіргізіп жіберейін.

НӘДИЯ. Біржан?

БІРЖАН. Ау?

НӘДИЯ. Сен маған сенесің бе?

Үнсіздік. Біржан Нәдияны құшақтайды да, құлақ түбіне сыбырлайды.

БІРЖАН. Неден қателескенімді айтшы, жаным. Әдепсіз бірдеңе жасадым ба? Біреуді ренжіттім бе?

НӘДИЯ. Жоқ, жан, олай емес.

БІРЖАН. Жоқ, түрім нашар ма?

НӘДИЯ. Қойшы, жан, олай демеші.

БІРЖАН. Мені не үшін ұнатпайды? Не істедім? Әпкелерің мені өмірінде көрмеген ғой. Қалай бейтаныс адамды ұнатпауға болады. Әлде сен бірдеңе дедің бе?

НӘДИЯ. Неге маған сенбейсің?

Жыламсырайды. Біржан оны қатты құшақтайды.

БІРЖАН. Жыламашы, жаным.

НӘДИЯ. Ол туралы ұмытайықшы. Маған қарашы. Мені сүйесің бе? (Біржан бетінен сүйеді) Мен де сені сүйемін. Болды емес пе? Басқаның не керегі бар, Біржан?

Нәдия егіліп жылайды. Біржан оның маңдайынан иіскеп, шашынан сипайды.

БІРЖАН. Кешірші, жаным... Кешір... (пауза) Бургер жейсің бе? Жүрші.

Нәдия көз жасын сүртіп, оның құшағынан ақырын шығады. Екеуі қол ұстасып тұр.

НӘДИЯ. Жатақхана жабылып қалады ғой.

БІРЖАН. Әлгі апай отыр ма?

НӘДИЯ. Жоқ, басқа, жаңадан келген бір кісі.

БІРЖАН. Бірдеңесі болады. Кіргізіп жіберемін. Жүрші, бірге отырайықшы.

НӘДИЯ. Жан? Давай, бүгін емес.

БІРЖАН. Неге? Неге айтшы?

НӘДИЯ. Кіргізбей қояды.

БІРЖАН. Кіргізеді. Кіргізбесе, таңға дейін кафеде отырамыз, жаным. Жүрші.

НӘДИЯ. Ертең сабақ қой.

БІРЖАН. «Сенімен ешқайда барғым келмейді» деп ашып айтшы.

НӘДИЯ. Барғым келеді ғой, жан, просто...

БІРЖАН. Все не просто, дорогая. Все не просто. Сен просто барғың келмейді.

НӘДИЯ. Неге мен туралы ойың жаман? Айтшы осы?

БІРЖАН. Не ойлауым керек? Әпкелерің мені ұнатпайды екен, сен солардан қысылғаннан мені шақырмадың. Олар саған не деп ақыл айтқанын қайдам, бірақ бұрын кетпеші деп тұратын Нәдия енді менімен ешқайда бара алмайтын болыпты. Осыдан кейін не ойлауым керек?

НӘДИЯ. Тағы бастадың ба? Бұл әңгімені қозғамайықшы деп келістік қой. Неге менің жыныма тие бересің. Әдейі істейсің бе?

БІРЖАН. Мен өзімнің жағымсыздығыммен қоймай, сенің жыныңа тиетін болғанмын ба?

НӘДИЯ. (күрсінеді). Иә, Біржан. Иә. Жыныма тиесің.

БІРЖАН. Жарайды. Дала суып кетті. Жатақханаға кір, жаурайсың.

НӘДИЯ. Мен сен үшін әпкелеріммен ренжісіп, сен үшін күресіп жүргенде, сен маған осылай ауыр сөз айтасың, сондықтан саған жыным келеді. Ақымақсың.

Пауза. Біржан оны барып қайтадан құшақтамақ болғанда, Нәдия оның құшағынан сытылып шығады.

НӘДИЯ. «Не үйі жоқ, не көлігі жоқ, не нормально университетте оқымайтын жігітті неғыласың?» деп әпкелерім тиіскенде, мен сені сүйемін деп айтамын. «Өзің сүйгенге емес, өзіңді сүйгенге бар. Махаббат деген тұрмысқа шыққан соң, қалады» дейді олар. «Біржан екеуімізде ешқашан олай болмайды. Өйткені екеуіміз де бір бірімізді жақсы көреміз» деймін. Сен соны түсінесің бе, ақымақ? 

Үнсіздік.

БІРЖАН. Менікі қате болды... Жаным? Кешірші, а?! Келші. Келші!

Біржан оны құшақтайды.

НӘДИЯ. Мені жылатудан басқа бірдеңе білесің бе? Неге біз бақытты болып жүрмейміз, а? Неге бәрін қиындата бересің, Біржан? Бір бірімізді жақсы көрсек, болды емес пе? Басқа не керек? Айтшы? Айтшы деймін?

БІРЖАН. Ештеңе керек емес, жаным. Ештеңе... Ешкім де.

Нәдия көз жасын сүртеді.

НӘДИЯ. Қазір жатақхана жабылады.

БІРЖАН. Кіре ғой жаным, жаурап қалдың.

Үнсіздік.

НӘДИЯ. Сенің жаныңда кішкене тұра тұрайыншы.

БІРЖАН. Жаным сол. Алтыным. Айым!

Біржан пальтосын шешіп, оның үстіне жабады.

НӘДИЯ. Мұздайсың ғой, қазір. Өзің ки.

БІРЖАН. Жоқ. Сен жаурамасаң болды маған.

НӘДИЯ. (күлімсірейді). Мені жақсы көресің бе?

БІРЖАН. Өлердей жақсы көремін.

Нәдия пальтоның қалтасына қолын салып тұрып, ішінен кішкене қорапша тауып алады. Алып шығады.

НӘДИЯ. Мынау не?

БІРЖАН. Саған. Туған күніңе.

НӘДИЯ. Ууу! Шын ба?

Нәдия қорапшаны ашады да, ішінен алтын сырға алады.

НӘДИЯ. Жындысың ба сен?

БІРЖАН. Иә.

НӘДИЯ. Алтын алғансың ба? Қымбат қой. Ақымақ! Қандай ақшаға алдың?

БІРЖАН. Алдық қой енді.

НӘДИЯ. Мен мынаны қабыл ала алмаймын.

БІРЖАН. неге?

НӘДИЯ. Қымбат қой бұл.

БІРЖАН. Қойшы, жаным, сен бриллиантқа лайықсың. Әзірге шамам келгені осы.

НӘДИЯ. Ақымақсың бар ғой ше! Күшті екен! Ұнап тұр. Бірақ қайтіп алам мен мұны?

БІРЖАН. Қайтіп алғаны несі? Кәдімгідей.

НӘДИЯ. Ала алмаймын, жан. Бұл деген үлкен сыйлық қой. Сен алтын береді деп ойламадым. Қандай ақшаға алдың?

БІРЖАН. Сені түсінбей тұрмын. Қандай ақшаға алғаны несі? Ақша таптым да алдым, енді ондай бір бейшара емес шығармын, көлігім мен үйім болмаса да.

НӘДИЯ. Жоқ, жан, сен студентсің ғой, бұл қымбат қой деп жатырмын.

БІРЖАН. Иә студентпін, онша емес университетте оқитын шығармын, бірақ алдым.

НӘДИЯ. Түу, қойшы енді жан, мен ондай мағынада айтпадым ғой.

БІРЖАН. Жоқ, біртүрлі сұрақтар қоясың.

НӘДИЯ. Қазір тағы ұрсысып қаламыз.

Үнсіздік.

БІРЖАН. Ұнамай тұр ма?

НӘДИЯ. Жоқ, ұнады.

БІРЖАН. Шыныңды айтшы.

НӘДИЯ. Ұнады деймін.

БІРЖАН. Алғың келмей ме?

НӘДИЯ. Келеді, бірақ сені әурелеп қойған сияқты өзімді ыңғайсыз сезінемін.

БІРЖАН. Бірақ дегенді айтпа. Аласың, болды.

НӘДИЯ. Алмасам, ренжисің бе?

БІРЖАН. Ренжимін.

Нәдия сырғаны алып, қалтасына салады.

НӘДИЯ. Сен әпкелерімнің сөзіне ренжімеші. Айтпай ақ қойғаным дұрыс еді. (пауза) Олар екеуі де махаббатпен тұрмысқа шыққан. Жезделерім қарапайым кісілер. Содан ба, білмеймін ғой, әйтеуір екеуі маған ақыл айта береді. «Тұрмыс жеп тастайды, өкінесің» дей береді. Олар да менің қамымды ойлап жүр ғой. Самал әпкемнің бір досы бар еді, сол мені сырттай жақсы көреді екен. Америкада оқып келген екен. Соған үгіттеп жүр екеуі екі жақтап. Басым қатып кетті.

БІРЖАН. Сол жігіт сенің туған күніңде болды ғой, айтшы? Рас па? Мен бармаған туған күніңе соны шақырдың ғой, иә? Сол үшін маған келме дедің бе?

НӘДИЯ. (пальтоны шешіп, Біржанның иығына жабады). Мен шешім қабылдап қойдым, жан.

БІРЖАН. (жалына) Жаным айтшы.

НӘДИЯ. Ең бастысы бір бірімізді жақсы көрсек болды емес пе, жан?!

БІРЖАН. Жүрші менімен. Қазір алып қашамын. Дәл қазір менімен жүрші. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Сені ешқашан жылатпаймын. Біз бақытты боламыз, Нәдия! Жүрші менімен!

НӘДИЯ. Жаурайсың, жан, үйіңе қайт. Мен кірейін. Қазір жабылады.

БІРЖАН. Нәдия?

Нәдия оны қапсыра құшақтап алады.

НӘДИЯ. Сенің жанында бәрін ұмытып кетемін, жан... Бәрін. Сау бол!

Нәдия теріс айналып, кете барады. Сәл жүрген соң, көзін сүртіп, жүгіре жөнеледі. Аңырайып, еңсесі түсіп кеткен Біржан пальтосының қалтасына қолын салады да, қорапшаны алады. Жылай алмай, есеңгіреп, тұрып қалады. Сахнадан шығады.

Ән айтылады.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сахнада екі кісіге дастархан жайылған. Құстардың сайраған дыбыстары естіледі. Дастарханда шарап, салат, тамақ бар. Сахнаға Алтынай мен Райым шығады. Райым құрмет көрсетіп, Алтынайды орындыққа отырғызады.

АЛТЫНАЙ. Уау! Қандай күшті! (Райым жымияды). Осы жерде ме еді, сен маған ұсыныс жасаған? (Райым басын изейді) Мен түсінбей тұрмын да... Бүгін қандай мереке еді? Біз жүріп бастаған күн бе еді, әлде үйленген бе? Ұзатылған күнім бе? Жоқ, ол қыркүйекте сияқты еді. Некені содан кейін қидық. Сен қашан сөз салып едің? Мә, уже ұмытып қалыппын ғой. (күледі). Енді есіме түсіре алмай жатсам, айып етпеңіз, құрметті күйеуім. Сіздің «тентек» екі ұлыңызға қараймын деп, менде ес те қалмапты. Кешіріммен қарайсыз деп үміттенемін.

РАЙЫМ. (ыңғайсыздана жымияды). Жоқ, бүгін ешқандай да айтулы күн емес. Жай... өзіміз отырсақ дегенмін.

АЛТЫНАЙ. Неге екі машинамен келдік? Водительіңді күттірмей ақ, қайтара берсеңші. Әлде шарап ішесің бе?

РАЙЫМ. Жоқ, ішпеймін, рөлдемін ғой.

АЛТЫНАЙ. Онда водитель қайта берсін де...

РАЙЫМ. Давай, жаным, оған басыңды қатырмашы. Отыра берсін.

АЛТЫНАЙ. Жарайды. (пауза). Сонымен? Жай дедің, иә? (қулана күледі). Жай емес сияқты. Бүгін керемет түн өткізгің келетін сияқты. (ұяла, бетін жабады; Райым жымияды). Осылай шақырып тұрсаңшы. Аптасына екі рет. (қалжыңдайды) Көңілім босап кетті ғой. Мен байғұстың бала шағадан қолым тимейді.

РАЙЫМ. Балалардың жанында жүрген күшті емес пе?

АЛТЫНАЙ. Күшті ғой, жаным. Қалжыңдап жатырмын. Ең бастысы сенің бизнесің өркендей берсін, ал біз қызығын көре берейік. (күледі). Бірақ кейде сен бізге тым аз уақыт бөлесің, соған жыным келеді. Сосын, ол сен үшін сондай маңызды екенін ойлаймын да, қоямын.

РАЙЫМ. Імм...

АЛТЫНАЙ. Ау?

РАЙЫМ. Жай...

АЛТЫНАЙ. (күле) Мә, мен сөйлеп жатырмын, сөйлеп жатырмын, ал сен басқа бірдеңе ойлап отырсың ба?

РАЙЫМ. Жоқ, жаным, бәрі дұрыс.

АЛТЫНАЙ. (қалжыңдай) Бәрі дұрыс? Жолдас бизнесмен, мен сізге жұмыс бабымен сөйлеп тұрған жоқпын.

РАЙЫМ. (жымияды). Жай бірдеңе ойлап кетіппін.

АЛТЫНАЙ. (салмақты) Проблема болып жатыр ма?

РАЙЫМ. Кішігірім.

АЛТЫНАЙ. Сен бәрін жеңіп шығасың, жаным, уайымдама! Сен Қазақстандағы бизнестің королі боласың. Оған сенің ақылың да, білімің де жетеді. Кез келген адаммен диалог жүргізе алатын қасиетің, аналитикалық қабілетің сені кез келген проблемадан алып шығады. Өйткені сен мемлекеттен ақша алып, сыбайластықпен бизнес жүргізген жоқсың, арың таза. Біздегі көп бизнесмендер секілді ескіше ойламайсың! Сен Қазақ бизнесінің жаңа толқынысың! Керемет командаң бар! Бәрі өз саласының мықты маманы! Сондықтан ештеңеден қаймықпа, жаным! (пауза; Алтынай Райымның қолынан ұстайды) Оның үстіне мен сияқты әйелің бар... Сұлу, әрі ақылды! (қалжыңдай күліп, майысады).

РАЙЫМ. (жымияды) Рахмет, жаным. (пауза) Бәрі үшін рахмет!

АЛТЫНАЙ. Мына жерде отырып, сен ұсыныс жасаған сәт есіме түсіп отыр. Достарың бар, менің құрбыларым бар, бір жігіт гитарамен ән айтып тұрды иә? (басын изейді) Мен үшін шынымен тосынсый болған еді. Тоғыз жыл да өте шығыпты ғой... Сен ол кезде қатты ұяң едің. Бір құшақ гүліңді ұстап, қобалжып тұрған түрің есімде...

РАЙЫМ. Сен «жоқ» деп айта ма деп қорқып тұрғанмын.

АЛТЫНАЙ. Иә, ол байқалып тұрды.

РАЙЫМ. Сосын, досымның көлігінің багажынан дүкеннен әкелген сусындар мен печеньелер жеп, шемішке шағып, қайтып едік қой. Досыма сенің құрбың қарамай қойып, бізді тастап, кетіп қалғаны есіңде ме?

АЛТЫНАЙ. (күледі) Иә... Алма Арасаннан жаяу қайттық емес пе! Қазір қарасаң, алыс қой иә? Қалай жүре бергенбіз?!

РАЙЫМ. Газдалған сусын үстімізге шашырап... Жол жөнекей иттен қашып... Қандай керемет кездер еді, ә?!

АЛТЫНАЙ. (күрсінеді) Айтпашы! Мен саған тұрмысқа шығуға келісімімді беріп, өзімше мисс болып қайтудың орнына, иттен қашып бара жатқаным ше? (күледі) Бірақ біз әлі жаспыз. Қаласаң, бүгін де жаяу қайтайық.

РАЙЫМ. Менің бір кездесуім...

АЛТЫНАЙ. (қалжыңдай) Ооо, кешіріңіз, Сіз деген біз секілді бос адам емес едіңіз ғой, құрметті бизнесмен, филантроп, меценат, экономист мырза.

Райым оған шарап, өзіне су құяды. Алтынай дәмнен ауыз тиіп, мәз болып отырады.

РАЙЫМ. Мен саған бірдеңе айтуым керек.

АЛТЫНАЙ. (қалжыңдай) Маған яхта керек емес, жаным.

РАЙЫМ. Жоқ, қалжыңсыз, жаным.

АЛТЫНАЙ. Окей, окей! Өте салмақты болып отырамын! Құлағым сізде!

РАЙЫМ. Мен біржолата командировкаға кетемін.

АЛТЫНАЙ. ааа?

РАЙЫМ. (күрсініп) Біреуге ғашық болып қалдым. (Алтынай қатып қалады). Иә, бұл саған ауыр тиетінін білемін, дегенмен түсінесің деп ойлаймын. (Алтынай қолындағы шанышқыны үстелге қойып, көзі жасаурап, оған тіке қарайды). Бұл сені сыйламағаннан, сені жек көргеннен деп ойламашы, жаным. Сен сондай керемет адамсың! Мен сенімен отау құрғаныма қатты қуанамын! Шын қуанамын! Сенімен өткізген тоғыз жылым бақытқа толы болды. Өзімді бір сәт те жалғыз сезінген емеспін. Үнемі мені қолдап отыратының, маған сенім артатының үшін саған қарыздармын. Сен әлемдегі ең ақылды, ең сұлу анасың! Менің ұлдарым сенің арқаңда еркін, ақылды болып өсіп келеді. Мен бәріне разымын, жаным. (пауза) Қайтеміз енді, өкінішке орай, мен біреуге ғашық болып қалдым. Сол үшін де өзімді кінәлі сезінемін. Бірақ сен мені дұрыс түсінгеніңді қалаймын. Басқа біреуге ғашық бола тұра, сені алдап өмір сүргім келмейді. Өйткені сен ондайға лайық емессің. Басқа біреуді сүйетін мен сияқты нақұрыс күйеуге лайық емессің. Сен бақытты болуға толық қақың бар. Білемін, бұл оқиға сенің жүрегіңе қаяу салады, бірақ уақыт емші дейді ғой, бәрі де орнына келетініне, күндердің күнінде бір бірімізге ренжімей ақ, кек сақтамай ақ, ашық жарқын сөйлесіп, араласып тұратын күн туарына сенемін. Қайткенмен де екі ұлымыз бар. Сен де менің таңдауыма, шешіміме түсіністікпен қарайтын уақыт келеді деп ойлаймын. Бірақ дәл қазір сен маған қатты өкпелейтініңді де, жек көріп кететініңді де біліп тұрмын. Ол орынсыз да емес... Кешіре алсаң, кешір мені...

Алтынай көзі жасаурап, ерні дірілдеп, үнсіз отырады.

РАЙЫМ. Өзіміздің үйімізді де, Мамыр ықшам ауданындағы пәтер мен Алтынсариндегі пәтерді де, ана машинаны да сендерге тастаймын. Екі ұлымыздың финанстық капиталы болады. Заңгер барлық документті реттеп қойды, нотариуске барып, үйлерді атыңа аударып аласың, болды. Одан бөлек қаржылай көмегімді де аямаймын, Алтынай. Өйткені, балаларымның болашағы үшін қатты алаңдаймын. Тек бір ғана өтінішім бар: менің бизнесімнің үлесіне таласпасаң болды. Сенен ондай шығады деп ойламаймын, өйткені сен маған оның қандай қымбат екенін білесің. Қандай еңбекпен келгенін, әрі одан әрмен қарай дамытуым керек екенін де түсінесің...

АЛТЫНАЙ. Водитель мені үйге апарып тастау үшін келген бе еді?

РАЙЫМ. Иә... Бірақ...

Алтынай орнынан тұра бергенде, Райым оны құшақтайды. Ол оның құшағынан жұлқынып шығып кетеді. Райым үнсіз, салқын кейіпте қарап тұр. Алтынай еңіреп жылайды.

РАЙЫМ. Сөйлесіп алайық, жаным. Асықпа. Эмоцияңды шығар. Айқайла, жыла! Мені ұр! Боқта! Бірақ бәрін шешіп алайық, сосын қайтамыз.

Алтынай жылағаннан демігіп қалады. Оған Райым су ұсынады. Алтынай алмай қояды да, шарапты алып ішеді. Тынышталады. Көз жасын сүртеді.

АЛТЫНАЙ. Мен болдым... Қайтамын.

РАЙЫМ. Ештеңе айтпайсың ба?

АЛТЫНАЙ. Жоқ.

РАЙЫМ. Шешіп алайық та енді?

АЛТЫНАЙ. Нені? Нені шешеміз? Бәрі де шешіліп тұрған жоқ па?

РАЙЫМ. Жоқ енді үлеске таласпайсың ғой?

Алтынай көзін тарс жұмады да, күрсінеді. Үнсіздік.

АЛТЫНАЙ. Маған сенен түк те қажеті жоқ. Үйіңді де, пәтерлеріңді де өзіңе қалдыр. Заңгеріңді жібер, таласым жоқ деп қол қойып беремін. Болды ма? Шешілді ме? Енді жолыма тұрма.

РАЙЫМ. Жоқ, шешілген жоқ.

АЛТЫНАЙ. Тағы не керек?

РАЙЫМ. Давай, ұрсыспай, ашуланбай, ересек адамдар сияқты, отырып сөйлесейікші.

АЛТЫНАЙ. Не туралы?

РАЙЫМ. Кішкене сабыр қылшы, жаным. Бәрі нормально... Ертең ақ бәрі өтіп кетеді. Біз бұдан кейін ерлі зайыпты болмаймыз. Қайткенмен де тоғыз жыл отастық, жаман болғанымыз жоқ, енді жақсылап қоштасайықшы. Өтінемін...

Алтынай үнсіз кеп, орындығына отырады. Райым да отырады.

РАЙЫМ. Рахмет, жаным.

АЛТЫНАЙ. Білмеймін... Не істеуім керек екенін... Сен дайындалып келген екенсің... Мен... Мен...

Алтынай шарап құйып ішеді. Көзін батып бара жатқан күнге қарай тайдырып әкетіп, ернін тістелеп, үнсіз отырады.

АЛТЫНАЙ. Сен өте жиіркенішті сауда жасап жатқаныңды түсінесің бе? Шыныңды айтшы. Сен үйлерді бізге тастап, өзіңнің кінәңді жуып шайғың келе ме? Біз саған рахмет айтып, сенің шешіміңе құрметпен, кешіріммен қарауымыз керек пе? Бизнесіңнің үлесіне таласа ма деп қорқып отырсың ба? Сабыр қыл. Бәрі сен қалағандай болады. Бірақ саудаласпа. Біз соның бәрін саған бердік. (пауза) Бұл сондай жиіркенішті екенін түсінесің бе? Мен ондай үйлерді өз күшіммен ақ таба аламын. Құдай қуат берсін. Мен саған қолынан түк келмейтін, біліксіз, күйеуінің қолына қарап қалған бейшара әйел емеспін.

РАЙЫМ. Сен ондай емессің, еш шүбәм жоқ.

АЛТЫНАЙ. Әлде балаларымызды көрсетпей, манипуляция жасайды деп ойлайсың ба? Соған бола үй беріп, алдағың келе ме? Олар менің ғана емес, сенің де балаларың және сен оларды кез келген уақытта көруге қақың бар. Мен өйтіп балаларымның өмірімен ойнайтын әйел емеспін.

РАЙЫМ. Иә, сен ондай емессің. Мен шынымен сендерге үйлерді тастап кеткім келеді. Сендердің қауіпсіз, жақсы жерде тұрғандарыңды қалаймын.

АЛТЫНАЙ. Сені түсінбедім. Сонда мен балаларды қауіпті жерге әкетеді ме екенмін?

РАЙЫМ. Жоқ, мәселе онда емес қой. Просто осы үйлерді қабыл алшы, болды.

АЛТЫНАЙ. Жоқ, рахмет. Бізге сенен ештеңе қажет емес және мен сенің сатқындығыңды кешірмеймін.

РАЙЫМ. (мысқылдап) Сатқындық дейсің бе? Осының бәрін саған айтпай, көзіңе шөп салып жүрсем, сатқындық деп айтуға болады. Мен саған ағымнан жарылып, мойындап, алдыңа келіп тұрмын.

АЛТЫНАЙ. (кекете) Қандай «молодецсің»!

РАЙЫМ. Жоқ, жаным, ондай тонмен сөйлеспейікші.

АЛТЫНАЙ. Кешір, мен бұрын ажырасып көрмегенмін, сол үшін қалай қоштасу керек екенін білмеймін.

РАЙЫМ. Біз бұдан кейін бәлкім ешқашан осылай сөйлеспейтін шығармыз. Сондықтан, бәрі жақсы болсыншы.

АЛТЫНАЙ. Жарайды! Мен саған түсіністікпен қарайын. Пәтерден пәтерге көшіп жүріп, балаларды балабақшадан кешігіп алып жүріп, екеуіміз үшін, біздің отбасымыз үшін деп жүріп, тірнектеп капитал жинап, сен банкрот болғанда да, сен үлкен бизнесмен болғанда да жаныңда болған мына мені біреуге айырбастап кеткеніңе кешіріммен қарайын... Мен ол ісіме еш өкінбеймін, әрі бәрі осылай аяқталарын білсем де, тура соны қайталап істеуге дайынмын. Бірақ, менің жаныма мына нәрсе қатты батады. Сенің ештеңең жоқ кезде, өзіңе сенімің аз кезде мені өзіңе тең көріп, таңдап, маған үйленіп, енді бай болғанда, ақшаң көп болғанда, қолыңа билік келгенде, өзіңе сенімің артқанда басқа біреуге ғашық болғаның... (қыстығып қалады да, шараптан ұрттайды).

РАЙЫМ. Жаным, мәселе онда емес. (пауза)

АЛТЫНАЙ. Жоқ, сонда. Сен әу баста, біз жаңадан тұрмыс құрғанда ақ ішіңде арам ой болған. Бірақ ол кезде сенде қазіргідей мүмкіндік болған жоқ. Сенің ішіңде баяғыдан осы бір сезім бұғып жатқан, ал байлық соны сыртқа шығарды. Потому что ты можешь себе позволить это. Міне сенің нутроң.

РАЙЫМ. Неге мені арам, жауыз қылуға тырысып жатырсың, айтшы, жаным? Мен осыған дейін бірде бір рет сенің көзіңе шөп салған емеспін. Алдыңда арым таза. (пауза) Сезім деген ғайып бір дүние екенін білесің ғой. Мен осылай болғанын қалаған жоқ едім, бірақ солай болды. Ол менің ырқымдағы нәрсе емес. Мен сенен мұны жасырып жүрсем де болар еді, бірақ ол бұдан да ауыр тиеді. Мен саған шынымды айтып отырмын. Өйткені мен сені қатты құрметтеймін.

АЛТЫНАЙ. (қайта қайта күрсінеді). Мен білмеймін... Шын айтамын. Не дерімді де, не істеу керек екенін де... Бір ғана нәрсе анық: мен сенен ештеңе алмаймын.

Үнсіздік.

АЛТЫНАЙ. (айдалаға тесіліп қарап отырып, шаршаңқы дауыспен) Мен сені осының бәрінен биік тұрады деп ойлайтынмын. (пауза). Танымал бизнесмен болған соң, саған жұрттың назары көп түсетіні түсінікті. Сен оны өзің де жақсы білетінсің. Саған қылмыңдайтын қыздардың да, саған жақын болғысы келетін адамдардың да қарасы көп болатынын да... Бірақ сені соған масайып қалады деп ешқашан ойламаппын.

РАЙЫМ. Мен шынымен ғашықпын және ол қыз менің ақшама зәру емес.

АЛТЫНАЙ. Бұл сенің мастығыңнан ғана... Басың айналғаннан... Уыздай жас тән мен жаңа сезімдерді сатып алғың келеді. Менің ренішіме компенсация төлегің келеді. Соның бәрін оп оңай көретінің... Құдды бір жаңа айфон алып жатқандай... Бұл сондай жиіркенішті екенін қалай түсінбей қалдың, Райым?

Райым күрсінеді. Екеуі де күн батысқа қарап, үнсіз отырады.

РАЙЫМ. (бәсең үнмен) Менің жай ғана біреуге ғашық болып қалғанымды неге дәл сол қалпында қабылдағың келмейді?.. Жай ғана... Бай болғаным үшін емес, арамдығымнан емес, сені жек көргенімнен емес, ақымақтығымнан емес... Жай ғана ғашық болдым...

АЛТЫНАЙ. (бәсең) Қабылдай алмаймын... Өйткені сен мені ғана сүйетінсің... Мені ғана...

Үнсіздік.

РАЙЫМ. Сен маған қараған күннен бастап өзіме сене бастадым. Қолымнан бірдеңе келетініне көзім жете бастады. Өйткені мен сияқты қарапайым жігітке сен сияқты ақылды, текті отбасыдан шыққан, әрі сұлу қыз қарайды деп ешқашан ойламаппын. Өйткені мен бәрінен қорқа беретінмін... Бәрі маған жат, бөтен сияқты болып тұратын... Барлық адам менен өзін жоғары санайтындай қорқатынмын... (пауза) Сен маған тұрмысқа шығуға келіскен күннен бастап, мен ешкімнен қорықпауды, адамдармен сөйлесуді үйрендім, ешкім маған жау емес екенін түсіндім, Алтынай... Түсінесің бе? Сен менің ең алғашқы және ең үлкен жетістігімсің! Егер сен болмасаң, мен тура қазіргі Райым болмас едім. Рас. Оны мойындаймын және сол үшін де саған қарыздармын. Мұның бәрін айту маңызды деп ойлаймын...

АЛТЫНАЙ. (дауысы дірілдеп, батып бара жатқан күнге қарап) Қандай әдемі, иә?!

РАЙЫМ. Сен ең керемет әйелсің!

АЛТЫНАЙ. Рахмет... (пауза; көзі жасаурап күлімсірейді) Сені жібергісі келмейтін, қалай болғанда да айырылып қалғысы келмейтін әйел сияқты көрінгім келіп тұрған жоқ. Мен кетемін. Бірақ сені сүйетінімді, сүйгенімді ұмытпа! (Райым не істерін білмей, шараптан ішіп жібереді). Ертең сен ол қызбен үйленесің. Бақытты боласыңдар деп үміттенемін. (пауза) Бірақ саған бірдеңе айтқым кеп тұр. Енді басқа біреуге ғашық болмашы... Өтінемін... Қанша жерден өліп өшіп тұрсаң да, күнімен түнімен сол біреуді ойыңнан шығара алмасаң да, күш жігеріңді жинап соған қарсы тұршы... Өйткені сенің жаңа әйеліңнің сенен басқа ешкімі болмайды. Ол барлық өмірін сенімен байланыстырады. Ол өмірінің әрбір сәтін сенімен өткізгісі келеді. Ол сен үшін барлық қиындыққа төзуге дайын болады. Ол сенің жан тәніңнің бір бөлшегіндей сезінетін болады. Ол сенімен бірге өмір сүруге, сенімен бірге өлуге дайын болады... Бүкіл өмірін сенің жолыңа қарай жоспарлайды... Егер сені оны тастап кетсең... Соның бәрі бекер болғаны оның жанын өртеп жіберетінін есіңнен бір сәтке де шығармашы... Бір сәтке де...

Алтынай орнынан тұрып, Райымның бетінен сүйеді де, ақырын сахнадан шығып кетеді. Райым дірілдеген қолымен темекісін алып тұтатады.

Ән айтылады.

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сахнаға Бейтаныс-1 мен Бейтаныс-2 шығады.

Бейтаныс-1. Көзіңіз жетті ме? Жағдай осындай. Біз босқа әуреленіп жүрміз.

Бейтаныс-2. Сіз сонда бұларда махаббат жоқ деп тұрсыз ба? (Бейтаныс-1 «ендеше» дегендей қарайды). Иә, олар кейде ренжіседі, өкпелейді, тіпті бір бірін жек көріп кетуі мүмкін, бірақ ертең ақ көзқарастары өзгеріп, бір біріне қаншалықты қымбат адамдар екенін түсінеді ғой. Бәлкім, бір күннен соң, бәлкім бір жылдан кейін...

Бейтаныс-1. Мен тек бір жақтың жеке сезімдерін ғана көрдім. Әрі олардың ұзақ уақыт дәл осылай алаулап жанатынына күмәнім бар. Бүгін жақсы көргендей болады, сосын көңілі қалады, қимай біраз жүреді, бірақ ақыр соңында көнеді. Алданғанын түсінеді. Алдағы уақытта ол да ешкімге сенбейтін болады. Есептесетін болады. Бұл тек уақыттың еншісіндегі дүние. Бұл қоғам үшін махаббат қажет емес. Олар өздерін бірінші орынға қояды. Бәрінен тәуелсіз болсам екен, бәрінен биік болсам екен, бәрі маған қызмет етсе екен, бәрін иеленсем екен деген ниетте.

Бейтаныс-2. Керісінше бұл қоғам махаббатқа соншалықты зәру. Олар көп тауар тұтынсам, жақсы көрген адамыма тауар сыйласам, оны қуантсам, ол мені жақсы көрсе екен, сүйген адамының махаббатына бөленсем деп үміттенеді ғой. Оның есептесуінің де түбінде шексіз махаббатқа қол жеткізу мақсаты жатпай ма? Әрине, сезімді сатып алам деп ойлау, әлденеге айырбастап аламын деу ақымақтық. Бірақ олардың соған үміттенуінің өзі, соған сенгісі келуінің өзі махаббатқа құштарлығынан емес пе?! Жалғыздық деген қараңғы түнегінен құтқарып қалар бір сәулеге еріп, шаттыққа бөленгісі келуі, оны артықшылығы мен кемшілігімен қосып қабылдаса екен деген ниетінің өзі махаббатқа сенетінін білдірмей ме?

Бейтаныс-1. Иә, олар солай үміттенеді делік. Тіпті сол қалаған махаббатына жетсін. Бірақ ол махаббатты өзінің эгосын қанағаттандыру үшін пайдаланады. «Мені міне бір адам сүйеді, мен кереметпін» деп санайды. Екінші адамның сезімі шын мәнісінде оған бәрібір. Ол сол арқылы өзінің кемін түгендеп алса болды. Оны бір жұмысындағы жетістігі сияқты қарайды. Олар өздері де ғашық адамның рөлін ойнап, екінші адамның адалдығына қол жеткізгісі келеді. Оның адалдығына үлкен құрметпен, шексіз сүйіспеншілікпен қарау үшін емес, тағы да өзінің кереметтігіне сендіру үшін. Қайткенде де олар жақын адамына махаббатын бергісі келмейді. Қайтармайды деп қорқады. Алданамын деп үйрейленеді. Олардың жүрегін махаббат емес, үрей жаулап алған. Олар өздеріне сене алмайды. Үнемі үрейдің түрмесінде жүреді. Мені сүйе ме жоқ па, мен сүюге лайық адаммын ба, жоқ па, ол маған адал ма жоқ па, ертең таңертең жұмысқа кешігемін бе жоқ па, осы айда несиемді жаба аламын ба жоқ па, үйге ұры түсе ме жоқ па, маған жақындарымның көңілі тола ма жоқ па... Олар махаббатпен қарай алмайды...

Бейтаныс-2. Қателесесіз... Олардың үнемі үрейде жүруінің өзі, тауар сатып алып, өзгелерді қуантқысы келуінің, оларды жоғалтып алудан қорқуының, күдіктенуі, сенуі, түсінуі, сөйлесуінің өзі тұнып тұрған махаббат. Өткенге өкінуі, болашақтан үміттенуі де махаббат. Бірде болмаса, бірде олар жүрегіндегі махаббатты оятады. Махаббат оянғанда бәрі басқаша болады. Үрей, күдік күмән жүректен тазарғанда, әлем басқа қырынан ашылады. Табиғат пен Адамның жанынан басқаның бәрі құнсыз боп қалады. Олардың үркіп, үміттеніп, күдіктеніп, мейірім жетпей тұрған көздеріне қарап, махаббат бересіз. Мейіріммен қарайсыз. Бұл жерде де дәл сондай махаббат мейірім бар екеніне сенемін. Махаббат деген терең судың үстімен жүргендей... Құс боп көкке ұшқандай күй сыйлайды... Сіз оны қолмен ұстай алмайсыз, ешқашан көрмейсіз. Бірақ қиын қыстау сәтте жарық шұғыла болып адамды құтқарып қалады... Құлай сенеді... Ал сенген адам ештеңеден қорықпайды. Оның көкейінде үрей болмайды. Алапат күшке ие болады...

Бейтаныс-1. Соңғы рет аралап көрейік...

Пәтер. Түн. Толғанай халатпен дастархан жайып жүр. Ұйқысы келгендей, шаршаңқы. Мирас келесі бөлмеде киімін ауыстырып жатыр. Көңілді.

Мирас. Баланы таңертең әкелесің бе, жоқ кешкісін әкетейін бе?

Толғанай естімегендей дастарханын жасап жүре береді.

Мирас. (дауысын қатты шығарып) А? (мәйкішең, шортымен дастарханға кеп отырады). Ертең демалыс емес пе, иә? (Толғанай басын изегендей болады). Е-е-е, бопты, нағашы апасыныкінде болсын. Кешке өзім алып қайтармын. Сен қалай отырып қайттың? Кім-кім болдыңдар? (Толғанай дастарханға бәрін қойып бітіп, шайын құя бастайды). А?

Толғанай. (әрең, ақырын) Барған жоқпын...

Мирас. Неге? (Толғанай жауап қатпайды. Мирас оған үңіліп қарап, бірдеңе болғанын сезеді). Тыныштық па?

Толғанай. (күрсіне) Жай...

Мирас. (алаңдап) Не болды енді?

Толғанай. (оған шайын ұсынады. Мирас оған жалтақтап, шайынан ұрттап, үнсіз отырып қалады. пауза). Алтын алқамды іздеп біраз жүріп қалдым.

Мирас. Таптың ба? (пауза; Толағанай ақырын басын шайқайды). Үйде болса, табылар, уайымдамашы. Өзің бір жерге қойып, ұмытып қалғансың ғой.

Толғанай. Апамнан қалған алқа еді ғой.

Мирас. Қойшы енді, табылар. Бір бұрышта жатқан шығар. Көңіл-күйіңді түсірмеші.

Толғанай. (шаршаңқы дауыспен). Ұйқым кеп, шаршап отырмын...

Мирас. Болмаса, жатып ұйықтай бере қойшы, өзім ішіп, үстелді жинап қоярмын. (Толғанай бір нүктеге қараған қалпы серейіп, отырып қалады). Ой, ана жылдық отчетті өткіз деп, он бірге дейін ұстады ғой. (тамақтан күйсеп). Осындайым жаман ғой менің. Жүріп-жүріп, әбден тақалғанда, келесі соңғы апта дегенде, жанталасамын. Кейбір счет-фактуралар жоқ, кімге қандай товар кеткенінің есебін шығара алмай жатырмыз. (кенет көзі Толғанайға түсіп кетеді). Бірдеңе болды ма саған? (Толғанай басын шайқайды). Бір жерің ауырып тұр ма?

Толғанай. (ұйқысы келген адамның дауысымен). Жоқ...

Мирас. Өзіңді қинамай, барып демала берші. (пауза; Толғанай үндемейді). Шәй ішсеңші менімен?

Толғанай. Ішкім кеп тұрған жоқ...

Мирас. (көңілді дауыспен) Жұмыстан ертерек шығып па едің? (Толғанай басын изейді). Кімді көрдің, кіммен сөйлестің? Құрбыларың келмедің деп ренжіп жатқан жоқ па? Айтпақшы, папаң машинасын не қылыпты, сатып па? Ол кісілерге бір кіріп шығу керек еді, қол тимей кетті ғой. Болмаса, ертең бірге барайық, баланы алып қайтуға. А? Ертең кешкі алты-жетіге дейін жұмыста боламын, сосын барып қайтайық. Саған демалыс қой иә? А?

Толғанай. (әрең). Иә...

Мирас. Болды онда, бір шыны шай ішіп, қайтайық. Көрмегелі біраз боп кетті.

Толғанай. (ұйқысынан оянғандай, оған тіке қарап) Мирас?

Мирас. (тыныштала қалып). Ау?

Толғанай. Үйге Ринат келген... (пауза, үнсіздік). Сені сұрады...

Мирас. (таң қалғандай) Не дейді?

Толғанай. Сені таба алмай жүрмін дейді...

Мирас.  Басқа не айтты?

Толғанай. Басқа... басқа ештеңе.

Мирас. Е-е-е, ол бір идея бар, бизнес бастайық деп жүрген. Давай-давай деп қойып едім, күнде звондап, мазаны алып жіберді. Звондағанда алмағанмын, қол тимей, отчет, анау-мынаумен жүріп, қайтадан хабарласам деп, ұмытып кетіппін. Содан үйде болар деп келген шығар. (Толғанай оған мұқият қарап отырады. Оны байқаған Мирас шай ішкенін кілт тоқтатып, шай өтпей қалады). Не болды?

Толғанай. ...ештеңе. Шаршап тұрмын...

Мирас. Ой, мен де шаршап тұрмын. Отырып-отырып, белім ауырып кетті. Жұмыс деген бастан асады. Жұмыс уақытысы бітті деп, кетіп қалайын десең, бәрібір өзің істейтін іс. Оның үстіне уақыты да тақап қалды.

Толғанай. Мирас?

Мирас. (асығыс) Ау?..

Толғанай. (дірілдеген үнмен) Мені шын жақсы көресің бе?

Мирас. (таңданып). Әрине, жақсы көрмегенде ше?! Саған не болған? Бір түрлі болып отырсың бүгін. Бірдеңе болды ма? (Толғанай көзін тарс жұмып басын шайқайды). Жақсы көрем ғой, жаным. Сондай да сұрақ бола ма екен?! Иә, білем, күнде жұмыстан кеш келіп, көңіл бөле алмай жүрмін. Енді тіршілік қой. Бірақ, осы жылдық отчетті реттеп алайыншы, кафеге «романтикалық кешке» шақырамын. (жымиып, қуанып) Баланы нағашы апасынікіне апарып тастап, өзіміз қыдырып қайтамыз, жарай ма?! Жаным? (Толғанай жүзін жасырып, дауысын шығармай, денесі селкілдеп, жылайды. Мирас түсініңкіремей, меңірейіп отырып қалады. Алаңдаулы үнмен). Жаным? Не болды? Бірдеңе болды ма? Айтшы, адамды қинамай. (орнынан тұрып, оның жанына барады да, кеудесіне басып, жұбатпақ болады. Сыбырлап). Айта қойшы...

Толғанай. (қыстығып). Неге?..

Мирас. (асығыс) Не болды, не болды?

Толғанай. Мен саған бөтен бе едім, Мирас?.. (дауыстап, еңіреп жылайды).

Мирас. Бөтен? (жүзін жасырған Толғанайдың көзіне қарамақшы болып, аңтарылып қалады. Толғанай бетін көрсетпей жылап жатыр). Оны қайдан шығарып алдың, жаным? Бөтені несі?

Толғанай. (жылап) Неменеге ақталып отырсың, Мирас... (еңкілдеп)

Мирас. (кілт тоқтайды, шамамен не туралы айтқанын түсінеді. Дауысы да өзгеше, жуан). Ақталып? І-м-м, тағы не дейсің? (орнынан тұрып, балконның есігін ашады да, темекісін тұтатады).

Толғанай. Неге менен жасырып жүрсің?..

Мирас. Айта бер... Не жасырыппын?

Толғанай. (көз жасын, бетін сүртіп, дауысы дірілдей шығады. Мирасқа қарап). Бәрін білемін...

Мирас. Білсең... сол.

Толғанай. Неге маған өтірік айтып жүрсің? Шыныңды айтсаң, мен сенен теріс айналмаймын ғой, Мирас.

Мирас. Не деп өтірік айтыппын, мысалы?

Толғанай. Сен үйге кіргеннен өтірік айтып жатсың. Менің алтын алқамды ломбардқа өткізіп жібергенсің. (дауысы дірілдеп, қыстығып шығады). «Өзің бір жерге қойған шығарсың, табылар» дейсің... Мирас?!

Мирас. (ызалы үнмен). Алтын алқаңды ертең-ақ әкеп беремін. Соныңды құшақтап жат! Уақытша ала тұрып едім, соған бола боздап отырсың ғой.

Толғанай. (жыламсырап) Мәселе онда емес қой, Мирас. Сен қашаннан осындай болып кеттің? Неге мен білмеймін?

Мирас. Білмейсің, өйткені қарның тоқ, көйлегің көк, өз ақшаң өзіңде, апта сайын кафеге барып тұрасың, ай сайын киім аласың. Ипотеканы жабатын да, «комуслуганы» төлейтін де, балабақшаны да, продукты алатын да – мен. Сенің өмірің рахат қой.

Толғанай. (жылайды). Неге маған айтпайсың?

Мирас. Сен сұрасаңшы...

Толғанай. (қиналып). Сұраймын ғой, Мирас. Неге өтірік жала жауып тұрсың маған?

Мирас. Өтірік-өтірік деп миды ашыттың ғой, Толғанай? Не деп өтірік айтыппын саған?

Толғанай. (пауза, көзіне тіке қарап тұрып) Сен жұмыстан шығып кеткелі екі ай болды ғой, өтіріктен жұмысқа барып-келгенсіп жүрсің. Мен білмейді дейсің бе?

Мирас. Сөйтсе, не болыпты?

Толғанай. (көзіне тура қарап тұрып, көңілі қалғандай, күрсінеді) Ештеңе... (пауза) Сенің осылай өз өтірігіңе өзің белшеден батып жүргеніңді көрген – маған қалай ауыр екенін білесің бе...

Мирас. Толғанай, миымды жемеші, өтініш... (пауза) Бұл менің өзімнің шаруам, жұмысқа кірем бе, шығам ба, өзім білемін. Айына ақша әкеп жатырмын ба, әкеп жатырмын, төлеп жүрмін бе, төлеп жүрмін. Аузыңды жауып, тыныш отыршы.

Толғанай. (өз-өзіне келіп, дауысы салмақты тонға ауысады). Қайдан әкеп жүргеніңді бір Құдай білсін...

Мирас. (әйелдің иығынан жұлқып қалады, тістеніп). Не дегің кеп тұр сенің?

Толғанай. (бәрібір секілді, сүлесоқ қозғалып, көзіне қарайды). Ештеңе...

Мирас. (жасандылығы бар ашумен, қолын қалтасына салып, ары бері жүреді). Сен әуелі басынайын деген екенсің. І-і-і, тағы не дейсің? Үндемеген сайын келе жатсың ғой. Өйтіп жүйкемді жұқарта берме, төңкеремін де, тастаймын. (Толғанай үнсіз, қимылсыз отыр). Мен бір көзіңе шөп салғандай кінәлайсың ғой. Анау, анау... (өтірік есіне түсіре алмағансып) кім еді? Ринат па? Не деді саған? Ол да құлағыңа сыбырлап кеткен сияқты ғой. Сендер бәрің жабылайын деген екенсіңдер ғой. І-і-і? Көрейік, көрейік. Осыдан бар ғой... Толғанай, осыдан ба... Әй, бопты, бопты, сондағы айтпағың осы екен ғой.

Толғанай. (жұмсақ үнмен). Мирас... Не боп кеткенсің, жаным...

Мирас. (айғайлап) Толғанай, жапшы аузыңды!

Толғанай. Ринаттың бардачогынан бір миллион теңгені ұрлап кетіпсің ғой?..

Мирас. (түтінге қақалып, темекісін лақтырып жіберіп, жалт қарайды). Немене? (дастарханды бір ұрады, Толғанай селк етпестен отыра береді, тістеніп). Ей, Толғанай, сен не деп оттап тұрсың? (әйелін екі иығынан ұстап сілкілейді, көзі қарауытып кеткен). Не деп тұрсың деймін?! Қайталашы! (Толғанай көзін тарс жұмып алған, сүлесоқ күйі). Қайтала деймін саған! Сен мені ұры деп тұрсың ба? А? Айт деймін! Алтынды ломбардқа қойсам, өзімнің әйелімнің заты, жұмыстан шықсам да, кірсем де, шатағың болмасын, ал мынауың – таза жала. Толғанай, енді аузыңнан осы сөз шықса, айтпады деме. Мен саған көшедегі ұры емеспін. Ұқтың ба?

Толғанай. (жыламсырап). Статья ғой, Мирас...

Мирас. (әйелді итеріп жібергенде, Толғанай құлайды. Бірақ тұруға асықпайды. Басын соғады. Дауысы дірілдей бастайды). Мен ұралаған жоқпын. (айғайлап) Уақытша ала тұрдым... Осы айда орнына қоямын деймін, неғып түсінбейсің?

Толғанай. (дірілдеген дауыспен, орынан тұрады) Неге өзіңді ақтап ала бересің, Мирас? Қалай айтсаң да, ұрлағансың ғой...

Мирас. (алақ-жұлақ етіп, тартпадан пышақты шығарады да, кеңірдегіне тақайды, бірақ өзіне сенімсіздеу, көзі бақырайып кеткен) Ұрлаған жоқпын мен... (мұрнынан су ағады). Енді солай айтсаң, өз-өзімді өлтіремін... (дәрменсіз кейіпте айғайлап) Маған бәрібір!

Толғанай үнсіз, қимылсыз оған қарап тұрады да, соншалық бейшара болып кеткеніне жаны ауырып, өкіріп тұрып жылайды.

Мирас. (не істеп, не қоярын білмей, аңтарылып, мұрын сүртіп біраз тұрады. Жылы үнмен, діріл аралас). Толғанай... (пауза) Кешірші... Мен кетем... Саған масыл болмаймын. Ай сайын ақша жіберіп тұрамын. Қызым екеуің осында қалыңдар... (жылап отырған Толғанайдың жанына баруға батылы бармайды, жұбатқысы келеді). Толғанай... қойшы... жыламашы...

Толғанай. (Дауысын қаттырақ шығарып, өксіген үнмен). Маған бәрібір ғой... Ұрласаң да, ала тұрсаң да, бәрібір... Неге менен жасырасың? Неге айтпайсың? Мен саған бөтен бе едім?

Мирас. Қойшы, Толғанай... айта бермеші, жаным...

Толғанай. Көзіме шөп салсаң да, айтшы, Мирас... Ең болмаса, сенейінші...

Мирас. Көзіңе шөп салған емеспін, Құдай куә... Сенен басқаны сүйген емеспін. (Толғанайды жұбата алмай, қипақтап қалады, дауысы жібіп). Жаным, жыламашы...

Толғанай. Енді саған қалай сенемін, айтшы, Мирас...

Мирас. (қиналып, жалынып). Шын айтамын, Құдай куә деймін... Қалай дәлелдейін? Не істейін, жаным? Не істей аламын?

Толғанай көз жасын сүртіп, сүлесоқ отырады. Мирас оның алдына кеп отырып, көзіне қарағысы кеп, бетін төмен басқан Толғанайдың алдына еңкейіп, елпілдеп кетеді.

Мирас. Жаным, не істейін? Айтшы, кет десең, кетемін. Бірақ, мен сені шын сүйемін, шын сөзім. Құдай куә деп тұрмын ғой, сенен басқа ешкіммен көңіл қосқан емеспін. Қалай дәлелдейін саған?

Толғанай. (салқын үнмен). Керек емес...

Мирас. (жалынышты) Айтшы... не істейін? Білмеймін, енді маған мүлдем сенбейтін шығарсың, бірақ сені сүйетінім рас. Сенбейсің бе? (Толғанай жауап қатпайды). Ә, сенбейсің... (пауза) Маған ешкім сенбейді. Азартникке кім сенсін. Қарыз сұрасаң да, жағдайыңды айтып тұрсаң да, әңгімелессең де, сезіміңді білдіріп тұрсаң да, бәрің өтірік айтады дейсіңдер ғой, іштеріңнен... Жасырмаймын, өтірікті көп айтатын болған шығармын, бірақ Толғанай, тура қазір мен саған шынымды айтып отырмын. Бірақ... сен сенбейсің маған... Түсінемін...

Толғанай. Егер мені шын сүйген болсаң, менен шындығыңды жасырмайтын едің. Сен мені қарыз алған кісің секілді көресің, тура соларға айтқан өтірікті маған айтасың.

Мирас. Мен сені уайымдамасыншы деп айтпадым...

Толғанай. Ал енді не болды?

Мирас. Толғанай, Толғанай... тыңдашы. Сен әйел адам болған соң, еркектерді түсіне бермейсің. Өз проблемамды саған айтып отырған – ұят. (Толғанай мырс етеді, Мирастың дауысы жалынышты бола түседі). Өйтіп, миығыңнан күлмеші, Толғанай, жаным, өтініп сұрайын сенен. Кекетпеші мені...

Толғанай. Алқамды сұрасаң да, беретін едім ғой. Оны неменеге білмегенсіп, актер болып, роль ойнап жүрсің, айтшы?

Мирас. Тоқташы, Толғанай, қазір түсіндіремін бәрін...

Толғанай. (тағы ма дегендей) Ой...

Мирас. (дауысын қатты шығарады) Тыңдашы-ей... Сен міне осылай, ой-пой деп, мырс етіп, миығыңнан күліп отырасың, сосын саған ештеңе айтқым келмейді. Сен мені тыңдай аласың ба? Тыңдамасаң, кеттім мен...

Толғанай. (дауысы бәсеңсіп) Тыңдаймын... шыныңды айтшы...

Мирас. (краннан су құйып ішеді). Ақша керек болды. Қысылып кеттім. Қарызға ешкім бермейді... Себебін, өзің білесің... (күрсініп) Беретін адамның бәрінен алып-алып болдым, олардың бәрін қайтару керек. Сен тіпті, қанша қарыз екенімді білмейсің.

Толғанай. Қанша?

Мирас. Неғыласың?! (қолын сілтеп; пауза) Сенің алқаңды ломбардқа қоя тұрайын деп ойладым. Сұрап алсам да болушы еді, бірақ сен бұл жағдайдың бәрін білгеніңді қаламадым. Уайымдамасыншы дедім, өйткені – ол менің жеке проблемам. Сенің араласпағаның жөн деп жүрдім. Оның үстіне, сен алтынды көп тақпайсың да ғой, үйде құры тұр, ломбардтан екі-үш күннен соң аламын, орнына қайтып қоямын деп ойлағанмын. Бірақ... қоя алмай жүрмін... Жағдайды көріп отырсың, жұмыс жоқ, ақша жоқ... Ал сен келіп, апамнан қалған еді, анау-мынау деп мені қысып жатырсың.

Толғанай. (жаны ашып) Мен ол үшін емес...

Мирас. (сөзін бөліп) Не үшін болса да, Толғанай, менің жағдайымды біліп тұрып, мені мына жерде әртіс қылып қойып, миығыңнан күліп отырғаның – қандай сорақы екенін білесің бе?.. Жанды жерімнен ұстап алып, қысып, менің дәрменсіз екенімді көріп тұрып, тісіңді батырып жатырсың...

Толғанай. (дірілдеп) Менің ондай ойым болған жоқ... Кешірші... (пауза) осының бәрін ертерек білмегенім үшін, сен маған ашыла алатындай жақының бола алмағаным үшін өзімді жек көремін. Сені кінәлап тұрсам да, өзімнің де кінәм бар екенін сеземін. (пауза) Саған қалай жеткізе аламын, Мирас? Кісі өлтіріп қойсаң да, маған келіп, шыныңды айта алатындай жақын болғым келеді. Басқа ештеңе қажет емес...

Мирас. (пауза) Сенгім-ақ келеді.

Толғанай. Неге сенбейсің?

Мирас. (өзіне-өзі сөйлегендей) Өзің елді алдап жүріп, маған неге сенбейсің, түріңе қарамай дейсің бе?..

Толғанай. Мирас, олай деген жоқпын ғой, неліктен бұрмалайсың?..

Мирас. (сабырлы) Деген жоқсың... Өзім солай ойлаймын... өзім туралы...

Толғанай. (пауза) Ринаттың ақшасын қайтеміз?

Мирас. Бірдеңесі болар...

Толғанай. (қатқылдау үнмен) Өзіміз бірдеңе қылмасақ, өздігінен ештеңе болмайды. (пауза) Алтындарды, шубаны, айфон, макбук, тағы не бар, бәрін сатайық.

Мирас. Қайдағыны айтпашы. Қажет емес, өзім реттеймін.

Толғанай. Жоқ, сатамыз. Құтылайық, құрсын.

Мирас. Жо-жоқ, ақша табамын.

Толғанай. (шарасыз) Қайдан?

Мирас. Білмеймін... (дәрменсіз үнмен). Просто, менің бір күнде букмекерде құртқан ақшам, сенің бүкіл қымбат заттарыңнан айырғанын – кешіре алмаймын. Онсыз да сенің алдыңда өзімді жаман сезініп тұрмын. Жо-жоқ...

Толғанай. Қайдан ғана алдың?..

Мирас. Күтеді... Ринат күтеді. Кезінде талай көмегім тиген. Он бір жыл бірге оқыдық. Бір миллионға жыламас. Алдыңғы жылы, «почти» мен бақтым ғой. Елу мың берші, жетпіс мың берші дегенде, талай бергенмін. Қайтқаны бар, қайтпағаны бар... Бұлар сондай, саған қарыз кезде үндемейді, өздеріне қарыз болсаң, құлақ етті жеп қояды, ызыңдап.

Толғанай. (көңілсіз) Сен қарыз емессің ғой, Мирас...

Мирас. (ызаланып) Соңғы рет ескертемін, Толғанай: мен ұры емеспін! Бардачогынан алып көрсетті, қарызға бере тұр дедім, бере алмаймын деді. Бизнес бастаймын анау-мынау... Білем ғой: оның идеясы да жоқ, ақшасы құры жатады... Сол күні Реалмадрид пен Барселона ойнайтын болған, Реалмадрид жеңетіне күмәнім болған жоқ, оның үстіне коэфиценті де жақсы. 2,5 икс. Сосын, ала тұрдым, ұтам да, үстіне екі жүз мың қосып беремін деп ойладым. Бірақ... Реал ұтылды. Енді мен не істеймін?

Толғанай. Бәріне жауап тауып ала бересің... (пауза) Неге?

Мирас. (темекі тұтатып, балконның есігін ашып) Саған шынымды айтып отырмын.

Толғанай. Не істегеніңді өзің сезінбейтін сияқтысың... Әйтеуір, бәрінің себебі бар. Ринаттың ақшасын алдың, себебі оған кезінде көмектестің, бір шетінен бала күнгі досың, ақшасын ала тұрғаныңның еш айыбы жоқ, қайтарып берсең, бәрі орнына келе қоятын сияқты, алқамды қойшы, бірақ неге осылай өзіңді алдайсың? Бөтен адамның затын рұқсатсыз алдың ғой, Мирас. Не істегеніңді түсініп тұрсың ба? Неге сенің себептерің бітпейді?

Мирас. (темекісін өшіріп, балконның есігінен ұстап тұрып, жыламсырап) Енді ұрысың десең, секірем, Толғанай...

Толғанай. (сабырлы, шаршаңқы үнмен) Секірмейсің... Секірмейсің сен... Оған да себебің бар.

Мирас. (жыламсырап, еңсесі түсіп). Шаршап кеттім, Толғанай... қатты шаршадым. Мен де нормально өмір сүргім келеді. Қыдырғым келеді, шетелді көргім келеді, машинам болғанын қалаймын. Бірақ менің айлығым неге жетеді? Қашанғы мен осылай өмір сүремін, айтшы? (жылайды). Қашанғы мен жұмыс пен үйдің ортасында ғұмыр кешемін? (жылайды). Менің өмірім өтіп жатыр ғой... (өксіп).

Толғанай. (жанына жақын кеп, құшақтайды, жылы үнмен) Ең болмаса, менің алдымда мойындашы...

Мирас. (Толғанайды итеріп жібереді, құламайды; ашулы үнмен). Сен қатын мені ұры дейтін кімсің? (ұратын кісіше, қолын түйіп алып, төнеді) Айт деймін, саған, кімсің сен? Мені кінәлайтын жөнің бар ма? Осыған дейін бетіңді қақтым ба? Бір рет болсын? Бүйткім кеп тұр, сөйткім кеп тұр, ананы алғым келеді, ананың күйеуі мынадай сыйлық жасапты, мынадай телефон шығыпты дейсің. Соның бәрін әперіп жатырмын ғой, қатын! Мен не ақшаны туамын ба? Әлде, байдың баласымын ба? Құмар ойын ойнасам, ойнайтын шығармын, басқаның затын рұқсатсыз алсам, алған шығармын, соның бәрін білесің бе, мына сенің аузыңды жабу үшін. Қатардан қалмасын деп, көңіл күйі түспесін деп, мен жұмыстан келгенде, күліп қарсы алсын деп... (мойнын нұсқап). Мына жерден келетін қарызға да сенің кесіріңнен баттым, қатын! Енді келіп алып, мойында, ұрысың, сезінбейсің, анау мынау дейсің. (айғайлап) Жап аузыңды! (пауза, ары бері жүріп) Кісі өлтірсең де, айт дейді ғой маған! Мә саған! Алтыныңды алғанымды тізерлеп мойында деп тұрсың сен...

Толғанай. (шарасыз) Бәріне мен кінәлі болсам, жеңілдеп қаласың ба? Пожалуйста...

Мирас. (сабыры үнмен, жуасып) Жап аузыңды...

Толғанай. Сенен басқаның бәрі кінәлі... Өмір, тағдыр, жұмысың, айлығың... Адам құсап сұрағанда бермеген Ринат... Сенің қиналып жүргеніңді білмей, көрінген нәрсені сұраған мен... Бәріміз кінәліміз, Мирас, кешір, кешіре алсаң...

Мирас. (көзін тарс жұмып қатып қалады) Толғанай... өзімді иттің етінен жек көремін... Одан әрмен табалай бермеші.

Толғанай. Ал сен көзіңді ашып қарашы, жаным... Не істеп жатқаныңды, не болып жатқанын көрші.

Мирас. (көзін жұмған қалпы) Иә, қарызым көп, жұмыстан шығып қалдым, өйткені коллегалардың бәріне берешекпін, құмаройын ойнаймын, ұрлық жасадым. Осындаймын. Қайтесің енді?

Толғанай. Сүйемін... Қандай болсаң да...

Мирас. (көзін жұмған күйі, басын шайқайды). Сенбеймін, Толғанай... (пауза) Мына жақтан қаншама адам қайта-қайта звондап, үстіңнен арыз жазам деп қорқытып, ұрып-соғамын деп хабарласады... Сен білмейсің ғой... оны саған айта алмаймын да. Батып барамын, батып барамын... Мені жеп барады, Толғанай... Көп қарыз... Көп адам... (пауза) Бардачогта жатқан миллион теңге менің бүкіл проблемамның шешімі секілді көрінді. Түсінесің бе? Соны ала тұрып, «ставкам» ойнаса, қарызымның тең жартысынан құтыламын деп ойладым. Қалғанын басқа жұмысқа орналасып, біртіндеп қайтарамын деп... Уһһһ... Басым қатып кетті.

Толғанай. (жанына кеп жайғасады; екеуі отырады; жылы үнмен) Сен қашаннан бері ойнап жүргеніңді білемін... Бірақ үндеген жоқпын. Жұмыстан шығып кеткеніңді де... Бір ай бұрын біліп алғанмын. Киіміңді жуамын деп, қалтасынан ломбардтың қағазын көргенмін... Үндемедім. Неге екенін айтайын ба?.. (пауза) Сені жоғалтып алудан қорықтым... Айтудан... Ұрсысып қалудан... Сенің өтірігіңе өзім де біртіндеп сеніп бара жаттым... Ештеңе болмағандай... Елемей... (пауза) Бүгін кафеге барар да, алқамды іздедім. Жынды адам сияқты. Ұмытып кетіппін. Мән бермей, жүре бергенмін... Сөйтсем, алқам жоқ екен менің. Енді ол менде бола ма, жоқ па, белгісіз... Апамнан қалған алқам... Түсінесің бе? (пауза) Егер осылай байқамағансып жүре берсем, бір күні... сені де солай жоғалтып аламын ба деп қорқамын, Мирас.

Мирас. Бір рет мосттан секірейін дегенмін... (Толғанай құшақтайды) Қорықтым. Бірақ, бір күні қорықпай, секіретін шығармын деп үміттенемін. Бір нәрсені істей берсең, үйренесің ғой, бәрібір. Етің өліп кеткенше...

Толғанай. Біз ше...

Мирас. Біреудің алдында сүмірейіп қарыз сұрап тұрған қандай қиын екенін білесің бе, Толғанай?.. Қарыз бергені үшін хәлін біліп тұру да... Оның алдында именшіктеп, өзіңді төмен сезіну... Уақытында қайтара алмасаң, неше түрліні есту... Аферист, ұятың жоқ, ез... Көтеру соншалықты ауыр, жаныңды жеп жібереді... Сосын, өзің өзің емес секілдісің... Осыншама ұяттан кейін, Мираспын деуге ауызың бармай қалады. Бірте-бірте етің де үйреніп кетеді. Қарыздардың бәрін бір-ақ күнде пайызымен қайтарып, сол кісілердің алдында абыройымды қайтарып алатыныма сенемін ше... Сол күні қайтадан Мирас болатын секілдімін. (мырс етіп) Білемін, ертегі сияқты. Бірақ сенгім кеп тұрады. Бір күні бағым жанатынына. (күледі) Жындымын, аһа?

Толғанай. Давай, мен несие алайын, қарыздарыңды жабайық.

Мирас. Жо-жоқ... Басыңа бәле тілеп қайтесің?..

Толғанай. Мирас?! Мен көместесемін деймін.

Мирас. Түсініп тұрмын ғой... Бірақ, енді сенің алдыңда қарыз болып, жексұрын болғым келмейді. Мен өз-өзімді басқара алмаймын. Сен қазір несие аласың, бір-екі ай өзім төлермін, сосын, мен тағы да бастаймын. Бәлкім, бір күні мүлдем жоқ болып кетемін. Сосын кредитті өзің жабамын деп қиналасың. Мен олай болғанын қаламаймын.

Толғанай. Неге өз-өзіңе сенбейсің?

Мирас. Сол... Ойынды қоямын деп өзіме қанша рет уәде бердім... Орындаған жоқпын, орындай алмаймын да. Мен одан да, өзім үйден кетейін. Қызым екеуің осында қалыңдар... Ипотеканы төлеуге көмектесе аламын ба, жоқ па, белгісіз, бірақ бірдеңе істеп өз күндеріңді көрерсіңдер. Егер, әке-шешеңе кетем десең, өзің біл.

Толғанай. Мирас?..

Мирас. Шын айтамын, Толғанай... Мен сені сүйемін, бірақ менімен қалатын болсаң, өз өміріңді құртасың. Қызымыздың да өміріне қауіп төнеді. Мені қашан үйге бір топ жігіт іздеп келеді, не істейді, мен білмеймін.

Толғанай. Қайтарамыз, Мирас, қорықпашы.

Мирас. (пауза) Менің өмірімдегі ең үлкен қорқыныш – сендерден айырылып қалу...

Толғанай. Қорықпашы, жаным...

Мирас. (пауза) Адамның бәрі сені ақшаң бар кезде жақсы көреді. Кез-келген нәрсе ақша тұрады. Сондықтан, мен ақшасыз қалудан қорқамын, Толғанай. (көзі жасаурап). Құдды бір мен сен қалаған нәрсені әпере алмай қалсам, қызымызға керек нәрсені әпермесем, сендер менен кетіп қалатындай сезілетін... Әлі де. Сол үрей үнемі қайдан болсын ақша табуға итермелейді де тұрады. Шамам жетпей, өліп бара жатсам да, ақша табуым керек. Бір сәт дамылдауға болмайды, ақша, ақша, ақша... Ақшаң болмаса, ешкім де емессің.

Толғанай. Олай емес, жаным. Махаббат керек адамға. Мен ақшадан қысылған емеспін, әрине сенің арқаңда, бірақ маған одан бұрын сен керексің, Мирас. Сенің маған көңіл бөлгенің, менімен уақыт өткізгенің, еркелеткенің, сүйгенің керек. Қызымызға да... Ол тіптен ақшаның не екенін білмейді де. Бірақ, сен жоқсың біздің жанымызда. Жұмыста боласың, букмекерде боласың, үйде жүрсең, ойың басқада, шаршап, мазаң болмай... Сен затқа айналып бара жатсың, түсінесің бе... (пауза) Сұлулық салонына барсам, мен сен үшін барамын. Сен көңіл аударсыншы деп. Бірақ сен шашымды бояғаныма, қысқартқаныма мән бермейсің. Мен сенен көңіл бөлуіңді сұраған сайын, қолыма ақша ұстатып жібересің. Саған сөздің суммасы ғана маңызды. Алайда, мәселе тіптен онда емес қой, Мирас. Өзімді тірі адам сезіну үшін серуендеп қайтамын, құрбыларыммен кездесемін, кафеден тамақтанғым келеді, жай ғана тірі екенімді сезіну үшін, түсінесің бе? Ақшаның түк те қатысы жоқ. Үйде мен өзімді тура сен секілді зат сезінемін. Сол бір сезімнен арылу үшін сыртқа шыққым кеп тұрады... Киіммен, гаджетпен сол бір бостықты толтыруға тырысамын...

Мирас. (бір түрлі мимикамен, жынды адам секілді) Кейде маған осының бәрі – өтірік сияқты... Махаббат та, достық та, жұмыс, тіршілік... Үлкен бір өтіріктің ішінде өмір сүріп жүргендей боламын. Өзіме сыртымнан қарасам, күлкім келеді. Өлгенше, қарқылдап күлгім кеп... Ішімде сондай бір күлкі бар, бүкіл әлемді келеке қылатын күлкі, егер соны сыртқа шығарып күлетін болсам, жынданып кететін сияқтымын. Сенің қазір айтып жатқан әңгімең де... өтірік секілді. «Бір күні барлық қарызымды жабамын, бәрі жақсы болады» деген мен сенетін ертегі секілді, күлкілі... Сенің махаббатың... Сен мені сүйгеннен жанымда қаламын деп тұрған жоқ тәріздісің; осындай қиын кезде мені қолдап, өзіңнің қандай мықты әйел екендігіңе өзіңді сендіргің келетіндей ме... Білмеймін, бірақ маған солай көрінеді. Бәріміз өзімізді қатты жақсы көру үшін істейтін сияқтымыз бәрін. Маған мысалы, сенің жаныңда болған ұнайды, өйткені өзімді еркек сезінемін, проблемаларды шешемін, саған қамқор боламын, азық-түлікпен қамтамасыз етемін, ал сен бұларды істеуді менің мойныма артып қоясың. Өйткені, сен – еркек үйдің асыраушысы деп санайсың. Ал маған асыраушы болған, мықты болған ұнайды. (пауза) Саған өзіңді ерке сезінген, біреудің қамқорлығында жүрген, қауіпсіздікте, қалаған нәрсеңе қол жеткізген ұнайды. Сол үшін де біз үйленген шығармыз... Әркім өз пайдасы үшін шешім қабылдайды, ал біз оны махаббат, сүю, түсінісу, достық дейміз...

Толғанай. (дірілдеп) Солай ойлайсың ба?

Мирас. Ең жаманы не, айтайын ба?.. Сен адаммен шынымен сөйлескің кеп, сырыңды айтқың кеп тұрады, бірақ ол бүкіл әңгімеңнен қашан қарызға ақша сұрайтыныңды күтіп отырады... Ешкім сенбейді... Білдіріп қоятын мимикалары... Кекетіп... Тура сол кезде өзімнің шынымен әңгімелескім келді ме, әлде қарызға ақша сұрайын деп пе едім, ажырата алмай қаламын. Бейне бір симуляция жасағандай болам өзім. (пауза) Қазір де сенің алдыңда, өзімді ақтап алатын бірдеңе іздеп тұрғандай... 

Толғанай. (жылы үнмен) Мирас... Сенің жаныңда қалсам, өзімді жақсы көрем бе, жоқ, өмір бақи кетіп қалмағаным үшін өкінемін бе, білмеймін, бірақ мен сені сүйетіндіктен, сенің жаныңда қаламын. Кейін не болады, бәрібір. Маған ешқандай зат та, ақша да керек емес. Мен сені жақсы көремін. Өзің осындай жағдайда жүрсең де, мені ойлап айтпадың, бірде-бір рет сыр білдірген емессің, бірде-бір рет бетімді қайтарған емессің, қазір де мені ойлап, кет дейсің, жоқ. Мен кетпеймін. Әркім өз пайдасын ойлайды дейсің, бәлкім солай да шығар, бірақ мұның бәрін өзің ешкімге сене алмайтындықтан айтатын сияқтысың. Ақша таппай қалсам, кетіп қалады деп ойлағаның – маған сенбегеніңнен. Ақшам жоқ болса, бәрі теріс айналады деуің де... Жоқ, Мирас, өмір олай емес, маған бәрібір, сенің ақшаң бола ма, жоқ па, сен қандайсың, бәрібір. Мен өмір бақи кедейшілікте ғұмыр кешсем де, бір шыны қара шайымды сенімен ішкім келеді. Маған бұл өмірде сен қымбатсың, тек маған сенші. Құласаң, бірге құлаймын, тұрсаң, бірге тұрамын, тек сенші маған, Мирас. (жылайды.)  (құшақтасады, Мирастың көңілі босайды) Әрнені ойлап тауып ала бермеші... Мен сені сүйемін... өле-өлгенше жаныңда боламын, жаным... Өз-өзіңді алдамашы тек...

Мирас. (дауысы дірілдеп, құшақтасып тұрып) Шай ішейікші...

Ән айтылады.

Толғанай шай дайындауға кіріседі. Мирас оған сүйсіне, қимай қарап тұрады да, кері айналып, кетіп қалады. Толғанай дастархан жайғанда қараса, Мирас жоқ. Толғанай жылайды.

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Сахна екі Бейтаныс шығады да, бір біріне бас изеп, «бұл әлемде махаббат қалмапты» дегенді ишарамен білдіреді де, сахнадан шыға бергенде, Нәдия мен Біржан сахнаның екі жағынан шығады.

НӘДИЯ. Біржан! Біржан?! (пауза) Мен тек сені сүйетінімді түсіндім! Сені ғана! Бар болмысыңмен жақсы көремін! Кешірші мені... Егерде сенен басқаға тұрмысқа шықсам, өзіме ең үлкен әділетсіздік жасайды екенмін! Түсінесің бе мені? Кешіре аласың ба мендей ақымақты?.. Біржан? Жаным?

Екеуі жүгіріп кеп, құшақтасады. Екі бейтаныс бір-біріне қарап жымияды да, жөндеріне кетеді. Ән айтылады. Сахнаға барлық жұп шығып, бір-бірімен табысып, құшақтасып билейді.

Шымылдық.