Алматыда суға батқан баланы құтқарған жігіт марапатталды

Марапатты ТЖ министрінің атынан Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев табыстады.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен 2024 жылғы 27 қазанда Алматыда болған баланың өмірін судан құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Қызылорда қаласының тумасы Әлихан Сәкенұлы Жақсылық «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марапатты ТЖ министрінің атынан Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев табыстады. 

«Шұғыл іс-әрекетіңіздің  арқасында қайғылы жағдайдың алды алынып, баланың өмірін  құтқарғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз», – деді ТЖД басшысы.

25 жастағы құтқарушының айтуы бойынша, 27 қазанда Қызылорда қаласынан  жалға алатын пәтер іздеп келген Әлихан сағат 14.00 шамасында Есентай өзені Мақатаев көшесінің қиылысындағы жағалауында келе жатқанда  балалардың көмекке шақырған айғайын естіген.

 Бірнеше секундтан кейін  суға батып бара жатқан досы туралы көмек сұраған баланың жүгіріп келгенін айтты.

Бала Есентай өзенінің каскадында тұрып, суға құлап, оны қатты ағын алып кеткен екен. Қас қағым сәтте өміріне  қауіп төнгеніне қарамастан, Ә.Жақсылық дереу темір қоршаудан секіріп, суға батып бара жатқан баланы құтқаруға кірісті.  Судың үлкен ағынынан  әлсіреген баланы жер бетіне көтеріп, Ә.Жақсылық өзін батырлық пен адамгершіліктің үлгісі ретінде баршаға танытты.