Біз кімнен қарыз алмадық?
Біз кімнен қарыз алмадық?
Былтыр жер бетіндегі мемле­кет­тердің сыртқы қарызының жал­­пы кө­лемі 188 трлн АҚШ дол­ларына жетті. Ха­лықаралық валю­та қорына сенсек, бұл сома әлем­дік жалпы ішкі өнімнің 230 пайы­зын құрайды. Біле­тіндер бұл ре­­корд­тық көрсеткіш деп отыр. Соң­ғы рет мұндай жағ­дай екінші дүние­жү­зі­лік соғыс кезінде тіркел­ген екен. Ал Қа­зақстан­ның сыртқы қарызы қанша? Біз кімге қарыз­быз? Президент жанындағы Қазақстан стра­тегиялық зерттеулер институтының бас ғы­лыми қызметкері Вячеслав Додоновтың айтуынша, әлем елдерінің сыртқы қары­зының тең жартысы АҚШ, Жапония және Қытайдың еншісінде. Сырттай қарағанда бай елдер, бірақ сыртқы қарызы шаш етек­тен. Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, Еуроодақтың да сыртқы қарызы аз емес – 16,5 трлн доллар. Экономикасы өркендеген еуропалықтар да сырттан қарыз ала ма деп таңғалудың жөні жоқ, себебі экономиканы қарызсыз көтеру мүмкін емес. Әрі-беріден соң қарыз қайтара алатын елдерге ғана беріледі. Ал дамушы елдерге ойланып барып берсе, кедей елдерге грант аударғанды жөн санайды. Себебі кедей елдің қарыз қайтару қабілеті төмен. Содан соң сыртқы қарызы бар елдің инвестициялық тартымдылығы болады екен, тек алған қарызды уақытында қайтарып, абыройды сақтап тұрса болғаны. Ал біздегі жағдай қалай? Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы борышы 2019 жылғы 1 қазандағы жағдаймен айтқанда, 157,7 млрд доллар, оның 13,4 млрд доллары – мемлекеттік сектордың, 4,6 млрд доллары – банк секторының, 41,2 млрд доллары – «басқа секторлардың» берешегі, қалған 98,5 млрд доллар фирмааралық қарызды құрайды. Айта кетерлігі, Қазақстан былтыр тоғыз айдың ішінде сыртқы қарызды 1 млрд долларға азайтты. Жалпы, соңғы екі жылда сыртқы қарыз 6,4 пайызға қысқарған. Сыртқы қарыз еліміздің жалпы ішкі өнімінің 20 пайызын ғана құрайды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Алайда осы тұста аталған цифрлар нақты ма деген сұрақ туындайды. Себебі ресми статистикада біздің ел алған қарыздардың шарты, мерзімі, пайыздық мөлшері туралы ақпарат еш жерде көрсетілмейді. Соның салдарынан біз қай қарыздың тиімді яки тиімсіз екенін сараптай алмаймыз. Тағы бір өзекті мәселе, қарыздың қайсысы құбылмалы пайыздық ставкамен, қайсысы нақты белгіленген пайыздық ставкамен алынғаны айтыл­майды. Ал бұл – өте маңызды ақпарат. Өйт­кені құбылмалы пайыздық мөлшерлеме, атауы айтып тұрғандай, уақыт өте келе өз­геруі мүмкін, себебі ол жаһандық LIBOR ставкасына тәуелді. Жалпы, сыртқы қарыз туралы қажетті ақпараттың жетіспеуі қарызы туралы объективті пікір білдіруге көп кедергі. Мысалы, АҚШ-тың сыртқы қарыз туралы мәліметті америкалықтар ғана емес, кез келген елдің азаматы интернеттен көре алады. АҚШ қарызының есептеуіші деп аталатын платформада (https://www.usdebtclock.org/ ) сыртқы қарыз туралы ақпарат секунд сайын жаңарып тұрады. Бізге осындай есептеуіш қажет-ақ.  

  width=

Есте болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында сыртқы қарыз туралы мәліметті бұқараға ашық етуді тапсырды. Сол тап­сырмаға сәйкес, алдағы сәуір айында Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен Ұлттық банк сыртқы қарыздың бірыңғай реестрін жасауы тиіс. Біз реестрде мемлекеттің сыртқы қарызы туралы егжей-тегжейлі ақпараттың болғанын қалар едік. Сонымен бірге қарыз туралы несие шарт­тарының толық мәтіні жарияланса да, құба-құп. Сонда ғана халықтың сыртқы қарызға деген көзқарасы өзгереді. Әйтпесе, Қы­тайдан несие алды деген ақпарат шыққан сайын өре түрегелуді доғармайды. Шын мәнінде, Қытай Қазақстанға инвестиция салатын елдердің ішінде 5-орында. Қазақ­стан бірінші кезекте Нидерландқа қарыз, сомасы – 45,19 млрд доллар, бұл цифр біздің елдің жалпы сыртқы қарызының үштен бірін құрайды. Айта кетерлігі, соңғы бір жылда осы ел алдындағы қарызымыз 3,8 миллиард долларға азайған. Ал Ұлы­брита­нияға 24,22 млрд доллар қарызбыз. Оның ішінде үкіметтік сектордың қарызы – 6,47 млрд. Жалпы, бұл елге қарызымыз бір жылда 2,83 млрд долларға артқан. Қазақ­станға несие берушілердің үштігіне АҚШ кіреді. 2019 жылдың қазан айының басында АҚШ-қа 13,03 миллиард доллар қарыз едік. Бұл негізінен отандық кәсіпорындардың шетел компаниялары алдындағы міндет­темесі екенін айтуымыз керек. Одан кейінгі орында Франция мен Қытай тұр, бұл елдерге тиісінше 11,74 және 10,45 млрд доллар қа­рызбыз. Қытайдан алған қарыздың жар­тысынан астамы «басқа секторлардың» қарызы. Осы тұста астын сызып айтар мәселе – мемлекет Қытайдан алынған қарыздың 11 пайызына ғана кепілдік береді. Жалпы, біздің елге ірі несие берушілердің алғашқы ондығында халықаралық ұйымдар, Ресей, Жапония мен Гонконг бар. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, Қазақстан алпыстан аса елге қарыз екен. Біз алпауыт елдерден ғана қарыз алмаймыз. Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті Эквадор, Алжир, Бангладеш, Венесуэла, Гондурасқа да берешегі бар елміз. Ал бұл елдерден қарызды қандай мақсатта алғанымыз қоғам үшін ашық емес. Әзірге сыртқы қарыз туралы мәліметті Ұлттық банктің ресми сайтындағы «Қазақстан Республикасының төлем балансы және сыртқы борышы» деп аталатын есебінен ғана көре аламыз. 2020 жылдың қаңтарында жарияланған бұл құ­жатта сыртқы борыш туралы біраз мәлімет алуға болады. Бірақ сыртқы қарыз туралы сұрақтың бәріне бірдей жауап таба алмайсыз. Бәлкім, алдағы сәуірде Президент айтқан реестр іске қосылса, іздегеніміз алдымыздан сұрамай-ақ табылар...   Халима БҰҚАРҚЫЗЫ