Ауыл тұрғындарымен кездесу өтті

Мемлекет басшысы қоғамдық қабылдаулардың маңызды екеніне тоқталып, азаматтармен кездесудің тиімділігін арттыруды тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері бүгінде ел ішіне мобильді қоғамдық қабылдаулар, көшпелі жеке қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырып тұрады.

Партия билік пен қоғам арасындағы нақты байланыстырушы буын болуы үшін өз сайлаушыларының мүддесін қорғауға тиіс. Қазір алдымен сайлау кезеңінде айтылған уәделерді орындау үшін қоғамдық қабылдаулардың барлық әлеуетін іске қосу жүйелі жүзеге асып келеді. Яғни, партияның қо­ғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен ке­летін азаматтар үшін тартымды орынға айналып отыр. 

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов Қарашық ауылдық округі, Құмтүйін елді мекенінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарымен кездесті. Қабылдауға 40-қа жуық ауыл тұрғыны қатысып, елді мекендегі түйіні тарқатылмай жүрген бірқатар мәселені көтерді. 

Қабылдауға келген Ұлмекен ана қазір жекеменшік мектептердің көбейіп кеткеніне көңілі толмайтынын, ондағы білімнің сапалы екеніне күмәнмен қарайтынын жеткізді. Ол мемлекеттік білім мекемелері көптеп салынғанын құптайды. Одан бөлек, ауыл тұрғыны, зейнеткер Е.Мырзабеков ауылдағы мектеп 1976 жылы 120 оқушыға арналып салынғанын, қазір білім ұясының тозығы жетіп, бала санының көптігінен сыймай жатқанын тілге тиек етті. Енді мұнда кемі 500 балаға арналған жаңа мектеп керек. Ауыл тұрғынының өтінішін тыңдаған Баймахан Тоймаханұлы бұл мәселе бо- йынша облыстық және республикалық бюджетке ұсыныс беріп, назарда ұстайтынын жеткізді.

«Құмтүйін» мектебінің бір топ мұғалімі де осы мәселені қозғап, тіпті қосымша білім беруге кабинеттердің жетіспейтінін қынжылыспен жеткізді. Сонымен бірге «Құмтүйін» мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Абишева оқушылардың сабақтан кеш, қараңғы түсіп кеткенде қайтатынын айта келе, көшелерді жарықтандыру мәселесін қолға алуды ұсынды. Оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдайтындықтарын айтты. Одан бөлек, ауылға жаяу жүру жолдары(тротуар) керек. Себебі қыс мезгілінде оқушылардың көлік жүретін жолдармен жүруі жол-көлік оқиғаларының болуына себеп болуы мүмкін.

Қабылдауға қатысқан ауыл тұрғыны, Түркістан облысының аға биі Т.Егембердиев қабылдауға келгендердің ең маңызды мәселесі – облыс орталығына ең жақын ауыл ретінде Құмтүйін ауылының дамуына көңіл бөлуді назарда ұстап, жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін ауылға жаңа мектеп керек екенін жеткізіп, қабылдауда көтерілген мәселелер аяқсыз қалмауын сұрады. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған халық қалаулысы мәселелердің оңтайлы шешілуі бойынша заң аясында тиісті мекемелермен бірлесіп, жұмыс атқаратынын жеткізді.

Әсет ҚАЛИ