Ел игілігіне – жаңа терминал

Сыр өңірінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бой түзеген «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа терминалдың ашылуына Премьер-Министр Олжас Бектенов қатысты.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шең­бе­рінде іске асырылған жоба өңірдің сауда-эко­номикалық, туристік әлеуетін дамытуға және халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Әуежай кешенін іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге, яғни жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырады. Жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы­ның (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес салынған. 

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында көлік-логистикалық секторды дамытуды стра­тегия­лық басымдық» деп ерекше атап өтті. «Қор­қыт Ата» әуежайының жаңа терминалы – өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфра­құрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі ту­ризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет бизнестің заманауи, сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған баста­маларын толық қолдайтын болады – бұл біздің еліміздің болашағына қосылған үлес», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Сыр халқын жаңа терми­налдың ашылуымен құттықтай келе, жобаның іске асырылуын қысқа мерзімде қамтамасыз еткен жандарға алғысын білдірді.

Үкімет басшысы келесі кезекте жолушыларға ішкі және халықаралық рейстердің қызмет көрсету барысымен танысты. Жалпы ауданы 7 500 шаршы метр болатын жаңа терминал телескопиялық бас­палдақтар, қол жүгін тексерудің автомат­тан­дырылған жүйесі және басқа да озық технология­лармен жаб­дық­талған. Жобаны іске асыруға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфра­құры­лымға, автожол салуға, әуежай аумағын абат­тандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

«Қорқыт Ата» Әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаевтың айтуынша, өңірде жолаушылар ағынының жыл сайын өсіп келе жатқаны ескеріліп, терминалдың межелі уақытта іске қосылғанын жеткізді. Атап айтқанда, биылғы 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артық көрсеткішке ие. Қазір аптасына 26 ішкі рейс жүзеге асырылады. Оның 17-сі Астанаға, 9-ы Алматыға жолаушылар тасымалдайды. Бұған қоса, осы жыл­дың маусым айында Түркияның Анталья қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қо­сылған. 

Ашылу салтанатында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов алдағы уақытта Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ «Қызылорда–Көкшетау», «Қызылорда–Ақтөбе», «Қызылорда–Қарағанды» сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

«Қызылорда облысы арқылы біз өңірлерді мемлекет тарапынан қолдау шараларының оң нәтижелерін көріп отырмыз. Бүгін жерлестеріміздің арманы орындалып, жаңа әуежай терминалы ашылып отыр. Мемлекет басшысына өңірге ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл әуежай қатынасының сапасын арттырып қана қоймай, барлық саланың өркендеуіне зор ықпал ететініне сенеміз», – деді өңір халқы атынан сөз алған Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев.

Сыр халқы жаңарған әуежайда жолаушылардың барлық санаттары үшін жасалған қызмет сапасына ризашылықтарын білдірді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы