Күзетке де күзет керек

«Қасқырға қой бақтыру» деген терең астарлы сөз бар. Кейбір күзет фирмасы қызметкерінің өзіне сеніп тапсырылған нысанды тонауын осыған теңеуге болады.

Қаңтар оқиғалары кезінде кейбірі бүлік пен мародерлікке қатысқаны әшкереленді. Салаға арналған заңнаманың солқылдақтығы күзетшілердің бетімен кетіп, тәртіптің қожырауына соқтырған. Сондықтан Ішкі істер министрлігі салада реформа бастап жатыр. Ол күзет фирмаларына мемлекеттік бақылауды күшейтуді қарастырады. Себебі бұлар – қару қолдана алатын жалғыз жеке ұйымдар.

Бұл кімге арналған әлеуметтік лифт?

Күзет қызметінің реформасына Ұлт­тық экономика министрлігі де атса­лысып көрді. Ведомство Кәсіпкерлік ко­дексінің 24-бабының 4-бөлімінің 11)-тар­­мағын алып тастауды ұсынды. Өйткені онда: «Мемлекеттік қолдау және Қазақстан заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін: күзет қызметі шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъек­тілері деп танылмайды», – деп қадап айтылған. 

Экономика министрлігі өзі әзірлеген заң жобасына түсініктемесінде осы «шағын қауіпсіздік ұйымдарын» әлеуметтік лифт деп атады. Тиісінше, оларға жеңілдік беруді ұсынды. 

– Бұл қызметтің әлеуметтік маңызына назар аудару керек. Күзет фирма­лары қызметкерлерінің негізгі бөлігі –әдетте, 19 жастан 60 жасқа дейінгі ең­бекке қабілетті ер адамдар, отағасылар. Көп жағдайда олардың жоғары білімі және қандай да бір кәсіби дағдылары, біліктілігі жоқ. Сондай-ақ қа­лалардан тыс жерде тұратындар. Олар­дың арасында ІІМ, ҰҚК, прокуратура, қорғаныс министрлігі сияқты күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері көп. Осылайша, күзет агенттіктері қоғамның едәуір қабатын жұмыс орын­дарымен және табыспен қамтиды, – деді экономика министрлігі. 

Алайда артынша қаңтар оқиғалары болды, жаппай бейберекетсіздік кезінде күзет фирмаларының еш қауқар таныта алмайтыны айқындалды. Экономика ведомствосы әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы ақыры 2024 жылғы 6 сәуірде қабылданды. Парламент одан күзет ұйымдарына жеңілдіктерді, соның ішінде мемлекеттік қолдау көрсету үшін олардың микрокәсіпкерлік субъектісі болып құрылуына рұқсат ететін норманы алып тастады. Сарапшылардың түсіндіруінше, «азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымымен байланысты қызметтерге» микробизнес ретінде жұмыс істеуге жол беруге болмайтын көрінеді.

Бұдан айырмашылығы сол, Ішкі істер министрлігі ұсынып отырған ре­форма күзет фирмаларына жеңілдік жа­сауды емес, керісінше талапты қатайтуды көздейді. Ведомство «Кейбір заңнамалық актілерге күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі.

ЖКҰ жөнге келтіріледі

Сарапшылардың айтуынша, ІІМ бақылауындағы кәсіпкерлік субъекті­леріне – жеке күзет ұйымдарына (ЖКҰ), сондай-ақ бұл ұйымдарда басшы, күзетші лауазымын атқаратындарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтарына (МОО) тиісті мемлекеттік бақылау жоқ. ІІМ Күзет қызметін бақылау департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ануар Бай­дүйсеновтің мәліметінше, жаңа заң жобасы осы олқылықты түзетуге бағытталған. Құжат осы субъектілерді қамтиды. 

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ішкі істер органдарында есеп­те 3 969 ЖКҰ тұр. Оларда 97 806 күзетші істейді. Бұл ретте 1 547 жеке күзет қыз­метінің иелігінде 22 мың 479 бірлік қызметтік қару бар. 

Мұның сыртында елде 81 ресми тір­келген мамандандырылған оқу орталығы жұмыс істейді. Олардың қолында 458 бірлік қару бар. Ендеше қаруланған ұйымдарға бақылауды кемітпеген, қайта күшейткен жөн. Ішкі істер органдарының өкілі ЖКҰ және МОО-лар –қызметтік қару-жарақ пен арнайы құралдарды пайдалануға, бар жерде өзімен бірге қару алып жүруге және оларды сақтауға рұқсаты бар жалғыз бизнес өкілдері екенін атап өтті.

Соған қарамастан оларды бақылау жағы кемшін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы қарулы ұйымдарға мемлекеттік бақылау келесі тәсілмен жүзеге асырылады: жоспардан тыс тексеру, бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау және бармай профилактикалық бақылау.

Біріншісінің нәтижелері ауыз толтырып айтуға да келмейді. Мысалы, 2021 жылы жоспардан тыс 13 тексеру жүргізілді, бұл сол кезеңдегі ЖКҰ-лардың (3 225) жалпы санының 0,4%-ы ғана. Соның ішінде 10 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлмен құтылды. 2022 жылы – жоспардан тыс тексеру саны 16 болды, бұл 3 607 ұйым­ның 0,4%-ы. 9-ы айыппұлмен жа­заланды. 2023 жылы 24 тексеру жүргізілген. Бұл барлық 3 969 субъектінің 0,6%-ы ғана. 20-сына заң бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік шарасы қолданылды.

Екінші тәсілді де тегеурінді деу қиын. Бақылау субъектісіне бару ар­қылы профилактикалық бақылауды тағайындауға реттеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы бекіткен бақылау субъектілерінің жартыжылдық тізімі негіз болады. Бұл бақылауды жүзеге асыру үшін ол басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын ескертуі керек. Салдарынан, күзет фирмалары осы уақытта кемшілік атаулыны жойып, жаманын жасырып үлгереді. 

2021 жылы бару арқылы 52 профилактикалық бақылау жүргізілді, бұл олардың сол кезеңдегі жалпы санының 1,6%-ы ғана! 2022 жылы – 78 субъекті немесе 2,1%-ы, 2023 жылы – 77 нысан немесе 1,9%-ы ғана бару арқылы профбақылауға алынды. 

Үшінші тәсіл – «бақылау субъектісіне бармай профилактикалық ба­қылау» жылына кемінде 1 рет жүзеге асы­рылады. Ол әдетте субъектіден оның қызметінің күзет саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігі туралы ақпаратты сұрау жолымен жүргізіледі. ЖКҰ-лар мен МОО-лар өзінің қандай заң бұ­зушылықтар жасағанын сонда санамалап, тізімін беретіндей аңқау болмаса керек. Сонымен бірге профилактикалық бақылаулардың қорытындысында әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалмайды, тек ұйғарым-ұсынымдар жолданады. Субъектіге бұзушылықты жою тәртібі түсіндіріледі. 

Қорыта айтқанда, сарапшылардың пайымдауынша, қолданыстағы мемлекеттік бақылау жүйесі аталған субъектілердің өзіне қойылатын барлық талапты сақтауын толыққанды бақы­лауға мүмкіндік бермейді.

Ішкі істер министрлігі сондай-ақ жеке күзет фирмаларына мысалы, радикалды, жат діни ағындарды ұстанатын тұлғалардың тартылуына, тиісінше, қызметтік қарудың солардың қолына түсуі мүмкіндігіне қатты алаңдаушылық білдірді. Ведомствоның тұжырымдауынша, бұл жағдайлар оперативті ахуалдың нашарлауына және тұтастай алғанда, елдегі құқықтық тәртіптің тұрақсыздануына соқтыруы ықтимал. 

Мысалы, жедел қызметтердің дерегінше, 2022 жылғы қасіретті қаңтар оқиғаларында жаппай тәртіпсіздік пен мародерлікке жеке күзет фирмалары қызметкерлерінің қатысу фактілері әшкереленді. ЖКҰ-лардың 10 қызметкері үстінен 6 қылмыстық іс қозғалды.

Жаңа реформа не ұсынады?

Атап өтер жайт, қазір тіпті мектеп, балабақша, университеттерді күзету де жеке күзет ұйымдарына табысталды. Сондай-ақ олар сауда ойын-сауық орталықтары, кеңселер мен іскерлік ғимараттар, базарлар және басқа «террористік тұрғыдан осал» саналатын, бұқара көп жиналатын объектілерді күзетеді. Сол себепті оларға мемлекеттік бақылауды күшейту көкейкесті бола түсті. 

Осы орайда ІІМ реформа аясында, жаңа заң жобасында басты екі жаңашылдықты ұсынып отыр. Біріншіден, онда бақылауға кедергі қоятын Кәсіпкерлік кодекстің ЖКҰ мен МОО-ға қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бөлігіндегі талаптарын алып тастау ұсынылады. Оның орнына «Күзет қызметі туралы» заңды тексеру жүргізудің жекелеген тәртібін қамтитын жаңа баппен толықтырмақ.

Екіншіден, егер күзет ұйымдары өз қызметін уақытша тоқтатса немесе қайта бастаса, сондай-ақ өзі заңды тұлға ретінде тіркелген жерден тыс, өзге өңірге барып, сонда күзет қызметтерін көрсетуге кіріссе, 5 жұмыс күні ішінде сол туралы жергілікті полицияны хабардар етуге міндеттеу қарастырылған. 

Өйткені күзет қызметімен айналыс­уға лицензия шектеусіз мерзімге, мәңгілікке беріледі және ол Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылады. Осыны пайдаланып, мысалы, өңірде тіркеліп, сонда лицензия ала алған біліксіз күзет фирмасы Астанада қызмет көрсетіп, табыс таба алады, оның келгенінен астаналық полицейлер де хабарсыз болады. Жаңа заңды Парламент қабылдаса, онда елдің бір өңірінде лицензия алған соң өз қызметін басқа өңірде жалғастырғысы келген, қызмет өрісін кеңейткен ЖКҰ-лар ішкі істер органының жергілікті бөлімшесіне сол жөнінде хабарлауға міндеттеледі. 

– Бұл – қажетті шара. Мұндай жаңа реттеуші құрал мен талапты енгізбей ЖКҰ-ларға қатысты тиісті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мүмкін болмайды. Сонымен қатар осы жаңа талап бақылауды жақсартады және олардың заң талаптарын бұзуын елеулі төмендетеді. Жекеменшік күзет ұйымдарына мемлекеттік бақылау әлсірей берсе, бұл құрылымдар қылмыстық мақсаттарда пайдаланылуы, халықтың өмірі мен денсаулығына жаппай қатер төндіруі, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін, – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігінің сарапшылары. 

Мәселен, Ақмола облысының Ақ­көл қаласындағы күзетілетін объектіде «Қазавиақұтқару» АҚ-ның мүлкін бүл­діру фактісі болған. Оқиғаның мән-жа­йын анықтау барысында әшкереленгендей, «Хан Шыңғыс» жеке күзет ұйымы» ЖШС-мен арада күзет қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасалған. Бұл күзет ұйымы Астанада (құжатында – Нұр-Сұлтан) тіркелген және жергілікті бақылаушы органды құлағдар етпей, Ақмола облысының аумағында өз қызметін жүзеге асырған. Бұл ЖШС бұған дейін клиенттерінің, объектілерінің болмауына байланысты өз қызметін тоқтатыпты. Оның кәсібіне қайта кіріскенінен елордалық уәкілетті орган да хабарсыз болып шықты. 

Аты бар, заты жоқ күзет фирмаларының қаптауы қауіпсіздіктің дегра­дациясына соқтыруы мүмкін. Абай айтқандай, «Күн жауғанда – қойныңда, күн ашықта – мойныңда» болатын күзетсымақтар қауіп төнгенде көмекке жетпейді. Мұндай жағдайға тап болмау үшін күзет фирмасының маманы Руслан Мырзабосын кәсіпкерлерге ЖКҰ-ға сеніп, бейғам қалмауға, ұры кірсе, есік-терезені темір құрсаумен бұғаттап тастайтын заманауи жүйені орнатуға кеңес береді.

– Объектінің қауіпсіздігіне баса мән берген жөн. Онда күзетпен хабарлаудың заманауи жүйелерін қолдану керек. Тек сонда ғана ұры-қары және басқа қаскөйлердің объект аумағына заңсыз енуінің алдын алу, олар басып кірсе, жедел шара қабылдау мүмкін болады. Бірінші кезекте кез келген маңызды объектіні жазбаны архивациялау функциясы бар бейнебақылаудың телевизиялық жүйе­сімен жабдықтаған абзал. Сонда бейнекамералар жазбасы кейін қылмысты ашуға көмектесіп, айғаққа айналады, – деді Руслан.

Сондай-ақ қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, мүлікті сақтау үшін объектілер күзет-дабыл сигнализациясымен жарақтандырылуы, онысы орталықтандырылған бақылау пультіне шығарылуы қажет. Сонда әлдеқалай жағ­дай бола қалса, жедел топ экипажы шұғыл жетеді. Клиенттің қаражаты же­тіп жатса, күзет фирмалары объектінің өзінде бекет ашып, күзетшілерін отырғызады.

Сарапшының айтуынша, жеке күзет ұйымы атына заты сай, салмақты болса, ұрлық пен қарақшылыққа жол бермейді, жол беріп алса, келтірілген шығынды өзі өтейді. Беделін басты орынға қоятын лайықты фирманы таңдау үшін маман біріншіден, ЖКҰ-ның лицензиясының барына, оның мерзімі өтіп кетпегеніне назар аударуға кеңес береді. Лицензия­ның берілген күні фирманың жұмыс тәжірибесінің молдығын не аздығын көрсетеді. 

Екіншіден, штатында лицензияланған қанша күзетшісі барын, қызметтік қару санын білген артық емес. Үшіншіден, мықты ЖКҰ-ның кеңсесі, тәулік бойы істейтін кезекші бөлімі, орталықтандырылған бақылау пульті және жақсы жарақталған мобильді топтары болуы шарт. «Жедел тобы» дабылдаған объектіге таксимен баратын фирмалар кездеседі. Қызметтік автомобильдер пар­кінің болуы, күзетшілерінің кілең қажыған зейнеткер емес, шыныққан шымыр жігіттер болуы, басқа жайттарға көңіл бөлу маңызды. 

Полиция дерегінше, 2021 жылы ел­де жеке күзет ұйым қызметкерлері жасаған 430 қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 2022 жылы бұл сан – 455-ке, 2023 жылы – 482-ге жетті. ЖКҰ қызметкерлері жасаған қылмыс саны жылдан жылға артып келеді. Олай болса, қару асынған күзетке де «қырық үйден тыйым» болса, құба-құп.

Елдос СЕНБАЙ