Көпшілік елімізде әуебилетінің бағасы қымбат екенін айтып, шағымданып жатады. Оған негіз де бар. 2012-2018 жылдар аралығында Қазақстанда әуебилетінің бағасы тоқтаусыз өсіп отырған. Ел аумағында орташа есеппен жылына 3 мың әуе рейсі жасалады. Оның үштен бірі сыртқы рейстерге тиесілі болса, қалғаны ішкі рейстер еншісінде. Соңғы жылдары ұшақпен сапар шегетін жолаушылар саны әлдеқайда артқан. Алайда әуе билетінің бағасы әлі де аспандап тұр.
Бағаның қалыптасу жүйесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде әуебилетінің бағасы Еуропамен салыстырғанда 30 пайызға қымбат екенін тілге тиек етті. Осы тұста шетелдегі механизм үлгісі мен мемлекетіміздегі бағаның қалыптасу үдерісін салыстырсақ. Жолаушылардың басым бөлігі әуебилетін онлайн рәсімдейді. Себебі онлайн билет сату сервистері қолайлы. Бірақ бұл сервисте де сағат сайын құбылып отыратын баға көңіл көншітпейді. Алайда сервисті кінәлаудың қажеті жоқ. Сайттағы билет құнының өзгеріп отыруы әуекомпаниясының баға саясатына тікелей байланысты. Компаниялар бағаны неге көтеруге әуес? Компаниялар жалпы билет бағасының құнын екі бөлікке жіктейді. Бір бөлігі – әуесапарының құны, яғни тариф болса, екінші бөлігі – компанияның әуежайға төлейтін қаражаты мен жанармайына, жалпы шығынына жұмсалады. Әуекомпаниялары әуежай қызметі үшін қанша қаржы төлейтіні қызықты болуы мүмкін. 2019 жылы қыркүйек айында Алматы халықаралық аэропортының Тарифтік саясат және қаржылық бақылау бөлімінің жетекшісі Арнат Ахметжанов елімізде компаниялар әуежай қызметі үшін жалпы билет құнының 7 пайызына ғана шығынданатынын айтқан еді. Әуежай қызметі қаржылық қиындық тудырмаса, билет бағасының тұрақсыздығына не себеп? Ал FlyArystan компаниясының сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова билет бағасының құбылуына басқа да факторлар әсер ететінін жеткізді. – Онлайн билет сатылым жүйесінде әр минут маңызды. Сондықтан жолаушылар билетті ертерек рәсімдегені абзал. Ол үшін адамдар сапарын алдын ала жоспарлағаны жөн. Бір клиент біздің компанияның сайтынан билет қарап, 5 минуттан соң сол билетті қайта кіріп сатып алам дегенше, баға өзгеріп кетеді. Бұл уақытта билетті басқа жолаушы сатып алып үлгереді. Тиісінше, кезекті билет қымбаттау болады, – дейді маман. Әуекомпанияларының баға саясаты уақытқа байланысты екенін осы тұста аңғардық. Бұл саясатты жолаушылар өз мүддесіне сапарын ерте жоспарлау арқылы ғана пайдалана алса керек.Бәсеке жоқ
Қазақстанда 59 әуекомпаниясы бар. Алайда олардың барлығы жолаушы тасымайды.Ішкі нарықта 54 бағыт бойынша 8 отандық компания ұшады. Соңғы 7 жылда транзитті жолаушылар ағыны 45 есеге өскен. Бірақ бұл деректердің барлығы әуебилет бағасындағы проблеманы жоя алмай тұр. Тіпті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиациядағы бас ауруына айналған мәселе осы екенін жасырмайды. Әуебилетінің қымбатшылығы жанармай бағасы мен жолаушылар санына байланысты екені түсінікті. – Мемлекет әуекомпаниялар үшін жағдай жасап отыр. Алайда бәсекелестік орта жоқ. Тек бәсеке болған жағдайда ғана билет құны төмендейді, – деді министрлік өкілдері.Ұшақ жанармайы мәселе ме?
Энергетика министрлігі былтыр Қазақстанда ұшақ жанармайының көлемі ұлғайып, бензин мен дизель өндірісі 10 пайызға артқанын жариялады. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы 10 айда өндірілген 10,5 млн тонна жанармайдың 524,5 мың тоннасы ұшақ жанармайы екен. Ресей мен Қазақстан аумағында ұшақ жанармайының тоннасы 616-672 доллардан сатылады. Энергетика министрлігі бұл бағаның тұрақты екенін және қандай да бір тапшылық жоғын мәлімдеді. Яғни, әуекомпаниялар үшін билет бағасын көтеруге жанармай себеп болмауы тиіс.Билет тағы да қымбаттауы мүмкін
Көршілес Ресейде туроператорлар қауымдастығы валюта бағамының өсуіне байланысты әуебилетінің қымбаттауы туралы ескерту жасады. Мәліметтерге қарасақ, Ресейде халықаралық рейстерге билеттер құны 10-12 пайызға қымбаттауы мүмкін. Ылғи экономикалық факторлар бірдей әсер етіп отыратын көршілес елдегі жағдай Қазақстанда да қайталануы мүмкін деген қорқыныш жоқ емес. Қазақстанда әуебилеттерінің бағасын әуекомпаниялардың өздері тағайындайды. Ал Air Astana әуекомпаниясы жағдайға байланысты сыртқы рейстерге билет бағасы қымбаттауы мүмкін екенін жасырмады. – Бәрі доллар бағамына байланысты. Егер америкалық валюта одан әрі көтеріле берсе, халықаралық рейстерге билет қымбаттайды. Ішкі рейстердің бағасы өзгермейді, – дейді компанияның баспасөз қызметі. Дегенмен SCAT әуе компаниясы бағаның өзгермейтінін айтып отыр. Түйін:2018 жылы Қазақстанда әуекомпаниялары әуежай қызметі үшін төлейтін тариф бағасы күрт өсіп кеткенін айтып шағымданды. Сол кезде British Airways, Air Baltic, Czech Airlines, «Победа» әуекомпаниялары Қазақстанға қатынайтын рейстерін тоқтатқан болатын. Ал билет бағасының мәселесі сөз болғанда, әуекомпаниялары әртүрлі дәйектерді келтіріп жатады. Біз мәселенің бір тұсын бәсекелестік ортаның болмауынан көреміз. Әуебилеттері турасында бір байқағанымыз – көп әуекомпаниялар мейлінше жауап беруден қашқақтайды. Ал жолаушылар жағдайын күйттемек ісі уақыт тоспаса керек.