Мемлекеттің қаржы саясаты бірінші кезекте нақты сектордың өркендеуіне бағытталуы тиіс - Президент

Президент Үкімет субсидия берудің ашықтығын толық қамтамасыз етіп, саланы нарықтық әдіс-тәсілдер арқылы нығайтуды қолға алуы тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы қаржы саясаты саласында мемлекеттік қолдаудың ауқымдылығын ескере отырып, есептеу мен қадағалаудың тиімділігін жолға қою қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Бүгін – Ұлттық валюта күні. Төл валютамыз – тәуелсіздіктің символы. Теңгенің тұрақтылығы Қазақстан экономикасының орнықты дамуына ықпал етеді. Мемлекеттің қаржы саясаты бірінші кезекте нақты сектордың өркендеуіне бағытталғаны дұрыс. Бұл салада мемлекеттік қолдаудың ауқымдылығын ескере отырып, есептеу мен қадағалаудың тиімділігін жолға қою қажет.

Менің тапсырмам бойынша ауыл шаруашылығындағы статистиканы бұрмалау, жалған құжат толтыру, көзбояушылық фактілерін түп-тамырымен жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде біз саланың нақты жағдайын бағамдай аламыз, экономикалық шығынға соқтыратын тиімсіз шешім қабылдамаймыз.

Үкімет субсидия берудің ашықтығын толық қамтамасыз етіп, саланы нарықтық әдіс-тәсілдер арқылы нығайтуды қолға алуы қажет. Бұл салада стратегиялық тұрғыдан сенімді әрі мұқият ойластырылған мемлекеттік реттеу тетіктеріне көшу маңызды, - деді Мемлекет басшысы.