Қар жауып, бұрқасын соғады: 16-18 қарашаға арналған ауа райы болжамы

Ел аумағы бойынша тұман түсіп, 15-25 м/с-ке дейін жел күшейеді.

"Қазгидромет" синоптиктері 16-18 қараша күндері ауа райы қандай болатынын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Еліміздің батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлеріне солтүстік-батыс циклон жырасы әсер етеді. Соған байланысты республиканың батысында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады, ал солтүстік-батыста және солтүстікте қар жауып, бұрқасын соғады.

Қазақстанның қалған өңірлерінде кең антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Ел аумағы бойынша тұман түсіп, 15-25 м/с-ке дейін жел күшейеді.

Сондай-ақ күндіз еліміздің батысында +2-10 градус жылы, солтүстік-батыста 5 градус суық, 5 градус жылы болады.

Солтүстікте, шығыста және орталықта 5 градус аяз, 2 градус жылы, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста 5-15 градус жылы болады деп күтілуде.