Оралда ауыр жүк көлігі мектеп ғимаратына соқтығысты

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар науқастың жағдайы ауыр екенін айтады.

14 қараша күні Орал қаласының орталығында үлкен жүк көлігі мектеп ғимаратына соқтығысқан. Дәрігерлердің айтуынша, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі инсульт алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz mgorod.kz-ке сілтеме жасап.

Апат сағат 22:00 шамасында болғандықтан, мектеп аумағында ешкім болмаған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ауыр жүк көлігі Мендалиев көшесімен келе жатып, алдымен HYUNDAI көлігіне соқтығысқан. Кейін екеуі мектептің қоршауын бұзып өтіп, ары қарай айналған жүк көлігі №36 мектеп ғимаратына кіріп кеткен.

"Ауыр жүк көлігінің 62 жастағы жүргізушісі Әзербайжан азаматы екен. Ол рөлде отырған кезінде есін жоғалтқан, ер адам нейроинсульт бөліміне жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша материал жиналды. Ауыр жүк көлігі айып тұрағына қойылды", – деп хабарлады ведомстводан "Мой город" басылымына.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы ер адамның инсульт алғанын растады.

"Жедел медициналық жәрдем бригадасы жүргізушіні қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді. Содан кейін ол нейроинсульт бөліміне "тілден айырылу белгілері бойынша геморрагиялық типтегі ми қан айналымының жедел бұзылысы" диагнозымен жатқызылды", – дейді дәрігерлер.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар науқастың жағдайы ауыр екенін айтты.