Қар, боран: синоптиктер елімізде қыста ауа райы қандай болатынын болжады

Елдің оңтүстік жартысында жауын-шашын жаңбыр мен ылғалды қар түрінде болады, ал таулы аймақтарда қар жаууы мүмкін.

Синоптиктер 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін ауа райы қандай болатынын болжады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Қазгидромет мәліметінше, консультативтік болжамға сәйкес, желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігінде жиі циклондық қызметтің әсері болады. Ол әдетте қар, боран және екпінді желмен бірге жүреді. 

Елдің оңтүстік жартысында жауын-шашын жаңбыр мен ылғалды қар түрінде болады, ал таулы аймақтарда қар жаууы мүмкін. 

Елдің батысы мен оңтүстігінде көктайғақ пен тұман жиі кездеседі. Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, солтүстік-батыс және солтүстік антициклондар ауа температурасын айтарлықтай төмендетуі мүмкін. 

Желтоқсан айында ауа температурасының ауытқуы жиі болады, бұл "температуралық әткеншек" деп аталады.

Елдің солтүстік жартысында айдың бірінші жартысында ауа температурасының түнде -18-23°С-тан -7-12°С-қа дейін, күндіз -4+1°С-тан 8-13°С-қа дейін ауытқуы мүмкін. Желтоқсанның екінші жартысында ауа температурасы түнде -25 -37 градусқа дейін, күндіз -15-25 градусқа дейін өзгеруі мүмкін, үшінші онкүндіктің кейбір күндерінде аяздың беті қайтады. 

Республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында ауа температурасы түнгі уақытта -10...-18 градустан 0-5 градусқа дейін, күндіз-0-5 градустан +3 +12 градусқа дейін ауытқиды. Желтоқсанның үшінші онкүндігінде жекелеген күндерде аяз түнде -15.-22 градусқа дейін, күндіз -5 -13 градусқа дейін күшеюі мүмкін. 

Қыстың алғашқы екі айында, яғни, желтоқсан және қаңтар айларында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын болуы ықтимал. Ақпан айында республиканың көп бөлігінде ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.