Ынтымақтастыққа тың серпін береді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясының директоры Нгуен Суан Тхангпен кездесті.

Әңгімелесу барысында Мемлекет бас­шысы бүгінде қазақ-вьетнам қаты­нас­тары қарқынды дамып келе жатқа­нын атап өтті. Президент Вьетнамға жа­­саған былтырғы ресми сапарын ықы­лас­­пен еске алды. Ханой сапары бары­сын­да жүргізілген маңызды келіссөздер екіжақты ынтымақтастыққа айтарлық­тай серпін берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуы­н­ша, Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шы­ғыс Азиядағы негізгі серіктесі. Қазақстан сау­да-экономикалық, инвестициялық, мә­дени-гуманитарлық салалардағы екі­жақты қатынастарды жан-жақты ны­ғай­туға дайын.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қа­зақстан мен Вьетнамның әлеу­меттік-эко­номикалық дамуын заң­намалық тұр­ғыдан қамтамасыз ету үшін пар­ла­мен­таралық ынтымақ­тас­тықты жандан­дыру­дың маңызына тоқ­талды.

Өз кезегінде Нгуен Суан Тханг елдің Орта­лық комитеті Саяси бюросы мен Ұлт­тық жиналысы Қазақстан Прези­ден­тінің Вьетнамға сапары кезінде қол жет­кізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру­ға белсенді атсалысып жатқанын айтты. Оның пікірінше, елдеріміздің ұстаны­м­дары ұқсас әрі БҰҰ, АӨСШК сияқты көп­жақты алаңдарда табысты ынтымақ­тас­тық орнатқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­ның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин атындағы Ұлттық сая­сат академиясы арасында ынтымақтас­тық жөніндегі меморандумға қол қойыл­ғанын құптады. Бұл құжаттың бірлескен ғы­лыми зерттеулерге тың серпін береті­ні­не сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Вьетнам Прези­ден­ті Лыонг Кыонгты келесі жылы Қа­зақ­станға сапармен келуге шақырды әрі оны Астана халықаралық форумымен орай­ластыруды ұсынды.