Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Жәнібек Шәйдікерім және барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, облыстық басқарма басшылары, партияның қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары қатысты.
Форумда партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев ауыл әкімдерінің алдында тұрған міндеттерін нақтылады. Сонымен қатар елді мекендегі кәсіпкерлікті дамыту, экономикалық ахуалды арттыру мақсатында басталған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Қарызсыз қоғам» жобаларының мазмұнына, партияның алдағы жоспарына тоқталды.
«Ауыл әкімдерін қосымша төлем көздері туралы мәселе алаңдатып отыр. Осы орайда жаңа Бюджет кодексінің жобасы шеңберінде ауылдық округтің аумағында орналасқан кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды өндіруге салынатын салықты бюджеттің IV деңгейіне беру көзделіп отыр. Бұдан басқа жергілікті өзін-өзі басқарудың табыс көздерін кеңейту үшін қосымша салықтар мен төлемдердің түрлерін беру жоспарлануда», – деді партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды шаралар барлық деңгейдегі әкімдердің өзара байланысын нығайтуға, тәжірибе алмасып, шалғай елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
Жалпы, Маңғыстау облысында 47 ауыл әкімі бар, оның ішінде 43 ауыл әкімі «AMANAT» партиясының атынан сайланған. Сондай-ақ форумда Оңды ауылының әкімі Қуаныш Жәнібекұлы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін қозғап ұсыныстарын жеткізді.
Форумның екінші бөлігі панельдік секция жұмысымен жалғасты. Онда ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері «Эмоционалды интеллект және көшбасшылық» тақырыбы бойынша тренинг өткізді.