Байқасаңыз, соңғы жылдары қоршаған орта қанаттылардан кенде қалып барады. Сонымен бірге табиғат әлемінің тылсымы да тұңғиыққа батып бара жатқандай әсер қалдырады. Олай дейтініміз – ертеде бабаларымыз құс киелісін, аңның қасиетін жете танып, жоғары бағалап отырған. Ырым-тиымдармен тығыз байланыстырған. Мәселен, құстардың ұшуына, қимыл-әрекетіне қарап, ауа райына болжам жасайтын көнекөз қарияларымыз аз болмады. Әрі бұл жорамалдары айна-қатесіз орындалатын еді.
Жалпы, дерекке сәйкес, бүгінде елімізде құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі мекендейтіні айтылады. Олардың әрқайсысы өмір сүру заңдылығына қарай топ-топқа бөлінеді. Атап айтқанда, ашық дала, батпақты аймақ, орманды алқап және су құстары тобына жатқызылады. Бұған қоса, жыл құстары, жыртқыш құс және таулы-тасты мекендейтін болып бірнеше түр бойынша аталады.
Мамандардың пікіріне сәйкес, Сыр бойында да қанаттылардың көптеген түрі кездеседі. Нақты айтқанда, Қызылорда облысында құстардың 160-тан астам түрі ұялайды екен. Оның 50-ден астам түрі облыстан тыс аймақтардан ұшып келетін құстар санатына жатқызылады. Әсіресе, қыс жылы болған жылдары ұя салуға ұшып келетін құстар саны артады.
«Негізінен, бүгінде Сыр өңірінде қанаттылардың 19 түрі қыстайтыны белгілі. Дейтұрғанмен, кейінгі жылдары Сыр суының, Арал айдынының тартылуы, қуаңшылыққа соқтыруы, дария жағасындағы тоғайларды мекендейтін құстардың сиреп кетуіне әкеп соқтырып отыр. Себебі су айдындарын мекендейтін құстардың басым көбі өзге өңірлердің көлшіктеріне орын ауыстыруға мәжбүр. Яғни, бүгінде Сыр бойында ұялаған құстардың көпшілігі өздерінің өмір сүруіне қолайлы мекендерге көшіп жатыр. Тағы бір қырынан алып қарасақ, құстардың қатарының сиреп бара жатқандығы адам қолымен жасалатын қатігездікке де тікелей байланысты болады. Тұмса табиғатты тонап, ауаны ластап, құстардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп жатырмыз. Соның салдарынан, қанаттылар өздеріне жайлы мекен іздеп, өзге өңірлерге ұшып кетіп жатыр. Сондықтан құстарды қорғау әрбір азаматтың басты парызы болуға тиіс», – дейді бұл жайында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Жаратылыстану институтының аға оқытушысы, География ғылымдарының кандидаты, географ-эколог Оразхан Айдаров.
Жалпы, әлемдік дерекке сүйенсек, жер бетінде құстардың 9 792 түрі мекендейтіні мәлім. Құстар Жер шарының барлық экожүйесінде Арктикадан Антарктикаға дейін өмір сүреді. Құстарды зерттейтін орнитология ғылымы әрдайым зерделеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бұл тұрғыда Қазақстан аумағында 495 құс түрі мекендейтіні анықталған. Оның 388-і ұялайтын құстар болса, 138-і қыста да тіршілік етуге бейім. Тағы бір қызық дерек, мамандардың пайымдауынша, Қазақстанға қыстау үшін 14 құс түрі ұшып келсе, республика аумағынан 47 құс түрі ұшып өтетіні белгілі болып отыр.
Негізінен, құстар әдемілігімен табиғат әлеміне әсем көрік беріп қана қоймай, адамзатқа да пайдасы зор екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оның бірі адам өміріне қауіпті жәндіктермен қоректенсе, екіншісі бау-бақшаларды зиянкес кемірушілерден тазартып отырады. Сондай-ақ өсімдіктердің тез таралуына да септігі зор екені анықталған. Бір ғана мысал, тоғай жидесімен қоректенетін Қырғауыл асқазанындағы қорытылмаған жиде дәндерін саңғырығы арқылы сыртқа шығарып тастайды екен. Осы арқылы әр жерге тоғай жидесінің дәні түсіп, жаңа өскіндердің пайда болуына сеп болады. Бұған қоса, кейбір құстар арамшөптердің көбеюіне тосқауыл болса, келесісі шыбын-шіркейлер мен жұқпалы ауруларды тарататын жәндіктерді жоюға көмектеседі.
Құстарды қолға үйретіп, шаруашылық мақсатта пайдалануды жолға қойған елдер де бар. Атап айтқанда, Жапонияның 13 ауданының жергілікті тұрғындары және Қытайдың бірқатар өңірлері балықты суқұзғындармен аулау ісін жолға қойған. Ол үшін құстардың тамағына ірі балықтарды жұтуға кедергі ретінде сақина салып қоятын көрінеді. Құстың жемсауы балыққа толғанын көрген балықшы оны дереу мойын жібінен тартып шығарып алады екен.
Сонымен қатар құстар әлемінде санитарлық немесе тазалықшы қызметін атқаратын қанаттылар да аз емес. Бұл, әсіресе орман-тоғай құстарына тән қасиет. Бір сөзбен айтқанда, құстар әлемін зерттеуші «орнитолог» мамандар осындай мәлімдеме жасап отыр.
«Қай кезде де құс шаруашылығы халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі саналады. Ежелден адамзат құстан қажетті азық өнімдерін өндіріп қана қоймай, қауырсындарын түрлі тұрмыстық бұйымдар мақсатында пайдаланады. Алайда табиғи толқулар мен дүмпулердің салдарынан көптеген құс мөлшері жойылу алдында тұр. Осы орайда айта кеткен абзал, тек VII ғасырдан бері жер бетінде 86 құс түрі жойылып кеткен екен. Қазірдің өзінде 1 200-ге жуық құс түріне əртүрлі деңгейде қауіп төніп тұр, Мұндай қанаттылар ұлттық және халықаралық заңнамалармен қорғалады. Жалпы, табиғаттың бір бөлшегі саналатын құстар әлеміне қамқорлық қажет», – дейді географ-эколог.
Мамандардың пікірінше, кейінгі жылдары көптеген өңірде құстардың жаппай қырылуы жиі көрініс тауып келеді. Мұны зиянкес жәндіктермен және кеміргіштермен күрес жүргізу мақсатында әртүрлі улы қоспаларды пайдаланудан, гербицидтерді қолдану аясын кеңейту салдарынан, көл, теңіздердің мұнай қалдықтарымен ластануынан деп түсіндіреді.
Сондықтан да мамандар табиғат әлемін аялап, құстарға қамқорлықпен қарайтын сәт келгенін ескертіп отыр. Әсіресе, сирек кездесетін құстарға қамқорлық аясын кеңейту қажет деп есептейді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ