Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша жарияланған ақпаратқа қосымша тағы бір дерек белгілі болды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Яғни, оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталды.
"2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды.
2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алды", - деп жазды Қаржылық мониторинг агенттігінен.
Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де Rolex, Prada және Fendi брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалған. Бұл эпизод бойынша Перизат Қайрат 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.
Тергеу жалғасуда.
"Егер сіз Перизат Қайраттың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болсаңыз, Астана қ., Бейбітшілік көшесі, 10 мекенжайы бойынша немесе +7 (7172) 70-84-78 телефон нөмірі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарласуыңызды сұраймыз", - деп ескертті агенттіктен.