ШҚО-ның таулы аймақтарында қар көшкіні жүруі мүмкін

Өңірлік ТЖД тұрғындарға ескерту жасады.

Шығыс Қазақстан облысындағы таулы жерлерде 15 қарашадан бастап қар көшкіні жүруі мүмкін, - деп хабарлайды Aikyn.kz

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде қар көшкіні жүру қаупі бар.

«15 қарашадан бастап метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне, жиі қар жаууына және желдің күшеюіне байланысты облыстың таулы жерлерінде қар көшкіні түсуі ықтимал. Осы ретте, тұрғындарға барынша абай болуды, ешбір жағдайда тауға шықпау қажеттігін ескертеміз. Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар, бірден «112» нөміріне қоңырау шалыңыз», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сондай-ақ құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.