CNBC телеарнасы жариялаған жаңалыққа сүйенген Aikyn.kz әлемдегі ең бай адамның АҚШ үкіметінің тиімділігін зерттеуге қатысуының себептерін талдайды.
Төрт жылдық үзілістен кейін Ақ үйге қайта кіруге дайындалып жатқан Дональд Трамп сейсенбіде (12 қараша) миллиардер Илон Маск пен Республикалық партияның белсенді өкілі Вивек Рамасвами Үкіметтің тиімділігі департаментін (DOGE) бірігіп басқаратынын жариялады.
Трамп өзінің жазбасында Үкіметтің тиімділігі департаменті (DOGE) «біздің заманымыздың «Манхэттен жобасына» айналуы мүмкін» екенін айтқан.
Ол сондай-ақ бұл зерттеу департаменті «мемлекеттік бюрократияны жоюға, артық ережелерді қысқартуға, ысырапшыл шығындарды қысқартуға және федералды агенттіктерді қайта құрылымдауға» байланысты президентке ұсыныстар әзірлейтінін жеткізген.
Трамп бюджеттік қысқартулар мен үкіметтің жаңа құрылымы туралы нақты ақпарат жарияламады. Республикалық партияның бақылауына өткен Конгресс бұндай департаментті құру немесе оны қаржыландыру туралы шешім қабылдаған жоқ. Жаңадан сайланған президент бұл департаменттің жұмысы «2026 жылдың 4 шілдесіне дейін жалғасатынын» айтты.
Масктың ұсынылған топқа қатысатыны туралы Трамп бұған дейін уәде еткен болатын және ұсынысты Tesla-ның бас директоры оң қабылдаған еді. Илон Маск бұрынғы президенттің Ақ үйге қайтып келуіне үлкен қолдау көрсетті. Миллиардер республикалық кандидаттың 2024 жылғы президенттік науқанына қолдау көрсету үшін 200 миллион доллар жұмсағаны белгілі болды. Маск 5 қарашадан бері Трамптың Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында жаңа сайланған президенттің жанында.
Республикалық сайлауда праймеризге қатысып, Трампқа жеңіліп қалған Вивек Рамасвами Strive Asset Management инвестициялық фирмасының негізін қалаушы. Ол компаниялардың экологиялық, әлеуметтік және басқару (ESG) принциптерін қабылдауына қарсы болған.
Сейсенбіде (12 қараша) Трамп өзінің болашақ үкіметінде бірнеше тағайындаулар жасады, соның ішінде Fox News арнасының жүргізушісі Пит Хегсетті қорғаныс министрі және Джон Рэтклифті Орталық барлау басқармасының директоры қызметтеріне тағайындады. Трамптың 4 жылдық президенттігі Американың ішкі саясаты мен қоғамын, геосаяси орнын қайта қарайтын мерзім болатынға ұқсайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.