Індет «жұтқан» ірі шаралар
Індет «жұтқан» ірі шаралар
113
оқылды
Қазақстан ел тарихында бұрын-соңды болмаған үнемге қол жеткізбек. Са­рапшылардың байламынша, ол сома тіпті жарты триллион теңгеге жетуі ықтимал. Президент қойған мін­дет­ке сәйкес бұған дейін мемлекеттің жә­не квазисектордың еш қиындықсыз кейінге қалдыруға болатын шы­ғыс­та­рын ғана қысқарту көзделген. Енді жыл ортасына дейінгі ірі жиындардан те­гіс бас тартылмақ.   

Үнемге бастаған үш алғышарт

Теңдессіз үнемге үш фактор ықпал етті. Бірін­шіден, 2020 жылғы 24 қаңтардағы Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық ми­нистрліктің, әкімдіктің, ұлттық ком­пания мен холдингтің басымдықты емес шығыстарына мораторий жариялап, оларды қысқартуды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін Үкіметтің қаржыгерлері мен экономистері талдау мен есеп-қисапқа кіріс­ті. Қаржы министрлігі әр меморган мен әкім­нен нендей өнімсіз шығысын қысқар­та­тынын ашып айтуды сұрап, ақпарат алғызды. Нәтижесінде, жалпы сомасы 128,6 млрд тең­ге тұратын шығыстар жойылды. Соның ішін­де мемлекеттік органдардан – 23 мил­лиард теңге, өңірлерден – 26,6 миллиард тең­ге және квазимемлекеттік сектор ком­панияларынан 79 миллиард теңге. Тарата айт­сақ, көптеген семинар, конференция өт­пейтін болды. Ведомстволар мен аймақ бас­шылары жаңа автокөліктер мен жиһаз­дар сатып алу ойынан айныды. Осы екі ба­ғыттан 4,2 млрд теңге үнемделді. 15,7 мил­лиард теңгені қажет еткен әртүрлі ел­дер­ге іссапарлар, әкімшілік және өкілдік шы­ғыстар, талдамалық зерттеу жобалары жойыл­ды. 29,7 млрд теңге тұратын «өзге де өнім­ді емес шығыстар» анықталып, оларға тоқ­тау салынды. Сонымен қатар субси­дия­лар, мемлекеттік және квазимемлекеттік ин­вестициялар да оңтайландырылыпты. Мұның сыртында Үкімет республикалық бюд­жеттен жергілікті бюджеттерге 36,9 мил­лиард теңге қаражат аудармай қойды. Оны ауыл-аймақ әкімдері өз беттерінше табуы қажет. Екінші фактор – Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ және басқа елдер арасында басталған «мұнай нарығындағы соғыс». Соның сал­дарынан 9 наурызда «қара алтын» құны әр бар­рель-бөшкесі үшін 52-ден 35 долларға дейін құлдырағаны мәлім. Бұл Қазақ­стан­ның ұлттық валютасының күрт құнсыз­дануына әкеліп соқты. Шикізат нарығын­да­ғы ахуал одан әрі нашарлауда: 12 наурызда жаһандық биржаларда мұнай бағасы 33,6 долларға дейін төмендеді. Осы орайда дүйсенбі күні еліміздегі эко­номикалық ахуал жөнінде кеңес өткізген Қ.Тоқаев Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу туралы тапсырма жүктеді. Ел Президенті бюджет шығындарын қыс­қарту, республикалық және жергілікті бюд­жеттерді оңтайландыру шараларын қа­был­дауға міндеттеді. Тиісінше, Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюд­жет шығыстарын азайтуға жаңа ұсы­ныс­тар енгізеді. Үшінші фактор: Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың пан­демияға айналғанын жариялады. Яғни, бұл Қытай індеті бүкіл әлемді шарпыды де­ген сөз. Осыған орай кеше Мемлекет бас­шы­сы Ақордада бірқатар меморган бас­шысымен кеңес өткізді. Қ.Тоқаев Үкіметке вирус­тың елімізге енуіне және таралуына жол бермеудің қатаң шараларын қабылдау жөнінде нақты тапсырма берді. Атап айт­қанда, көп адам қатысатын мәдени және спорт­­тық шаралар, халықаралық конферен­ция­лар, көрмелер өткізуге тыйым салынды. Жаңа індет соған душар болған 114 елдің бірі­нен келуі мүмкін. Ал биылға шетелдік сарап­шылардың, туристердің, мәртебелі мей­мандар мен делегациялардың қаты­суы­мен ірі халықаралық шаралар жоспарланған.  

ДСҰ ескертуге құлақ қоя ма?

Ең қымбат әрі аса ауқымды шара – Дү­ние­жүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің конференциясы. 2,5 млрд теңге тұратын қымбат саммитке депутаттар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар қарсы шықты. Олар мұндай құрылтайдан елге келер пайда жоғын дәлелдеп бақты. Бірақ Үкімет бұл ниетінен бас тартпады. Тек қар­жы үнемдеу үшін шығыны көп екі халық­ара­­лық шараны – ДСҰ министрлік конфе­рен­циясы мен Астана экономикалық фору­мын бірге өткізу ұйғарылды. Сауда және интеграция министрлігі биыл­ғы 2 наурызда «2020-2022 жылдарға ар­налған республикалық бюджет туралы» заңын іске асыру туралы» Үкіметтің 2019 жыл­ғы 6 желтоқсандағы №908 қаулысына то­лықтыру енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қау­лысы жобасын жария етті. Құжатта жо­баны іске асыру енді 2 миллиард 850 мил­лион теңге сомасында «қаржылық шы­ғын­дарды талап ететіні» айтылған. «12-МК – ДСҰ-ның Еуразиялық аймақ­тағы тұңғыш министрлік конференциясы бо­ла­ды. Мұндай іс-шараны Нұр-Сұлтан қа­ла­сында өткізу Қазақстанның Орталық Азия көшбасшысы ретіндегі тұғырын ны­ғайтады. Ол халықаралық сауда ережелерін түзуге біздің мемлекеттің қосқан үлесіне ай­налады және бүкіләлемдік қоғамдас­тық­тың назарын елімізге аударады», – деді құжат­қа түсіндірмесінде Сауда және интег­рация министрі Б.Сұлтанов. Оның дерегінше, 12-МК форумына бірқатар мемлекет басшысы, ДСҰ-ның 164 елінің сауда министрлері және 20 бақылау­шы ұйым өкілі қатысады. Ал қатысушылар­дың жалпы саны 5 мың адамнан асады. Алай­да еліміздің басты экспорттық тауары – мұнай бағасының күрт құлдырауы және коро­навирустың эпидемиядан пандемияға көшуі Үкіметті бұл райынан қайтарғанға ұқсайды. Кеше Үкімет басшысының бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның ДСҰ министрлік конференциясын ұйымдастырудан бас тартқанын мәлім етті. Іс-шара 8-11 маусым­ға жоспарланған болатын. Ә.Смайылов Сovid-19 жағдайының әлемде ушығуына байланысты осындай шешім қабылданғанын жеткізді. Әйтсе де, министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ақырғы шешімді жаһандық ұйым қабылдайды. Министр осы халық­аралық іс-шараны Нұр-Сұлтанда өткізу бастамасын 2018 жылы Бас кеңес отыры­сында ДСҰ-ға кіретін мемлекеттер бірауыз­дан құптағанын еске салды. «Жаһандық форум өткізілетін орынды немесе уақытын өзгерту мәселесі бойынша шешімді тек ДСҰ Бас кеңесі ғана қабылдай алады. Коронавирустың таралуына байла­ныс­ты қауіп тууда. Оның үстіне, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы да ресми мәлімдеме жасады. Сондықтан біз Қазақ­стан­ның Женевадағы Тұрақты өкілдігіне тапсырма жүктедік. Өкілдік ДСҰ Хатшы­лығымен және мүшелерімен келіссөздер өткізуі тиіс. Кеңесулер нәтижесінде 12-МК мәселесі бойынша ДСҰ Бас кеңесінің кезектен тыс отырысын шақыру туралы шешім қабылданады деп үміттенеміз», – деді Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов. Биылғы екінші ауқымды шара – Шымкенттегі ТМД мәдени астанасы жылының ашылу салтанаты да өтпейтін болды: «20 наурызға жоспарланған бұл ірі шара өтпейді, дайындық тоқтатылды», – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Әйтпесе, оның тек концерттік бағ­дар­лама­­сының өзі қазақстандық 800 және ТМД ел­дерінен келген 200 өнерпаздың қойы­лымынан тұратын еді. Осы арқылы қаланың мәдени бірегей бет-бейнесін паш етіп, оның терең тарихын және кемел келешегін жан-жақты көрсету көзделді. Осы тамашаны қы­зықтауға еліміздің әр өңірінен және шетелден жалпы саны 18 мыңнан астам көрермен, турист және ресми мәртебелі меймандар келеді деп күтілді. Сонымен қатар Шымкенттің 2 200 жылдығына арналған салтанатты шара; ТМД – Жібек жолы елдерінің дәстүрлі және заманауи қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелері; ТМД суретшілерінің фотокөр­мелері мен плэнерлері; театр, опера, анима­циялық фильмдер фестивалі; халықаралық ақындар айтысы; «Еуразия жаны» эстра­далық ән орындаушыларының І халықара­лық фестивалі; Шымкенттегі әл-Фарабидің 1 150 жылдығына, Абайдың 175 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конферен­циялар өтпейтіні хабарланды. Осы жылы Қазақстан халқы Ассам­блеясының 25 жылдығын, Конституцияның 25 жылдығын жоғары деңгейде және кең көлемде мерекелеу қарастырылған. Ол да жайына қалатынға ұқсайды.   Айхан ШӘРІП