– Серікбай Өтелгенұлы, облыстың қазіргі экономикалық көрсеткіштерін қысқаша айтып кетсеңіз. Жұмыссыздық деңгейі, тартылған инвестиция көлемі, облыс экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі қанша? – Өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы – аймақтағы өндірістік мекемелеріміздің әл-ауқатымен тығыз байланысты. 2018 жылы инвестиция 530 млрд теңге көлемінде болатын. Өндіріс күшіне қарай біз өткен жылы 556 млрд теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тарттық. 7 пайызға дейін өсім болды. Бұл – біздің өңірімізде өндірістік мекемелердің шоғырлануының нәтижесі, олардың шығарып жатқан өнімдеріне байланысты келген қаражат көлемі. Жалпы, облысқа инвестиция тартылғаннан кейін жұмыс орнының артуына, өңірге түсетін, бюджетке түсетін кіріс бөліміне де үлкен ықпалы тиеді. Сондықтан шамамыз келгенше өңірге инвестиция тартуға арнайы қызметтерді үйлестіреміз. Биыл жалпы 714 млрд көлемінде инвестиция тартамыз деген жоспар бар. Өңірдегі мекемелердің, өндірістің мүмкіндігіне қарай мұндай қызметті атқаруға болады. Шағын және орта бизнеске келер болсақ, бұл бағытта да күнделікті атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Әрбір азамат өз қызметін жүргізіп, өзі алып жүре алатындай, табыс көзін таба алатындай мүмкіндігі болса, жұмыстың дұрыс үйлесім тапқаны. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін шағын несие көлемін арттыруымыз керек. Оларды алдын ала оқытуымыз керек. Кәсіпкерлікті айтқанда оңай сияқты, бірақ оның шығарған өнімі өту керек, әрі қарай дамуы керек. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қандай бағытта дамытуы керек? Жақсы қызмет түрін тапса, ол өміршең болар еді. Сондықтан алдын ала оқытамыз. Оған бюджеттен ақша бөлінеді. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 4 пайызбен шағын несие береміз. Республикалық бюджеттен есептелетін 4 және 6 млн-ға дейінгі жеңіл несие де бар. Облыстық бюджеттен қарастырылатын «Нұр капитал» шағын несие беру жобамыз да бар. Осы бағдарлама негізінде өткен жылы 2 млрд 400 мың теңге көлемінде шағын несие бердік. 1-ақ пайызбен берілетін несие болғандықтан, бұл – өте тиімді жоба. Биыл да жоба жалғасады. Несие жаңа жұмыс орнын ашамын дегендерге беріледі. Сауда-саттыққа бермейміз. Себебі бюджеттен берілетін қаражат 1 пайызбен берілгендіктен жұмыс орны құрылуын басты назарға ұстаймыз. Кәсіпкер өнім өндіруі керек. Кәсібін жаңа бағытта жүргізуі керек. Несиені беру арқылы біз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытамыз. Мысалы, бізде 2018 жылы шағын және орта бизнес субъектісі 51 мың болса, 2019 жылдың соңында 53 мың болды. Шығарылып жатқан өнімнің өндіріс көлемі 800 млрд теңге үстінде бағаланды. Бізде шағын және орта бизнеспен айналысатын адамдардың саны көбейіп келе жатыр. Аймағымызда 700 мың халық болса, оның ішінде жұмысқа қабілеттісі – 320 мыңдай адам. Шағын және орта бизнесте 30 пайыздан астамы жүр. Мемлекет және Үкімет басшысының да біздің алдымызға қойып отырған талабы – шағын және орта бизнесті дамыту. Оны дамытсақ, халқымыздың әл-ауқаты артады, әрбір адам өз кәсібін жүргізіп, өзіне табыс табатын болса, бізге де жақсы. Биыл да «Еңбек» бағдарламасы жалғасын табады. «Нұр капиталға» да жергілікті бюджеттен қаражат бөліп отырмыз. Бізде бірнеше қор бар. Ауылшаруашылық қолдау қоры, несие беретін қор, олармен бірге жұмыс істейміз. – Ресми дерек бойынша, облыстағы жұмыссыздық деңгейі төмен. Бірақ Статистика комитетіне сүйенсек, облыстағы бос 100 жұмыс орнына 215 резюме тапсырылады екен. Айталық, Қостанайда 25 резюме түседі. Яғни, екі қолға бір күрек сұрайтындар көп секілді. Солай ма? – Расында да солай. Бізде азаматтар жұмыс таңдайды. Жақсы жалақыға ұмтылады. Өндірістік мекемелер көп болғандықтан азаматтар жалақысы жоғары, әлеуметтік көмегі бар мекемелерге барғысы келеді. Жұмыс сұрап келетіндер көп. Біз оларға түсіндіреміз. Арнайы жұмыспен қамту орталықтары бар. Атамекен кәсіпкерлік палатасының да атқарып отырған қызметтері бар. Кімге қандай бағытта жұмыс не кәсіп қажет, өзіне тиісті мамандығына байланысты осы істерді үйлестіреді. Жұмысқа орналастыруға байланысты арнайы жәрмеңкелер де өтеді. Алайда көбіне жұмыс сұраушылар мұнай саласына барғысы келеді. Бұл жерлерде жұмыс шектеулі. – Жұмыссыздық мәселесі жаңаөзендіктерді жиі мазалайды. Мұның себебі неде? Аталған қалада бұл мәселені шешу мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр? – Біздегі жұмыссыздық деңгейі республикалық деңгеймен бірдей. Соның ішінде Жаңаөзен қаласында төмен. Ондағы жұмыссыздық деңгейі – 2,9 пайыз, ал өзімізде – 4,8-5 пайыз. Жаңаөзен қаласында бірнеше бағыттар бойынша жұмыс атқарылуда. Бұрын «Өзенмұнайгаз» мекемесі жұмысқа адам алмайтын. «Мораторий бізде, бірде-бір адам алмаймыз» дейтін. Өткен жылдан бастап, мораторий дегенді жойдық. «Өзенмұнайгазда» сервистік мекемелерді қосқанда, 15 мыңдай адам жұмыс істейді. Жаңаөзен қаласында 89 мың адам тұрады. Жұмыс болғаннан кейін зейнеткерлікке шығатындары бар, әртүрлі бағытта кететіндер бар. Оның орнын біз жыл сайын толтырып тұруымыз керек. Соған сәйкес аутсорсинг мекемелер арқылы «Өзенмұнайгазға» тиісті тәжірибеден, тиісті тәлімгерліктен өткен азаматтар қабылданды. Өткен жылы біз 84 адамды негізгі өндірісіне жұмысқа алдық. Биыл да бұл жоба жалғасады. Жоспарымыз шамамен – 150 адам. Жаңаөзен қаласындағы азаматтар «Ақтауға келем, біздің берген бағыттар бойынша облыс орталығына келіп жұмыс істеймін» деп жатса, біз осы жерден арнайы жатақхана береміз, тегін. Жастар өз өмірін қаламен байланыстыруына болады. Оған да жағдай жасап жатырмыз. Жаңаөзен қаласындағы ірі мекеме «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қызмет көрсетемін, тапсырысын орындаймын деген компанияларды апарып жатырмыз. Ондағы мақсат – өндірістік мекемелерді сол жерде шоғырландыру, жұмыс орнын ашу. Жаңаөзен қаласы әкімдігі, «Өзенмұнайгаз» АҚ, Атамекен кәсіпкерлік палатасымен арнайы меморандум бар. «Өзенмұнайгаз» – жұмыс беруші, палата – «Өзенмұнайгаздың» берген жұмысына қызмет көрсете алатын компанияларды шоғырландырумен айналысады. Премьер-Министрдің арнайы жол картасы бағдарламасы бар. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы «Өзенмұнайгаздың» қызметіне керек, жұмыс атқара алатын мекемелерді таңдайды. Біз оларға Жаңаөзеннен жер береміз, ол жерге тапсырыс орындаушы мекеме базасын орналастырады. Жаңа жұмыс орындарын ашады.
– Облыстың туристік әлеуеті мол. Бірақ облыс Қазақстанның өзге қалаларына алыс. Транспорт-логистика мәселесі, әуе, теміржол билет құны қалай шешілмек? Себебі кейде елордаға билеттің құны 60-70 мың теңге тұрады. Бұл – Мәскеуге баратын билеттің құнымен тең. Осы мәселені шешу жолдары қалай жүруде? – Туризмді дамыту үшін жан-жақты, кешенді қарауымыз керек. Рас, әуеқатынасы бойынша билеттің бағасы өте жоғары. Ертең маусым кездерінде балалар демалысқа шығады, келім-кетім көбейеді, осы мәселені біз Үкімет алдына қойдық. Президенттің де тікелей тапсырмасы болды. Нәтиже шығады деп ойлаймыз. Теміржол қатынасына келер болсақ, маусым кезінде билеттің өсуі, алыпсатарлардың қолына түсуі – келеңсіз жағдайларды тудырған болатын, оған да Үкімет тосқауыл қойды. «Жол – экономиканың күретамыры» демекші, бізде біраз жолдарымыз жаңарды. Өткен жылы «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» автожолы қолданысқа берілді. Енді Өзбекстан тарапы да қажетті шараларын қолға алса, көрші елмен байланысымыз арта түспек. Одан бөлек, аудандар мен елді мекеннің арасын жалғайтын жолдарымыз жөндеуден өтіп, кейбірі жаңадан төселді. Осы атқарылған жұмыстар өңір экономикасының өркендеуіне оң серпін берері анық. Жақында Өзбекстанда болдық, сол кезде жақын облыстардың ынтымақтастық экономикалық мәселелеріне байланысты арнайы меморандумдарына қол қойдық. Маңғыстау облысынан барғандықтан теңіз жағасында тұратынымызды, жақсы қонақүйлер салынып жатқанын, үлкен тарихи орындардың бар екенін, барлығын сол жерде презентация жасап көрсеттік. Көршілерімізді де біздің өңірімізді тамашалауға, демалуға шақырдық. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес туризмді дамытуға байланысты біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Ақтау қаласының іргесінен «Жылы жағажай» аумағында көпфункционалды бес жұлдызды туристік-қонақүй кешені салынуда. Жоспар бойынша биыл маусым айында ашылатын болады. Құрылыс алаңы 15 гектар, жобаны іске асыру құны шамамен – 65 млрд теңге. Қонақүй кешенін жұмысшылармен қамту мақсатында жергілікті студенттерден қонақүй және мейрамхана ісі мамандықтары бойынша 680 маман 1 айлық курстан өтті және сертификаты берілді. Биыл мамыр айына дейін 1 200-ден астам адамды оқыту жоспарлануда. Компания есебінен 200 адамнан тұратын ең табысты студенттер БАӘ-дегі Rixos отельдерінде (Дубай, Абу-Даби) тәжірибеден өтеді. Бұл кешен ашылғаннан соң туризмді дамытып ғана қоймай, жергілікті халықты, оның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар туристі тартуға, оларға жақсы қызмет көрсету бағыты бойынша кәсіпкерлер жаңа құрылыстар салуда. – Көп жағдайда «облыс орталығы Ақтауды гүлдендірсе, өңір дамып кетеді» деген қате түсінік бар. Бейнеу, Қарақиян, Маңғыстау аудандарының дамуы үшін, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып отыр? – Ақтау қаласымен қатар аудан орталықтары да бірге дамуы керек. Бізде 58 елді мекен бар. Барлығының бас жоспары жасақталған. Яғни, олардың шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылықты дамытуға мүмкіндіктері бар. Ауылда жастардың тұрақтап қалуы үшін жұмыс орнының болуы, мәдениет үйі, спорттық кешен болғаны жөн. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдарға мәдениет үйі керек, денсаулық сақтау саласының мамандарымен қамтылуы керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде дәрігерлерімізді, мұғалімдерімізді, спортқа керекті мамандарымызды тартып жатырмыз. Маңғыстау ауданы – тұрғындар тұрақты қоныстанып отырған аудан. Ол ауданның мал шаруашылығын дамытуға мән береміз. Өндірістік жағын да есептейміз. Жұмыс істеп тұрған цемент өндіру зауыты бар. Қарақия ауданында өндірістік сала да, ауылшаруашылық бағыты да қатар дамып келе жатыр. Ол жерде теңіз порты бар. Әрбір ауданның, қаланың өзін дамытуы жөнінде арнайы жоспары жасақталған. Ол жоспарды бекітіп отырамыз. Ол жоспарлар алдағы уақытта аудан, қаланың дамуына жұмыс істейтін болады. – Маңызды ауданның бірі – Мұнайлы. Мұнда қандас бауырлар да, ішкі миграциямен келген өз азаматтарымыз да жиылып, халық саны артты. Алайда инфрақұрылым тұрғын санына сай болмай жатыр. Ертең бұл әлеуметтік жарылысқа әкелмей ме, оның алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр ма? – Ол облыс орталығына іргелес орналасқан аудан. Қазір халқының саны 170 мыңдай болды. Яғни, тез өсіп келе жатқан аудан. Ауданға қарасты елді мекендегі халықтың саны Маңғыстау ауданында тұратын халық санымен бірдей. Мәселен, Маңғыстау ауданында 35-36 мың халық болса, Мұнайлы ауданының бір ауылында сондай халық бар. Бұл – біз ұдайы көңіл бөліп, күнделікті дамуына, әлуметтік жағдайына мән беріп отырған аудан. Халық саны өскеннен кейін әлеуметтік мәселелер туындайды. Маңызды мәселе – жұмыс. Халыққа жұмыс орны, үйіне келетін кіріс көзі болса, бұл оның әлеуметтік жағдайы деген сөз. Ақтау қаласын дамыта отырып, көршілес ауданға мүмкіндік беріп отырмыз. Ақтау қаласындағы қызметтерді Мұнайлы ауданы бірігіп атқарады. Жұмыс орны ашылса да, Мұнайлы ауданы көбіне-көп жұмысқа тартылады. Әрбір ауылды өз алдына жеке қарап отырмыз. Сумен қамту бағыты, әлеуметтік нысан салу бойынша бірінші кезекте Мұнайлы ауданына мән береміз. Өзін-өзі асырауы үшін шағын және орта бизнестің өсуі маңызды. Сондықтан жеңіл несиелерді Мұнайлы ауданына көбірек бағыттаймыз. Мұнайлыда биыл 1 мектеп, 2 қосымша мектеп іске қосылады. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Құжаттар дайын болғаннан кейін жеке инвесторлар тартылып отыр. Жергілікті бюджет, республикалық бюджет бар, осы қаражаттарға байланысты құрылысын салмақпыз. Бізде қазір 9 мектебіміз – үш ауысымда. Оның ішінде Мұнайлыда 4 мектеп бар. Бұл ауданда бала санының өсуіне байланысты болып отыр. Былтыр 19 мың бала 1 сыныпқа келді. Ал мектеп бітіріп жатқан түлектер саны – 5 500. Айырмасы – 14 мың. Мұнайлыда 16 бірінші сынып бар. Біріншіден, бұл – байлық. Екіншіден, бұл бағытта жұмыс істеу керегін көрсетеді. – Маңғыстаудың қойны газға толы болса да ара-тұра тұрғындар, жүргізушілер сол көгілдір отынға қолы жетпей қалады. Мұның себебі неде? ؘ– Өйткені өзімізден шығатын газдың көлемі жетпейді. Қазақ газ өңдеу зауытынан айына 14 500 тонна газ шығады. Бізге 19 мың тоннадай газ керек, қыста 2 мың тоннадай, жазда 3,5- 4 мың тоннаға дейін газға сұраныс өседі. Біз Ақтөбеден қосымша газ алып отырмыз. Алайда оның бағасы логистика шығындарына байланысты жоғары болады және сапасына байланысты тұтынушы тұрғындар сын айтады. Жетпесе не істейміз, алу керек, сату керек, сондықтан көбіне өз газымызды алса, кәсіпкерлік жақсы жүреді, түсім көбейеді, ал ақтөбелік газға байланысты жаңағыдай жағдай соған орай туындап отырған мәселе. Мұны шешу үшін Атамекен кәсіпкерлік палатасымен бірге жұмыс істейміз. Ай сайын газ бағасының тұрақты бағасы бақылауда тұр. Газ саудасының өз заңдылығы бар. Қазір электронды сауда айналымына газдың 25 пайызы шығарылып, әрбір кәсіпкер өз кеңсесінде отырып, газды алып, сатуға мүмкіндігі бар. Мұның шектеу бағасы қойылды. Ақтөбе ғана емес, Атыраудан да газ беріліп жатыр. Атырау, Ақтау болсын, бізде газ үнемі қолжетімді тұруы керек және баға негізсіз өспеуі керек.Туризмді дамыту үшін жан-жақты, кешенді қарауымыз керек. Рас, әуеқатынасы бойынша билеттің бағасы өте жоғары. Ертең маусым кездерінде балалар демалысқа шығады, келім-кетім көбейеді, осы мәселені біз Үкімет алдына қойдық. Президенттің де тікелей тапсырмасы болды. Нәтиже шығады деп ойлаймыз.