Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды: өтініш қабылдау қашанға дейін жалғасады?

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 11 мыңға жуық өтініш қабылданды.

Бүгін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды, ол 23 қарашаға дейін жалғасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Естеріңізге сала кетсек, кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 28 қазанмен 10 қараша аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүзеге асырылды.   

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 11 мыңға жуық өтініш қабылданды. 

Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар. Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. 

Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл. 

Естеріңізге сала кетсек, биыл бейінді магистратураға түсу форматына өзгерістер енгізілді. Бейінді магистратураға түсуге ниетті үміткерлер «Оқуға дайындығын анықтауға арналған тест» бөлімінен босатылды. Осылайша, олар тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде әрбір бейінді пән бойынша кемінде 7 балл. 

«Тестіленуші апелляцияға техникалық себептер бойынша тестілеу барысында, тестілеу тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қарастырылады. Одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады. Магистратурада оқу үшін қысқы қабылдауға 4 мыңнан астам грант бөлінген», - делінген министрлік хабарламасында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.