Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев кімдер декларация тапсырудан босатылатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап шамамен 8 миллион адам декларация тапсыруы тиіс болған. Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасы аясында 4-кезеңдегі мына азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босату ұсынылады.
"Жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқаларын декларация тапсырудан босату ұсынылады. Босату рәсімі осы санаттағы жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамын қамтиды», – деді ол.
Мәди Такиевтің атап өтуінше, декларациялауды келесі тұлғаларға қалдыру ұсынылады:
мемлекеттік қызметшілер;
коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері барларға және 1 жыл ішінде сатып алғандарға;
бір жыл ішінде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн теңге) астам сатып алулар жасағандарға;
өз бетінше салық салынатын табыс тапқандарға.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.