Ақтөбе облысының прокуроры қызметінен босатылды

Ол 2022 жылдың 27 шілдесінде Ақтөбе облысының прокуроры болып тағайындалған.

Ақтөбе облысының прокуроры Халидолла Дауешов қызметтен босатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы 19 қараша күні Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

– Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі негізінде Бас Прокурордың 2024 жылғы 18 қарашадағы бұйрығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Халидолла Зиноллаұлы Дәуешов Ақтөбе облысының прокуроры лауазымынан қызметті өткерудің шекті жасына жетуіне байланысты босатылды, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, Халидолла Зиноллаұлы Дәуешов заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін І және ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен наградталғаны, Прокуратураның құрметті қызметкері.

Х.Дәуешов 1964 жылы Атырау облысында дүниеге келген.

1984-1985 жылдары Ауғанстан Республикасында соғыс қимылдарына қатысқан. 1991 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Мансабы:

Прокуратура органдарындағы қызметін 1991 жылы Гурьев қаласы прокуратурасының тәлімгері болып бастаған.

1992-1994 жылдары Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, 1994-1999 жылдары Атырау облысы прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім аға прокуроры, бөлім бастығы болып қызмет істеді.

1999-2002 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты қадағалау департаментінің аға прокуроры, арнайы прокурорлар және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің аға прокуроры болды.

2002-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының прокуроры, Атырау облысының Жылыой, Мақат аудандарының және Атырау қаласының прокуроры лауазымдарын атқарды.

2012-2019 жылдары Жамбыл және Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Қызылорда облысының прокуроры қызметтерін атқарды.

2019-2022 жылдары Атырау облысының прокуроры қызметтерін атқарды.

2022 жылдың 27 шілдесінде Ақтөбе облысының прокуроры болып тағайындалды.