Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту - экономиканы дамытудың драйвері

Ғылыммен ынтымақтастық және бүгін іріктелген бастамалар мен жобаларды іске асыру тек бір жылда ERG кәсіпорындарына шамамен 50 млрд теңге экономикалық тиімділік әкеледі.

Ғылыми шешімдер өндіріс тиімділігін арттыруға қалай көмектеседі? Үкіметте ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту міндеттерінің іске асырылу барысы  баяндалды, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

 «Қазақмыс» корпорациясының бүгінде өз портфелінде қазақстандық ғалымдармен бірлесіп іске асырылған техникалық селен элементін жоғары маркалы селенге қайта өңдеу жобасы бар. Бірегей технология металды дәстүрлі шикізаттан ғана емес, сонымен қатар техногендік қалдықтарды да қолдануға мүмкіндік береді, осылайша өндіріс тиімділігін арттырады.

«Оның мәні мынада, біз бағалы компоненттерді қымбат қождан шығарып, селеннің қаттылығын арттырамыз. Күрделі шығындар шамамен $7 млн құрады және бүгінде кәсіпорын қосымша компонент есебінен $2-$2,5 млн қосымша табыс алады. Бұл отандық ғылым мен бизнес арасындағы синергияның жарқын мысалы. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысы аясында төрт жоба іріктеліп алынды, оның үшеуі біздің өнімнің алынатын компонентін ұлғайтуға бағытталған. Шахта суларын тазартудың төртінші жобасы – біздің корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілігіміз. Жоба экологияға көбірек бағытталған, бұл да перспективалы бағыттардың бірі»,  деді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев.

Eurasian Resources Group биылғы жылдың қыркүйегінде еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 44 ғалымы қатысқан алғашқы хакатон өткізді. Ғылыми сарапшылармен бірлесіп, бес негізгі бағыт іріктелді. Олардың өндірісте қолдану мүмкіндігін және экономикалық тиімділігін зерттеу үшін жұмыс тобы құрылды.  

«Бірінші бағыт – Көктал бокситтерінің құрылымдық ерекшеліктерін зерттеп, бокситтерді жерасты шаймалау және байыту мүмкіндіктерін қарастыру. Бұл бағытты іске асыру арқылы біздің компания шамамен 47 млрд теңге көлемінде қосымша экономикалық тиімділікке қол жеткізе алады. Екінші бағыт – глинозем өндірісі кезінде қызыл шламдардан қосымша жерде сирек кездесетін металдарды шығару. Үшінші бағыт – «жасыл» анодтар өндірісінің технологияларын қалыптастыру. Ғылыммен ынтымақтастық және бүгін іріктелген бастамалар мен жобаларды іске асыру тек бір жылда ERG кәсіпорындарына шамамен 50 млрд теңге экономикалық тиімділік әкеледі. Бұл – қазақстандық ғалымдардың ғылыми әлеуетімен бірлесіп қол жеткізгіміз келетін экономикалық тиімділік»,  деп атап өтті ERG бас директоры Серік Шахажанов.