Сенат төрағасы Жапонияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямадамен кездесті. Кездесу елшінің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты ұйымдастырылды.

Палата Спикері дипломатқа екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға және Астана мен Токио арасындағы саяси-экономика­лық байланысты арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сұхбат кезінде эко­логия, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғылым, жоғары білім және әділет саласын­дағы өзара тығыз қарым-қатынас орнағаны сөз болды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Жапония Қазақстанның Азия-Тынық мұхи­ты өңіріндегі маңызды серіктесі екен­ін атап өтті. Осыған байланысты ол екі елдің парламентаралық қатынастарын одан әрі жандандыру қажеттігіне назар аударды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріп келеді. Бүгінде «Орталық Азия+Жапония» форматы нәтижелі жұмыс істеп келе жатыр. Осы орайда біз Жапонияның Орталық Азия елдерімен Достық парламенттік лигасының құрылуын қолдаймыз. Елдеріміз арасын­дағы транзиттік-көліктік, энергетикалық, су және басқа да салалардағы ынтымақтас­тықты ілгерілету ұзақмерзімді өзара тиім­ді серіктестікке ықпал етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы осыған дейін Қазақ­стан мен Жапония арасында түрлі салада, атап айтқанда, сумен жабдықтау және медициналық инфрақұрылымды жақсарту бағытында екіжақты ынтымақтастықтың бірлескен жобалары мен бағдарламалары табысты іске асырылғанын да айтты. Бұл ретте Жапонияның зерттеу орталықтарын­да қазақстандық ғалымдардың ғылыми тағылымдамалары ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

Өз кезегінде елші Қазақстан тарапына белсенді өзара іс-қимыл үшін алғысын біл­діріп, елімізде жүргізіліп жатқан қо­ғамдық-саяси өзгерістерді жоғары баға­лады. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Жа­пония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.