«Экология балалар көзімен!»

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясын­да 5-7 сынып оқушылары арасында «Экология балалар көзімен!» атты суреттер байқауы өтті.

«Бізбен бірге сурет сал» арт-атласына қаладағы бейнелеу өнері бойынша шығармашылық бірлестіктерде білім алатын 15 оқушы қатысты. Байқауда қойылған басты талап – қатысушылар өз шығармашылығы арқылы еліміздің экологиясының болашағы туралы идеялары мен көзқарастарын сурет арқылы жеткізе білу. Ұйымдастыру­шы­лардың айтуынша, үздік жұмыстар қала мектептері оқушы­ларының еңбектері ұсынылатын қалалық кезеңге қатысады. Қорытындысы бойынша, жеңімпаздар грамоталармен және сыйлықтармен марапатталады.

– Экологиялық жоба аясында оқу­шылар арасында шығармашылық байқау өткізілді, оның мақсаты қоршаған орта үшін жауапкершілік сезімін нығайту болып саналады. Біз мектеп оқушылар­ында экологиялық сананы тәрбиелеуге ерекше назар аударамыз. Оларды таза­лықты сақтау және халқымыздың дәс­түрлерін зерделеу бойынша түрлі іс-шара­ларға белсенді тартамыз, – дейді №32 мектеп-гимназиясы директорының тәр­бие жұмысы жөніндегі орынбасары Бекайдар Шалахаев.

Табиғатты қорғау және қоршаған ортаның экологиялық тазалығы туралы оқушылар арасында жиі айтудың, оның маңыздылығын үйретудің артықшылығы көп. Мәселен, жасөспірім шақта бала сурет салуға әуес болады. Сондықтан «Бізбен бірге сурет сал» арт-атлас байқауы арқылы өскелең ұрпаққа республикалық «Таза Қазақстан» жобасының мақсаттар­ын түсіндіру тиімді әрі жеңіл. 

– Елімізде экологияға көп көңіл бөлінгеніне қуаныштымын, бұл тұрақты даму үшін өте маңызды. Жоба экология­ның маңыздылығын түсінуді шығарма­шылық арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мені қуантады. Мен өз жұмысымда «Таза Қазақстан» акциясына өз қолдауымды білдірдім, – деді оқушы әрі байқауға қатысушы Станислав Вовченко.

№32 мектеп-гимназиясы көркем еңбек пәнінің мұғалімі Оралбек Мақсат­бекұлының айтуынша, жалпы сурет өнері – адамның ішкі жан дүниесін сөй­лете алатын ерекше құбылыс.

– Оқушылардың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өздерінің бойындағы саф, таза өнері арқылы үлес қосуы құптауға тұрарлық айтулы оқиға. Бүгін байқауға қатысушылар өз жұмыс­тары арқылы қоршаған ортаны аялау, оны болашақ ұрпақ үшін сақтаудың қажеттілігін түсіну – еліміздің әрбір аза­маты­ның міндеті екенін көрсете білді! «Бізбен бірге сурет сал» арт-атласы аясында балалардың туындыларында табиғатпен үйлесімділік, сұлулық, сезім­талдық, болашақ ұрпақ үшін табиғатты қорғауды түсіну мен жауапкершілік сияқты сезімдер көрініс тапты деп толық айта аламын, – деді ұстаз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ