Aqyl Life жобасы басталды

Астанада жастар арасында есірткі қылмысына және лудоманияға қарсы бағытталған бірегей Aqyl Life жобасы басталды.

«Астана жастары» ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр­ған жоба жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, интеллектін дамыту және пікір алмасу бағытындағы іс-шараларға негіз болмақ.

«Астана жастары» ресурстық орталығының «Жастар бастамаларын қолдау» бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлінің айтуынша, үш бағытты қамтитын жобаның мақсаты, бірінші – мектеп оқушыларын кітап оқуға баулу, екінші – студенттер арасында дебаттық турнирлер мен үшінші – интеллектуалды ойындар ұйымдастырып, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

– Aqyl Life жобасы қаладағы өзекті болып тұрған есірткімен күрес және интернет тәуелділік, қауіпті ойындар мен лудоманияға қарсы алаң құру мақсатында қолға алынды. Бұл қазіргі таңда жастар арасында белгілі блогер, қоғамға танымал тұлғалар қандай кітаптар оқиды, ол адам жастарға не ұсына алады, қандай бағыт-бағдар бере алады, олар өмірлік жолдарына әсер еткен кітаптар туралы бөлісу, пікір алмасу арқылы жас­тарға өнеге беруіне, үлгі болуына арнал­ған. Бүгін бірінші рет өткізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 4-5 мектепті қамту жоспарда бар, – деді ол. 

Жоба аясында қала әкімдігінің қолдауымен №28 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесуге Туризм және спорт министрлігінің елшісі Сергей Цырульников, әлеуметтік кәсіпкер, GreenTal ком­па­ниясының негізін қалаушы, әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров келді. Олар өздері оқыған үш кітапты оқушыларға таныс­тырып, өмірін қалай өзгерткенін айтты. Сондай-ақ аудиокітап пен қағаз кітаптың айырмашылығы туралы әңгімеледі.

Сергей Цырульников: «Қазір түрлі аудиокітаптар бар екенін білемін. Бірақ кітапты парақтап оқу адамға ерекше әсер етеді. Сондай-ақ ақпаратты тез қабылдап, мазмұнын оңай түсінесіз. Себебі бар зейі­ніңіз тек сол кітапта болады. Мен қазір тек бір бағыттағы кітаптарды оқы­май­мын. Поэзияны да, бизнеске арнал­­ған кітаптарды да оқимын. Бұл жан-жақты оқуға көмегін тигізеді» десе, Эмин Аскеров адам жылына 50 кітап оқу қажет деген ойын айтты. Ол жастарға пси­хо­логия­лық және кәсіпке баулитын кітап­тар­ды оқуға кеңес берді. «Қазір әлем­де 400 мыңға жуық мамандық бар. Жыл са­йын оның 500-і жойылып жатыр. Бұл маман иелерінің орнын робот­тар басып жатыр. Мен мұнымен ешкімді қор­қыт­қым келмейді. Алайда шындық – осы. Сондықтан біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Ол үшін жан-жақтылық танытып, түрлі бағыттағы кітаптар­ды оқуымыз қажет», – ­деді Эмин Аскеров.

Ал мектеп №28 мектеп-лицейінің директоры Айгүл Құсайынова Aqyl Life сияқты жобалар оқушылардың дағдыларын дамытып, білімін шыңдап, жаңа идеялармен шабыттануға мүмкіндік беретінін айтады.

– Қазан айында буллинг бойынша жиын өткізгенбіз, бүгінгісі – екінші іс-шарамыз. Оқушылармен кездесу олардың тәрбиесіне көбірек көңіл мақсатында ұйымдастырылады. Кітап оқудың оқушылар үшін тәрбиелік мәні көп, білім алуына көп әсер етеді. Бүгінгі іс-шарадан біздің балалар көп жақсы эмоция алды деп ойлаймын, – деді Айгүл Құсайынова.

Кездесудің қызықты болғаны сондай оқушылар спикерлерге кезек-кезек түрлі тақырыпта сұрақтар қойып, өздерінің оқыған кітаптары туралы және армандары мен мақсаттары туралы ойларын ортаға салды. 

«Мұндай іс-шаралардың болғанына өте қуаныштымын. Себебі адамның ой санасын түгелдей өзгерте алады. Болашақта қандай маман иесі боламын деп ойлағанда, нақты нені жоспарлауға болатынына бағыт береді. Осындай іс-шаралар көп болғанын қалаймын», – деді 9-сынып оқушысы Айзат Тоқтабай. Ал 10 сынып оқушысы Мадияр Жұмасейітов: «Кітап оқудың маңызы туралы айтсам, адам өзінің күшімен ғана емес, сана-сезімімен де ерекшеленіп тұрады. Сондай-ақ адам жан-жақты дами отырып, көптеген салаға бейімделе алады деп ойлаймын. Өзім көбінесе классика және психологияға әсер ететін кітаптар оқимын. Менің ойымша, мұндай шаралар көбірек болса, балалардың да сана-сезімі көтеріліп, олар да оқуға көбірек ұмтылады. Өзім өскенде инженер-конструктор болғым келеді», – деді.

Aqyl Life жобасы «Астана жастары» ресурстық орталығының маманы Алуа Балтабаева айтқандай, жастарға шабыт беретін оқиғалармен танысуға, табысты әрі саналы өмір салтын ұстанған адамдардан құнды кеңестер алуға арналған бірегей жоба және жастардың аналитикалық ойлауын, шешендік қабілетін, командалық рухын дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ кездесу оқушыларға еңбексүйгіштік – бар игіліктің бастауы екенін ұғындырумен қатар, жаңа идеялар мен ұмытылмас әсер сыйлады десек болады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ