Философия – шекарасыз ілім

Еуропаның XIII ғасырдың басында ашылған атақты оқу орындарының бірі Римдегі Сапиенца университетінде XXV Дүниежүзілік философия конгресі өтті. 1-8 тамыз аралығында «Шекарасыз философия» ұранымен өткізілген бұл конгресс барысында философияның қазіргі заманғы шекаралары қайта қаралды.

Парижде 1900 жылы өткен конгрестен кейін араға 124 жыл салып қайта жаңғыр­тылған басқосудың Сапиенца университе­тінде өтуі бекер емес – sapienza сөзінің өзі «даналық» дегенге саяды, аталмыш білім ордасында Мария Монтессори, Бернардо Бертолуччи, Федерико Феллини, Габриеле Д’Аннунцио, Серджо Маттарелла және басқа да танымал тұлғалар тәлім алған. Римде конгресс алғаш рет, ал Италияда төртінші рет өткізілуде (Болонья (1911), Неаполь (1924), Венеция (1958). Осылайша, Италия – адамзат тарихында Дүниежүзілік философия конгресін төр­тінші рет өткен жалғыз ел болып табылады.

Қандай да бір «шекарадан тыс», әртүрлі сипатта ойлауға шақыру –Дүниежүзілік философия конгресінің басты мақсаты болды. Конгресс алаңында әлем философ­тарына біздің ортақ әлеміміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси, технологиялық және мәдени болашағы туралы әртүрлі идеямен бөлісу үшін тамаша мүмкіндік берілді. 

Халықаралық философиялық қауым­дастықтар федерациясының президенті Лука Скарантино шараны аша отырып, «Бізге философияны сүйетіндерге және ғалымдарға, саясат шекараларынан тыс пікір алмасуларды қамтамасыз етуде маңызды функцияларды көбірек атқарып, академиялық желілер құруға және жалпы жаһандық қауымдастық сезімін қалыптас­тыруға қажетті теориялық және моральдық жағдайлар жасауды қамтамасыз ету қажет» екенін атап өтті. 

Скарантиноның пікірінше, қазір фил­ософия бұрынғыдан да кең ауқымды философиялық тұжырымдамаларға сүйенуі қажет. 

«Біртұтас мәдениет шеңберінде немесе өз мәдениетіміздің шегінде ғана ойлау – құрлықтар арасында идея, тіл, әдет және стиль еркін айналып, бір-бірімен тығыз араласып жатқан әлемде тиімсіз болып қалды. Біздің философиялық қауымдас­тықтардың – қазіргі философияның маңызды бағыттарының бірі ретіндегі мәдениетаралық инклюзивтілігін мой­ындайтын уақыт келді; көптеген адамзат өркениеттерінің философиялық мұрасын және көзқарастарын лайықты деңгейде бағалап, мойындап, оларды біздің академиялық стандартты тапсырмалары­мызға қосу керек. Біздің әлем бізден, философтардан, философияның мағынасы, ауқымы және оның жеке әрі мәдени тұрғыдан мағыналы жаһандық деңгейдегі шекараларын қайта бағалау бойынша тарихи міндетімізді қабылдауымызды күтетін секілді», – деп атап өтті федерация­сы президенті.

Конгреске 109 елден 5 723 адам тіркелді. 8 626 тезис қабылданды, олардың 4 309-ы мақұлданды, 997. 5 пленарлық сессия, 10 симпозиум, 6 лекция, 5 диалог сессиясы, 345 дөңгелек үстел, 138 шақырылған сессия, 107 қоғамдық сессия, 489 та­қырыптық сессия, философиялық білімнің барлық саласы бойынша 190 студенттік сессия өтті. Ыңғайлы мобильді қосымша әзірленді. Конгрестің негізгі спикерлері – Адриано Фабрис (Италия), Дэвид Чалмерс (Аустралия), Джеффри Сакс (АҚШ), Дженнифер Хорнсби (Ұлы­британия), Джоселин Бенойст (Франция), Магди Салех (Египет), Мануэль Гарсия (Испания), Масаки Ичиносе (Жапония) және тағы басқалары болды.

 «Жұлдыздар астындағы философия» атты үш кеш өткізілді, ол Колизей архео­логиялық паркінің Палатин стадионында сыни және философиялық ойға арналды. Іс-шараны Фабриция Джулианимен сұхбат жасай отырып, Джойс Кэрол Оутс ашты. Түнгі жұлдыздардың аясында Дэвид Чалмерс, Максимо Ибарра, Натали Точчи, Маурицио Феррарис, Юк Хуэй, София Боникаци сөз сөйледі.

«Жұлдыздар астындағы философия­ның» мақсаты – «Шекарасыз философия» тақырыбына арналған пікірталастар аясын кеңейту, интеллектуалдық ой жүгірту және кең аудитория үшін сыни ойлауды дамыту. Үш кеш бойы үш түрлі тақырыптық бағыт ұсынылды. Бірінші кештің қонағы – Принстон университетінің профессоры, америкалдық жазушы, ақын және драматург Джойс Кэрол Оутс болды, ол әдебиет пен философия арасында тағы бір көпір салды. Белгілі жазушы өзінің жарияланбаған мәтінімен бөлісіп, тіл философиясы және коммуникация та­қыр­ыптарына арналған көптеген эссенің авторы, Рим университетінің («Ла Сапиенца») профессоры Фабриция Джулианимен сұхбаттасты. Екінші кеш «Табиғаттан тыс» деп аталып, онда Гонконг философы, Роттердам университетінің профессоры, Философия және техноло­гияны зерттеу орталығының негізін қалау­шылардың бірі Юк Хуэй сөз сөйледі. Қазіргі заманғы ең қызықты технологияны зерделеуші философтардың бірі болып саналатын Юк Хуэй сандық объектілердің мәселелерімен, технологияның саясатымен және поэтикасымен, компьютерлік ин­женериямен, әлеуметтік желілердің баламалы архитектурасын жасаумен айналысады. Ол техника философиясы, медиа теориясы және кибернетика бойынша кітаптар мен мақалалар жазған Бернар Стиглердің шәкірті. Сонымен қатар халықаралық қатынастар саласын­дағы итальяндық саясаттанушы, сарапшы Натали Точчи сөз сөйледі. Ол халықаралық істер мен бейбітшілікті сақтаудағы Еуро­палық Одақтың рөліне, сондай-ақ еуро­палық мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар бойынша пікірін ортаға салды. 

Содан кейін Турин университетінің теориялық философия профессоры, La rivista di Estetica журналының бас редакторы Маурицио Феррарис сөз алды. Ол Critique, il Circulo Hermeneutico editorial және aut aut сияқты журналдарды құруға атсалысқан. 2010 жылдан бастап Repubblica газетінің мәдениет бөліміне мақалалар жазып жүр­ді. Rai Cultura телеарнасы үшін «Қоз­ғалыстағы философия» атты бейнедәрістер сериясын жасап, 2015 жылдан бері Rai-5 арнасында саясат пен мәдениет тақыр­ыптарына арналған «Өнер жағдайы» бағ­дарламасын жүргізіп келеді. Эстетикада оның есімі сезім теориясымен, құжаттар­дың онтологиясы ретінде түсінілетін әлеу­меттік онтологиямен, сондай-ақ жаңа реализм арқылы постмодернизмді еңсерумен байланысты. Философиялық герменевтика саласының белгілі ғалымы Маурицио Феррарис зерттеулерінде пост­модерннің орнын басқан жаңа реализм парадигмасын алға қойды. Өт­кендегі реализмнің рационалды құрылым­дар­ын қайта ойластыру тақырыбы қазіргі философиялық мәселелер үшін маңызды болып табылады. Ферраристің философия­сына сүйенсек, фрагменттерді, ыдырауды, хаосты еңсеру және барлық «шашыраңқы» элементтерді тұтас бір бүтінге жинақтау арқылы біз түлғамызды ашамыз. Сондық­тан жаңа реализм қазіргі заманның сыз­ықтық емес дискурсында әртүрлі позиция­лардың қатар өмір сүру формасы емес пе? Егер солай болса, философтар мен философия әрқашан диалогке «мәж­бүр». Білімді биліктің құралы ретінде қарас­­тырған Мишель Фуконың ілімін түсіндіре отырып, Феррарис «фукант» ұғымын ен­гізеді, ол Кант пен Фуконың эпистемоло­гияларын біріктірген ұғым, мұнда Канттың априорлық әдістемесі Фуко­ның генеало­гия­ларында конвертация­ланады.

Үшінші кеш «Зерде» деп аталды, онда Нью-Йорк университетінің «Зерде, ми және сана орталығының» тең директоры, философия және нейроғылым профессоры Дэвид Чалмерс, Римдегі Гвидо Карло Луисс университеті мен бизнес мектебінің цифр­лық маркетинг профессоры, инженерия бөлімінің бас директоры Максимо Ибарра және Рим III универ­ситетінің Коммуникация философиясы кафедрасының доценті София Боникальци сөз сөйледі.

Дэвид Чалмерс – әлемдегі ең ықпалды философтардың бірі, сана мәселесін зерттеуші, ми, қазіргі когнитивтік ғылым­мен айналысатындардың қызығушылығын туғызды. Негізінен сана, зерде филосо­фиясы және жасанды интеллект мәселе­лері­мен айналысатын танымал аустра­лиялық философ және когнитивист «сана­ның мәселесі» деп аталатын әйгілі концепциялардың бірінің авторы. Дэвид Чалмерс панпсихизм туралы көзқарас­тарымен де танымал – бұл идея бойынша сананың болмыстың негізгі аспектісі болуы мүмкін, ол барлық физикалық объектіде әртүрлі формада көрініс табады. Өз жұмыстарында ол сананың тек адам миы сияқты күрделі жүйелерден пайда болмайтынын, керісінше, оның болмыстың терең құрылымдарында тамыр жаюы мүмкін екенін талқылайды. Сонымен қатар Чалмерс жасанды интеллект және оның санаға қабілеттілігі туралы мәсе­лелерді белсенді зерттейді. Ол санамен қам­тамасыз етілген немесе сананы им­итациялай алатын машиналармен қалай әрекеттесетініміз жөнінде маңызды эти­калық және философиялық сұрақтарды көтереді. Үш кеш метафизикаға, трансценденттікке және сыни ақыл-ойға арналған философияда жаңа мүмкіндіктер ашты. Алайда барлық кеште қазіргі мәселелер философиялық білім мен философия тарихының призмасы арқылы проблематизацияланды, себебі философия­лық жүйелердің тарихи сипатын түсінбей­інше, қазіргі ұғымдарымыз бен стратегия­ларымыздың феноменологиясын түсіну мүмкін емес. Философиялық конгрестер әрқашан бізді «догматикалық ұйқыдан оятады», Юм философиясы туралы Кант­тың бұл әйгілі сөзін бұл жерде де орынды қолдануға келеді. Пленарлық отырыстарда «көкейтестілік», постковидтік метамор­фозалар, онтологиялық фрагменттілік, саяси айлашарғылар, саяси технологиялар және «антисезімтал бірегейліктің» қалып­тасуы кеңінен талқыланды. Гарвард және Колумбия университеттерінің профессоры, БҰҰ Бас хатшысының кеңесшісі, белгілі экономист Джеффри Сакс жасаған баян­дама қошеметке және пікірталасқа ие бол­ды. Оның сөзі философтарға үндеу бол­ды: талдау жасап, ойлап, әрекеттеніп, бел­сенді түрде философиямен айналысу – ойдың «жаттығуы» емес, әрекет ету. Өз философиялық ойларымыздың жүзеге асуы­на жауапкершілікпен қарау – оның тағы бір маңызды идеясы. Пленарлық отырыста баяндамашының тезистеріне қарағанда әлі де бар және болашақта да болатын гендерлік мәселеге назар аудар­ылды. Әрине, философия – бұл біздің көз­қарастарымызды, ойларымызды, әлеу­меттік және мәдени үдерістерді жал­пылау, сондықтан Философиялық конгресте қазіргі шынайы өміріміздің мәселелері көтерілді. 

Бүгінде философия біздің өмірлік өзек­ті мәселелерімізге сай бола ала ма, әлде ол туралы ештеңе айта алмай ма? Егер философияны тек белгілі бір оқиғаларды, концепцияларды жалпылау тәсілі ретінде ғана қысқартса, философтар сұранысқа ие болу үшін не істеуі керек? Негізінен, әрбір философиялық конгресс – бұл философияның мәні мен мағынасы, философиялық ойлау мәдениеті туралы ой-толғаулар мен пікірталастар және ең маңыздысы – философияның күнделікті өмірмен онтологиялық байланысын қайта құру болып табылады.

1900 жылдан бері Дүниежүзілік философиялық конгрестер өткізіліп кел­еді, олар әрқашан заманның рухы мен маңызды тақырыптарын көтереді. Бүгінгі заманның тақырыбы – шекарасыз философия біздің сұраныстарымызға жауап береді. Шекарасыз дегеніміз – тоталитаризмсіз, біркелкіліксіз, идеология­лық диктатсыз, философиялық ойлаудың түрлі тәсіліне деген кемсітусіз философия­ны меңзейді. Шекарасыз философияда философияның өзіне жаңа көкжиектер ашыла береді – ХХV Дүниежүзілік философиялық конгрессте осы мүмкін болатын жаңалықтар туралы көп тал­қыланды.

Қазақстан философиясы әлемдік философиялық мұраның бір бөлігі ретінде қазіргі заманғы өзекті трендтке сәйкес дамып келеді. Дүниежүзілік философиялық конгреске қазақстандық өкілдерден – Фил­ософия, саясаттану және дінтану институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және еліміздің басқа жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Дөңгелек үстелдер, баяндамалар мен семинарлардың тақырыптары ғаламдық мәселелерге жауап берді және ол төмендегідей кейіпте өрнектелді: мәдени және ұлттық бірегейліктерді сақтау, мәдени кодтарды іздеу, гендерлік теңдік, философиялық мәселелердің теориялық-методологиялық негіздері, тарихи-философиялық ресурстың герменевтикасы, постадам мәселелері, постсипатты, постәдеттегі уақытта, жасанды интеллект, постгуманизм дәуіріндегі адам мәселелері. Белгілі ғалым­дар – А. Косиченко, Г. Барлыбаева, А. Әмребаев, Б. Мейрбаев, А. Әбішева және басқалар өз баяндамаларымен шетелдік әріптестерінің айрықша қызығушылығын туғызды. Исламдық дискурс Конгресс аясында Иран, Египет, БАӘ елдерінен қатысушылар тарапынан кеңінен талданды. Біздің ғалымдар ислам мәдениеті, ислам бірегейлігі, исламдық дәстүрлер мәселелерінде әріптестерімен көптеген ұқсастық пен түсінік тапты.

Қазақстан және Орталық Азия фил­ософиясына арналған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан әріптестерімен бірлесіп ұйымдастырылған воркшоп сессиясын ерекше атап өтуге болады. Әріптестер философияны әлемдік философиялық кеңістікке интеграциялау­дың қажеттілігін атап өтіп, өздерінің ұлттық философиялық тәсілдерін сақ­таудың маңызды екеніне баса назар аударды.

Дөңгелек үстелдерде басымдық танытқан баяндама тақырыптары болған жоқ, себебі XXI ғасыр философиясы плюрализм жағдайында дамып келеді. Дегенмен қазіргі философияға тән бірнеше үрдістерді атап өтуге болады: бұл – мәсе­лелерге тереңдеп, нақты салаға бағытталған мамандану тенденциясы. Біздің ғалымдар атап көрсеткендей, Қазақстан философия­сының ерекшелігі –қазақ халқының рухани түпнегіздеріне байланысты болу­ында, оның сабақтастығы және диалогқа, шығармашылыққа, еркін коммуникацияға ұмтылуында деуге болады.

Философиялық конгресте еліміздегі осы сала үшін бірқатар маңызды ойлар айтылды: Қазақстан философиясы өткен философиялық тәжірибені түсіндіру, оны қайта бағалау, ұлттық философия үшін жаңа концептуализация стратегияларын әзірлеу арқылы Дүниежүзілік философия кеңістігіне интеграцияланатын көпқырлы интеллектуалды процесс ретінде жүзеге асырылады. Философияны дамыту, оның өзін-өзі анықтауы, еркін рефлексиясы үшін маргиналдылық пен тұлғасыздануды жеңу қажет. Барлығы үшін және әркім үшін біртұтас философия жоқ, бірақ «ортақ» нәрсе бар, оны тек философия түсіне алады. Философия, философиялық ойлау – бұл аяқталмаған процесс, ол адамды өткенімізді түсіну арқылы бүгінімізді түсінуге итермелейді. Бірақ философия тарихын және философиялық ойлау тарихын «антиквариаттау» емес, философиялық концептілерді нақты болмысқа, нақты сезімдерге, нақты ойларға, нақты істерге енгізу қажет. 

Фил­ософиялық білім  оны түсіну және ой елегінен өткізу үшін екі рет сүңгуге бола­тын өзен сияқты болуға тиіс, бірақ үміт­сіздікті және үзіліп қалған ойлардың ащылығын көрсету үшін емес.

Аталмыш басқосудағы пікірталастар, презентациялар қысқаша айтқанда, шек­арасыз философияға сүңгіте алды, бірақ үнемі философияның шеңберінде ұстап тұрды. Не таңғалдырды, әсер етті, қуантты? Бұл көзқарастар, қарым-қатынастар мен дискуссиялардағы еркіндіктің рухы. Мың­жылдық адам ойының тәжірибесімен қалыптасқан философия бүгінде еркін философтың еркін философиясы ретінде жүзеге асуда, оған қол жеткізу үшін және оның шеңберінен алыстап, қисынсыз әлемге шықпау үшін еңбек ету қажет.

XXV Философиялық конгресс сәтті өтті, келесі Әлемдік конгресс Күн шығысы еліндегі Токио қаласында өтеді, біз де бұл ұсынысты қолдадық. Ал әзірше бізде ойлануға уақыт бар, ең ұлы салалардың бірі – философиясыз өмір сүруге болар, бірақ философиясыз өмір сүру адамға да, қоғамға да мағынасыз.

Зарема ШАУКЕНОВА,  академик

Аяжан САҒИҚЫЗЫпрофессор

Наталья СЕЙТАХМЕТОВА, профессор