Осыған қарамастан қара шаңырақ қазақ қыздарының бағытын айқындап, білім көкжиегінің кеңеюіне атсалысты. Таяуда ғана ұстаздар ұстаханасына айналған білім ошағының 80 жылдық мерейтойына орай «Білімді қыздар – білімді ұлт» атты халықаралық форум өтті.
Жиынға отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, шетелдік университеттердің жетекшілері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен университет түлектері қатысты. Форум аясында пәнаралық ғылыми зертхана, жаңа оқу ғимараты және «Мазмұндама» баспа үйімен бірлескен QyzPU UniSpace коуоркинг орталығы ашылды. Одан өзге, Гонконг білім беру университетінің президенті, профессор Джон Ли Чи Кин мен Қазақстан Республикасының педагогикалық жоғары оқу орындары ректорларының арасында Академия құру туралы шартқа, QyzPU мен Michigan State University арасындағы стратегиялық серіктестік жөнінде, Sussex University-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Форумда сөз алған Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев университеттің қоғамға білім мен тәрбие негіздерін сіңіруге мән беріп, ұлттық рухани және интеллектуалды тұрғыда өркендеуіне сүбелі үлес қосып келгенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші, Түркістандағы екінші және Атырау қаласындағы үшінші отырысында ұлттық құндылықтарды ұлықтау бойынша тың бастамалар көтергенін, сонымен қатар сапалы ұлт қалыптастыру, отбасылық құндылықтар, отансүйгіштік, тарихи тұлғаларға тағзым, қарттарды құрметтеу, аналарын аялау – оқу орындарының тәрбие жұмысының өзегіне айналдыруды міндеттегенін айтқым келеді. Міне, осы міндеттер үдесінен шығып, ұлттық тәрбиенің ұстаханасы деген атақты абыроймен атқарып, Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты кадрларын даярлап отырған киелі шаңырақ – ұстаздар университетін мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! – деді К.Құрманәлиев.
Ал форумға қатысқан университет түлегі, ұлағатты ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы аталмыш оқу орны ұлт қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ұйытқы болуымен ашылғанын еске ала отырып, болашақта ел игілігі үшін қызмет ететін сапалы кадрлардың өсіп шығуы әркез өзекті екенін жеткізді.
– Бүгін – расында ерекше күн. Қиын-қыстау заманда жұртын, келешегін ойлаған Нұртас Оңдасыновтың тұсында ашылған Қыздар педагогикалық институты жыл сайын жасарып, жаңғырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізгеніне куә болып отырмыз. Университетте ғимараттардың жаңадан салынуы, техникалық жабдықтармен толығуы бізді ерекше қуантты. Білім ордасында Нұртас Оңдасынов атасындай қызметті абыроймен аяқтап, зейнетке шыққанда «менің қолым таза, арым таза, жүзім таза» дейтіндей адал қызмет ететін ұстаздар тәрбиеленуін тілеймін, – деді О.Асанғазы.
Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Миразова қазақ аруларының қара шаңырағы ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жарқын болашаққа айқын бағыт сілтеуде маңызды рөлге ие екенін алға тартты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келешегіміздің бейнесі туралы өз ұстанымын былайша жеткізген еді. Ол біріншіден, Әділетті Қазақстан, екіншіден, адал азамат, үшіншісі, озық ойлы ұлт екенін айтты. Ал озық ойлы ұлтты кім қалыптастырады? Әрине, ең бірінші баланы аналар өмірге әкеледі. Одан кейін балаға білім мен тәрбие берушілер – ұстаздар. Елімізде озық ойлы ұлтты тәрбиелейтін үлкен шаңырақ – Қыздар университеті. Мұнда тек ұстаздар ғана емес, тектілік пен даналықтың бейнесіне айналған Домалақ ана сынды қыздар да тәрбиеленіп шығады, – деді А.Миразова.
Балуан Шолақ мәдениет және спорт сарайында өткен іс-шарада мерейтойдың қорытынды нүктесі қойылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын ғылымға қосқан үлесі үшін марапаттады.
– 80 жыл бұрын сол кездегі басшылар ең қиын кезеңде, әлемдік соғыстың төртінші жылында университет ашу туралы үлкен шешім қабылдады. Ежелгі Грекияда бір жақсы нақыл сөз бар. «Қоғам қашан үлкен болады? Сол қоғамдағы адамдардың үлкендері көлеңкесіне отыра алмайтынын біле тұра ағаш еккен». 1944 жылы үлкен ағаш егілді, сол ағаштың көлеңкесінде қазір біз отырмыз. Сол ағаштың жемісі – қазіргі 12 мыңнан аса студентті көрдік. Біріншіден, ұстаздарға, профессорлық-оқытушылық құрамға, университет басшылығына айтарым, ағаштарды еге беріңіздер, шамшырағымыз сөнбесін. Қыздар университеті – тек білім беру ордасы емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші және тікелей қоғамға жеткізуші білім ордасы, – деді министр С.Нұрбек.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы әйелдерге арналған жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны. 1944 жылы негізі қаланған университет отандық білім беру саласында айрықша орын алады. Ғасыр жасына жақындаған қара шаңырақ бүгінде ұлттық педагогика және қоғамның мәдени-әлеуметтік даму жолында белсенді қызмет етіп келеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы