Алматыда ер адам асхана пышағымен автобус бақылаушысына шабуыл жасады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға күндіз Наурызбай ауданында қоғамдық көліктердің соңғы аялдамасында болған.
- Автобустардың бірінің диспетчері өтіп бара жатқан адамға белгіленбеген жерде темекі шеккені үшін сөгіс айтып, нәтижесінде ер адамдар арасында жанжал туындаған. Артынша автобусқа өтіп бара жатқан адам жүгіріп кіріп, қарсыласын пышақтап кеткен. Жедел жәрдем бригадасы бақылаушыны шұғыл түрде ауруханаға жатқызды, - деді Алматы қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
38 жастағы күдікті жедел іздестіру шараларымен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық қару – асхана пышағы тәркіленді.