Астанада ерлер мен әйелдер арасындағы қоян-қолтық жекпе-жектен өтетін әлем кубогының финалына 15 елден 200-ден астам спортшы қатысады. Мұндай деңгейдегі сайыс ел тарихында тұңғыш рет өтпек, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жарыста сынға түсетін жауынгерлердің арасында Испания, Швейцария, Марокко, Үндістан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Беларусь, Египет, Румыния, Тунис, Германия, Таиланд, Қазақстан және басқа елдердің өкілдері бар. Жарысқа қатысушылар – әлем, Еуропа, Азия чемпиондары, әлем кубогының иегерлері және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.
Әлем кубогын ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы мен еліміздегі Қоян-қолтық ұрыс қауымдастығы.
– Қоян-қолтық ұрыс – әскери-қолданбалы спорт түрі. Ол елдің барлық күштік құрылымдарында бар. Қарулы күштерде ол әскери қызметшілерді жауынгерлік даярлау бағдарламасына енгізілген. Қоян-қолтық ұрыспен айналысу әскери қызметшілерді төзімділікке, рухтың беріктігіне тәрбиелейді және оларға қойылған мақсатқа жетуге көмектеседі, – деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының бастығы, полковник Арман Әбеуов.
Спортшылар "Сайыс", "Өзін-өзі қорғау" және "Өзін-өзі қорғау 1+1" пәндерінде 10 салмақта өнер көрсетуі тиіс.
Кубокқа армия спортшылары, қоян-қолтық ұрыстан, панкратионнан, ММА және жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, қоян-қолтық ұрыстан Азия және әлем чемпионаттарының қола және күміс жүлдегері, ХІХ Азия ойындарының қола жүлдегері ефрейтор Аян Тұрсын, қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпиондары лейтенанттар Арман Ерменбет пен Айдын Нұриддинов, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнирдің чемпионы сержант Санат Садықов, панкратионнан әлем чемпионатының жүлдегері Абылай Шәкірбеков қатысады деп жоспарлануда.
Финалдық жекпе-жекті Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті, бүкілресейлік және халықаралық чемпионаттар мен қоян-қолтық ұрыс пен каратэ турнирлерінің чемпионы және жүлдегері Сергей Астахов бақылайды.