Беделді әрі салмақты көзқарастағы BBC-дің өзі шіріген бананды «өнер туындысымен» теңестірген. Осы хабарламаға сүйенген Aikyn.kz бұл оқиғаның мәнін түсіндіреді.
Маурицио Каттеланның қабырғаға жабыстырылған банан бейнеленген арандатушылық туындысы Нью-Йорктегі Sotheby's дүкенінде 6,2 миллион долларға сатылды. Бұл – аукциондағы бастапқы бағадан төрт есе қымбат.
Аукцион үйінің хабарлауынша, қытайлық криптовалюта кәсіпкері Джастин Сун сәрсенбі күні италиялық суретшінің «Сайқымазақ» (Комик) инсталляциясын жеңіп алу үшін алты бәсекелесінен асып түсті.
«Жақын күндері мен осы бірегей өнер тәжірибесінің бөлігі ретінде бананды жеймін», – дейді Сун мырза.
«Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша, таспаланған банан – бұрын-соңды сатылған ең қымбат жемістің бірі болуы мүмкін. Бананның америкалық дүкендердегі бағасы небәрі – 0,35 доллар.
«Сайқымазақ» тудырған дүрбелең мына видеода:
Әлемнің көптеген көрме залдарына қойылғада инсталляциядағы банан шіріп кетсе, оны қалай ауыстыруға болатыны туралы нұсқаулық та бар. Бұл жемісті көрмеге келгендер бір емес, екі рет жеп қойған.
2023 жылы инсталляция Сеулдегі Лиум өнер мұражайында қойылған кезде оңтүстік кореялық суретші студент Но Хён Су оны жеп қойған. Бананның қабығын қабырғаға жапсырып кеткен. Мұражай кейінірек сол жерге жаңа банан жапсырып қойған.
Төрт жыл бұрын дәл осындай «өнер туындысы» Майамидегі Art Basel-де 120 000 долларға сатылғаннан кейін бір суретші қабырғадан бананды жұлып алған. Бұл жолы да банан тез ауыстырылған.
6,2 млн долларға қабырғаға жапсырылған бананды сатып алған Джастин Сун криптовалюта транзакцияларын жеңілдететін Tron блокчейн желісін басқарады. Өткен жылы АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясы оны Tron крипто-токен сататын TRX сауда көлемін жалған түрде арттырды деп, алаяқтық үшін айыптады. Сун мырза бұл айыптауларды жоққа шығарады.
Батыстың керемет «өнер туындысын» азиялықтың сатып алуында, оның құнын «бананды жеу арқылы» 17,7 млн есе азайтуда символикалық мағына бар сияқты. Батыстың рухани жұтап бара жатқанын көрсететін акцияға ұқсайды: «Сіздер миллиондаған долларға бағалайтын туынды біз үшін түкке тұрмайды».
«Жапсырылған банан неге өнер туындысы болуы керек?» деген сұраққа батыстық өнертапқыштар өздеріне тән сөзуарлықпен былай деп жауап беруі мүмкін:
«Бұл шығарма – әр адамға арналған өнердің үлгісі. Таспа қарапайым адам мен банан көптеген жұмысшы табының нашар тамақтануына және олардың жаңа піскен жеміс пен көкөністің қарым-қатынасының бұзылуына тән денсаулық теңсіздігін сынайды. Таспа (скотч) мен банан бір-бірімен ақылды және тапқыр үйлестірілген», – деп керемет философиялық мазмұнмен толықтырады.
Бүгінгі асып-тасқан, менмендік пен тәкаппарлықтан асқынған батыстық қоғам үшін шіріген банан «терең философия мен мағыналы өнер» болса, Африка мен Азиядағы миллиардтаған ашқұрсақ балалар үшін нағыз кемсіту мен қорлау сөздері болып естіледі.
Маурицио Каттеланның басқа да арт-туындыларымен мына сайттан таныса аласыз.
Бір апта бұрын (16 қараша) Aikyn.kz «Миллиардер 1 миллиард долларға сатылған пиццаны ұмытпаған» деген мазмұнда мақала жариялады. Енді таспамен (скотч) жапсырылған шіріген бананды «өнер туындысы» деп аукционға шығарып 6,2 млн долларға сату, оны батыстық беделді саналатын медиа құрылымдардың жарысып жазуы нені білдіреді? Кедей елдердің табиғи байлығын күшпен, қорқытумен, алдаумен тартып алып байыған Батыстың азғындығының дәлелі ме? Батыс елдері тойып секіріп, қалған 7 млрд халық «өркениеттен қалып қойғандар» деп аталып, ашқұрсақ жүрген жоқ па?
Шіріген банан осындай ойлар туғызады. Сіз қалай ойлайсыз?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.