Десе де, кейінгі жылдары облыс орталығында «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы жанданып, бұзақылық деректерін болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Аталған жобаның бүгінде жемісі қандай? Бастама өз өміршеңдігін дәлелдей алып жатыр ма?
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің сөзіне сүйенсек, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде шаһардағы қылмыс деңгейі 13,2 пайызға төмендеген екен. Сондай-ақ жастардың жүріс-тұрысы мен күнделікті тынысы жіті бақылауға алыныпты.
– Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, жастар арасындағы құқықбұзушылық, есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс жүргізу, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қылмыстардың өсуіне жол берілмеді.
Қазір Тараз қалалық полиция басқармасының профилактикалық есебінде 172 кәмелетке толмаған жасөспірім тұр. Осы есепте тұрған балалармен прокуратура және әкімдік қызметкерлерінен құралған мобильдік топ профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ жыл басынан бері жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 29 512 оқушыдан сауалнама алынып, 34 841 оқушының қатысуымен 149 кездесу ұйымдастырылды. Бұған қоса, 41 жайсыз отбасының үй-тұрмыстық жағдайлары зерделеніп, онда тәрбиеленіп жатқан балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздіктеріне бақылау жасалды.
Қалалық білім бөлімі тарапынан жыныстық сипаттағы қылмыстардың жасалу қауіпі бар 57 нысанның тізімі құрылды. Жергілікті полиция қызметі мамандары тарапынан бұл аймақтар тұрақты патрульденуде. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қылмыстардың жалпы саны 13,2 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық – 20,2, ұялы телефондарды қолды қылу – 39,6, қоғамдық жерлерде жасалған заңбұзушылықтар – 8,7, есірткімен байланысты қылмыстар 15,4 пайызға азайды, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Иә, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы жемісін бере бастағандай. Енді әкімдік жобаны әрі қарай жетілдіру мақсатында қала тұрғындарының жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру мақсатында кездесулер өткізіп, қылмыс деңгейін 5 пайызға төмендетуді көздеуде. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға шағымданушылар санын 10 пайызға азайтуды мақсат тұтуда.
Бұл әрине, жанға жылу беретін дүние. Оған қоса, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы түрлі құйтырқы қылмыстардың да бетін ашуда. Мәселен, жуырда Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінен келген 25 шетелдікті анықтап, олар оқу орындарына студент ретінде заңсыз тіркелгенін әшкере қылды. Атап айтсақ, Өзбекстаннан келген 19 мигрантқа М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті ретінде жалған құжаттар берілген. Алайда олар бұл оқу орнында бірде-бір күн оқымаған. Аталған факті бойынша прокурорлармен ҚР ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, кінәлі тұлғалар анықталуда.
Тағы бір жайт, 6 шетелдік азамат қаладағы университет пен колледждерге формальды түрде оқуға қабылданып, кейіннен ұзақ сабақтан қалғаны үшін оқудан шығарылған. Осылайша, еңбек мигранттарына елге кедергісіз кіріп, заңсыз уақытша тіркелуге жағдай жалсалған.
Міне, байқап тұрсаңыздар, білім беру орындарының өзінде заңды белден басқан жасырын қылмыстық әрекеттер жүргізілуде. Бұның арты жақсылыққа апармайтынын әркімнің іші біліп отыр. Енді тек «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» кетпесе болғаны.
Жалпы, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы баянды бағдарын тапқандай. Оған біз жоғарыда аталған қылмыстық істердің әшкере болып жатқанынан көз жеткізе аламыз. Алайда әлі де болса осымен қылмысқа қылбұрау салынды дей алмаймыз. Әсіресе, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты мәселе күні бүгінге дейін алаңдатып отыр. Олай дейтініміз, күні кеше ғана Мойынқұм ауданы Биназар ауылындағы мектеп оқушысының зорлануы тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызды. Жаға ұстататындығы жасөспірімге өзінің екі бауыр ағасы 6 жыл бойы зорлық көрсетіп келген. 13 жасар жасөскіннің азғындардың апанына түскені оның аяғы ауыр болып қалған кезде анықталған. Жасөспірім алты жылдың ішінде өзінің зорлық көріп жүргенін бірнеше мәрте сездіргісі келген екен. Алайда оның сөзін ешкім елемепті. Қазіргі екі күдікті де қамауда отыр. Тергеу амалдарының құпиялығына байланысты әзірге оқиғаның мән-жайы толық айтылмауда. Бірақ бұл да біздің әлі де болса балалар қауіпсіздігіне келгенде ақсап тұрған тұсымызды көрсетуде. Міне, осындай қылмыстардың алдын алып, жасөспірімдерімізге «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы қалқан болса деген үмітіміз зор.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы