«Жан Шуақ» ерік-жігері мен күш-қайратын қамшылап, таптаурын көзқарастарға төтеп бере білген жандардың еңбегі мен ерлігін бағалап, қошеметке бөлеудің жарқын үлгісі. «Жан Шуақ» 2008 жылдан бері 90-ға жуық адамның жанына шуақ сыйлапты.
Әр адамға тең мүмкіндік қағидасына құрылған жобаның кезекті салтанатты рәсімін Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова құттықтау лебізімен ашты.
– Біздің басты міндетіміз – мүгедектігі бар адамдардың қоғаммен біте қайнасып кетуіне көмектесу, әлеуетін ашу, іске асыратын жаңа мүмкіндіктер беру және олардың айналадағы адамдарға қажет әрі белсенді болуға деген ұмтылысын қолдау, дамуға және алға ұмтылуға деген шешімін жан-жақты ынталандыру, – деді ол.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.
– Қоғамның жетілу деңгейі, адами, азаматтық жауапкершілігі оның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасымен өлшенеді. Елімізде бұл көзқарас оң бағытқа қарай өзгеруде. Осы өзгерістердің өзегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тұрғыда Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясаты жатыр. Біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қорғау мен көмекті қажет етеді деген таптаурын қағидамен өмір сүрдік. Дәл қазір бұл стереотиптердің мәні жойылуда, – деді Ерлан Жақанұлы.
Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні аясында жыл құрғатпай өткізілетін марапат рәсімінің маңызы мен мәніне тоқталған Төраға «Жан Шуақ» сыйлығына қатысушылар – ерік-жігер мен ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп келе жатқан жеңімпаздар екенін жеткізді. Оған – ұлттық құраманың биылғы Паралимпиадада табысты өнер көрсетіп, Париж төрінде спортшыларымыздың 9 мәрте жеңіс тұғырына көтерілгені айқын дәлел. Президент осы толағай табысты де ерекше атап өтіп, ел мерейін асырған барлық Параолимпиада жүлдегерлері мен бапкерлерін мемлекеттік ордендермен марапаттаған-ды.
Ерлан Қошанов өз сөзінде «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында мүгедектігі бар адамдардың тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруіне арналған Aleumet қосымшасы іске қосылғанын, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар «Кедергісіз келешек» жобасы аясында осы жылдың өзінде 4 мың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары мүгедектігі бар азаматтарға сай бейімделгені туралы айтты.
– Екінші жыл қатарынан Мәжілісте «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы жұмыс істеуде. Оның құрамында Парламенттің 20-ға жуық депутаты бар. Олар ауқымды жұмыс атқарып, нәтижесінде тұрғын үй саясаты жөніндегі заңда мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылардың тұрғын үй алуына бірінші кезекте құқық беру көзделді, мүгедектігі бар адамдарды колледждерге қабылдау квоталарының саны ұлғайтылды. Биыл Мемлекет басшысы мәжілісмен әрі «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының мүшесі Кенжеғұл Сейтжанды Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады, – деді Е.Жақанұлы.
Ал Мәжіліс депутаты, «АМANAT» партиясы мүшесі, Наталья Дементьеваның айтуынша, партияның Әйелдер қанаты инклюзивті қоғамды қолдау бағытында да көптеген іс-шара атқарып жатыр.
– Қазақстан мүгедектер конфедерациясы мен «АМANAT» партиясының Әйелдер қанаты тығыз байланыста. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі ерекше дарынды адамдарды қолдау мақсатында «Тең мүмкіндіктер әлемі» балалар инклюзивті спорттық фестивалін республикамыздың барлық аймағында өткізуді қолға алдық. Желтоқсанның екісі күні Астанада қорытынды республикалық фестиваль өткіземіз. Инклюзивті спорт фестивалі – бұл ерекше қажеттіліктері бар оқушылар мен дені сау балалар арасында достық және ұзақмерзімді байланыс орнатуға бағытталған спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізудің жаңа тәсілі. Бұл жобаларды іске асыру инклюзивті қоғам құруға ықпал етеді, яғни мүмкіндігі шектеулі балалар интеграцияланған, олардың әлеуметтік дағдылары барынша дамыған, қауіпсіз орта мен барлығы үшін болатын орта қамтамасыз етілген қоғам құруға мүмкіндік жасайды, – деді ол.
Инклюзивті орта қалыптастыру, әр адамға тең мүмкіндік сыйлау бағытында биыл он жетінші рет өткен рәсімде ұйымдастыру комиссиясының шешімімен ашық дауыс арқылы іріктелген 8 лауреат марапатталды.
Олар: «Күш-жігері және жеңіске талпынысы үшін» сыйлығының иегері – Давид Дегтярев, Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы, пауэрлифтер.
«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» сыйлығының иегері – Ермек Бәкиев бес жыл бойы «Отырар» телеарнасында «Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушісі бола жүріп, мүгедектігі бар адамдардың шығармашылығы мен жетістігін насихаттады, Шымкент қаласының тұрғыны.
«Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегері Жеңісгүл Дәулетова әйгілі қолөнер шебері, 20 жылдан бері көрпе, жастық және қазақ халқының ұлттық киімдерін тігумен айналысып келеді, Алматы облысы М.Түймебаев ауылының тұрғыны.
«Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегері – Нұрлан Сыздықов, қоғам қайраткері, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған көпшілік жарыстардың қатысушысы және ұйымдастырушысы, Астана қаласының тұрғыны.
«Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері – Абылайхан Асылбай, Зергер – «ЭКСПО – 2017» республикалық сәндік-қолданбалы өнер шеберлері байқауының финалисі, Семей қаласының тұрғыны.
«Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері – Sensitive есту қабілеті бұзылған бишілер театрының шығармашылық ұжымы. Солтүстік Қазақстан облысының ансамблі 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында олар Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал ұжымға айналды. Биыл Франциядағы халықаралық фестивальда Sensitive Канн шығармашылық өнер фестивалінің үздік хореографиялық ұжымы ретінде танылды.
«Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері – Гүлім Құрманбаева, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының тұрғыны.
Қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сыйлығымен Қызылордадан келген блогер Зәуре Өксімбаева марапатталды.
Салтанатты рәсімнен кейін жүлдегерлерді тамаша жеңістерімен құттықтап, сөзге тартқан едік. 26 жасында параспортқа келген Гүлім Құрманбаева былтыр «Жан Шуақ» марапатына қонақ ретінде қатысып, сол кезде «Келесі жылы мен де үміткер боламын, қалайда мақсатыма жетемін» деп ой түйгенін айтты.
– Қазір спортта жүргеніме он жылдан асып барады. Спортқа келіп, өмірден өз орнымды таптым. Спорт саласы бойынша оқу оқып, білім алдым. Болашақта бапкер бола аламын. Бірақ қазір шәкірт тәрбиелеуге дайын емеспін. Әлі де өзімді шыңдауым керек. Аптасына төрт рет, үш-төрт сағаттан жаттығамыз. 2019 жылы Шымкенттің өзім сияқты тағдырлас жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол кісі қазір менің мотиваторым. Спортты жалғастыруыма рұқсатын берді. Биыл сәті түсіп, марапатқа іліктім. Бұл сыйлық менің осы уақытқа дейін атқарған еңбегімнің, төккен маңдай терімнің нәтижесі деп білемін. Мұнда әр облыстан ең мықты деген жандар келіп жатыр. Солардың арасында болғаныма қуаныштымын, – деді Гүлім Құрманбаева.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ