Түркістан облыстық соты қанды қылмысқа қатысты сот процесі ашық өтетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Otyrar.kz сайтының мәліметінше, қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады. Бүгінде алқабилер таңдалып та қойылған.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі іс материалдарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушыға қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу (ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі), кәмелетке толмаған адамды зорлау (ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы), екi немесе одан көп адамды өлтіру (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 1, 3, 10, 14-тармақтары) қылмыстық әрекеттері бойынша айып тағып, сотқа жолдағанын, сотталушының өтініш хаты бойынша іс алқабилердің қатысуымен ашық сот отырысында қаралатынын хабарлады.
Еске салсақ, 12 қыркүйек күні Келес ауданында жантүршігерлік қанды қылмыс болған еді. Маңайда тұратын ауыл тұрғыны шырт ұйқыда жатқан 46 жастағы әйел мен оның 15 жасар қызын өлтіріп кеткен.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, күдікті мұғалім болып қызмет атқарып жүріп, оқушы қызға қырындаған. Мұны білген анасы педагогтің үстінен арыз түсіріпті. Жұмыстан қуылған ер адам екі бірдей адамнан кек алған көрінеді. Істің анық-қанығы енді сот процесінде белгілі болады.