Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Шымбұлақ тау-шаңғы курортында ерекше құтқару операциясын сәтті жүзеге асырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқу-жаттығу сәтті өтті.
«Сценарий бойынша, арқан жолмен жоғары көтерілу кезінде электр энергиясының өшуінен жүйе апатты түрде тоқтаған. Кабина ішінде төрт адам қалып қойды. Олар ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз қалып, суық температура салдарынан үсік шалған. Кабина биіктігі төрт қабатты ғимаратпен тең деңгейде болғандықтан, адамдар өз бетімен шыға алмаған», – деп жазылған хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің үш бөлімшесіне бір мезетте бірнеше кабинаны эвакуациялау және зардап шеккендерді 1 сағаттан аспайтын уақытта қауіпсіз жерге жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсету міндеті жүктелді.
«Бұл тапсырманы орындау оңай болмады. Құтқарушылар биіктікте жұмыс істеп, арнайы альпинистік жабдықтарды пайдаланды. Зардап шеккендер жерге қауіпсіз түсіріліп, олар қажетті көмекті алды», – деп атап өтті ТЖД өкілдері.