Ақсайдағы өрт: зардап шеккен екі бала санавиациямен қалаға жеткізілді

Қазір екі бала облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімінде ем алып жатыр.

Ақсай қаласындағы тұрғын үй өрті кезінде жоғары қабаттан секірген 4 және 8 жасар екі бала дене жарақатын алған. Бірі бас жарақатын алса, екіншісінің кеуде тұсы зақымданған,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Балаларды 22 қараша күні кешкісін санавиациямен Орал қаласындағы балалар ауруханасына жеткізген. Қазір екі баланың да жағдайы орташа ауыр. 

Бұл ақпаратты БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Ал өрттен зардап шеккен балалардың анасының денесін  45-50 пайызға күйік шалған. Ол қазір Бөрлі аудандық ауруханасында ем алып жатыр, дәрігерлер қажетті емнің бәрін жасауда. Әйелдің жағдайы орташа ауыр,  деп атап өтті облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қараша күні күндіз Ақсай қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы жазған болатынбыз. Өрт сөндірушілер келгенге дейін екі баланың өрттен қашып, жоғары қабаттан секіргені туралы да айтқанбыз. 

Қазір екі бала облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімінде ем алып жатыр.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы