Жанар-жағармай құны қымбаттай ма?

Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев БАҚ өкілдеріне алдағы уақытта бензин бағасы өсуі мүмкін екенін айтып, оның себебін түсіндірді.

«Қазір біздегі нарықта тапшылық бар. Тапшы­лықты жабу және энергетикалық тәуелсіздікті қам­тамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Модернизацияны жүзеге асыру үшін салаға қаражат құю қажет. Мұнай өнімдерінің бағасына жабдықты сатып алу, техникалық қызмет көрсету мен өзге де шығындар, логистика, жаңа құбырлар мен теміржол инфрақұрылымын салуға тартылған несиелер кіреді. Осы жұмыстардың барлығы мұнай өнімдерінің базалық құнына әсер етеді», – деді А.Сәтқалиев.

Оның айтуынша, жанармайдың соңғы құны ішкі нарықтағы мұнай бағасының қандай межеде қалыптасуына байланысты.

«Қазір ішкі нарықтағы мұнай бағасы көршілес елдермен салыстырғанда ең төмен, мұнай өнімдерінің бағасы да төмен деп айта аламыз. Ал егер нарық ашылса, біздің арзан өнімдеріміз (көрші елдерге) тарап кетеді. Соның салдарынан жанар-жағармай бағасы күрт өсуі ықтимал», – деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы елімізде жаңа мұнай өңдеу зауыты батыс өңірде салынатынын мәлім етті.

«2030 жылдан кейін төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспары бар. Бұл мұнай өңдейтін зауыт қана емес, сонымен қатар онда тұтас мұнай-газ әрі химиялық кешен қамтылады. Алдын ала талқылау барысында Батыс Қазақстан өңірін таңдадық», – деді А.Сәтқалиев.

Оның айтуынша, бұл зауытта жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңделеді.

Кәмила ЕРКІН