Қайтарылған қаражатқа мектеп салынады

Заңсыз иемденілген активтер есебінен қайтарылған қаражатқа Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектеп салынады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда.

«Үкімет Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектептің құ­ры­лысына 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қа­был­дады. Қазір ауылда 60 орынға бейімделген ғи­маратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналары 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елді мекендерге қатынап оқиды. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады»  делінген хабарламада.

Бұған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салу, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Аталған жұмыс жалғасуда.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 18 мектеп салынатыны хабар­ланды.

 Кәмила ЕРКІН