85 жылдық торқалы той ең әуелі ғылыми-тәжірибелік конференциямен түндігін түрді. Келелі басқосуға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізіп, жамбылдықтарды мерейтоймен құттықтады.
– Жамбыл облысы ұлттық діңгеміздің алтын қазығы саналады. Қасиетті Әулиеата жерінде елдігіміздің тірегі болған құндылықтарымыз бен төл тарихымыз қалыптасты. Жамбыл облысының бүгінгі тынысы Президенттің жеке бақылауында тұр. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласы алдыңғы қатарда. Соңғы жылдардағы химия мен тамақ өндірісі саласындағы көрсеткіштер көңіл қуантуда. Құрылыс саласы да қарқын алып, көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Спорт саласындағы жетістіктер өзге өңірлерге қарағанда көш ілгері. Білім мен ғылым саласындағы жетістіктер болса, республикалық деңгеймен шектелмей, халықаралық және әлемдік деңгейге шығып отыр. Бұл сөз жоқ, облыс дамудың даңғыл жолына түскенін айғақтайды.
Осы орайда жамбылдықтарды 85 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, өмір жолдарына тек табыс пен береке тілеймін, – деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің өткені мен бүгініне, ертеңі мен келешегіне тоқталды.
– Жамбыл өңірі – тасын түртсе, тарихы көрінетін аймақ. Қасиетті өлкеде Түркі қағанаты мен Ислам мәдениетінің негізі қаланып, Қазақ хандығының алтын қазығы қағылды. Тарихымызды айшықтаған Мұхаммед Хайдар Дулати, Манас жырының кейіпкері Манас батыр өмірінің көп бөлігі осы өңірде өткені тарих парағынан белгілі.
Облыс орталығы Тараз қаласының да шежіресі тереңнен сыр шертеді.
Көне шаһар – мәдениет пен өркениеттің ордасы. Бір кездері Ұлы Жібек жолының торабындағы Тараз «саудагерлер қаласы» атанып, Батыс пен Шығыс мәдениетін байланыстырды. Бүгінде Жамбыл облысы алыс-жақын мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайту үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің кеңесінде «Достастық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес деп есептейміз. Бұл қасиетті Жамбыл өңірінің халықаралық аренада одан әрі танылуына ықпал ететіні сөзсіз. Әулиеата жері шайырларымен, орақтілді шешендерімен, саз балшықтан сәулет өрген шеберлерімен, ғұлама ойшылдарымен, шежірелі қарттарымен және адал да ақкөңіл еңбекқор жандарымен мақтана алады.
Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған Жамбыл облысының келешегі кемел, болашағы бұдан да баянды болатынына сенімім зор.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі мекеннің 85 жылдық тойы құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Жапония мемлекеті «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының PhD докторы Садакатцу Кунитакен жапон-қазақ археологиялық экспедициясы хақында сөз қозғаса, Түркия елінен келген профессор Абдуллах Гүндоғдуды орта ғасырлардағы Талас пен Анадолы арасындағы өркениет қатынастары туралы ойларын ортаға салды.
Бұдан кейін мерекелік той «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі шарамен жалғасты. Мұнда құрметті қонақтар алдымен мерейтойға орай тігілген ақшаңқай киіз үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, музыка өнері мен қолөнер бұйымдары, сондай-ақ ұлттық дәмдері қойылған көрмені тамашалады. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық қазба жұм ыстары кезінде табылған алтын және керамикалық бұйымдарды, ежелгі руна жазуының көшірмелерін көпшілік назарына ұсынды.
Көрме залында сондай-ақ өңірдегі айтулы оқиғалар, экономикалық өсімдер мен түрлі саладағы толайым жетістіктер топтастырылған бейнефильм жиналған қауымға көрсетілді.
Бұдан бөлек, осы күні Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұрасына негізделген «Тараз өркениет өрімдерінің куәгері» және «Қарахан мен Айша: ғылыми деректер мен аңыздар» кітаптарының тұсауы кесілді.
Шара барысында Президент Жарлығына сәйкес түрлі сала мамандарына «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты салтанатты түрде табыс етілді. Сонымен қатар кәсібилігімен көзге түсіп, еңбекте зор жауапкершілік танытқан азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді.
Облыстың 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Туған өлкем – Жамбылым!» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де осы күні құрметтелді. Ал «Мәдениет – асыл қазынам» мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша үздік деп танылған Жамбыл мен Талас аудандарының шығармашылық ұжымына автокөлік сыйға тартылды.
Осылайша, облыс орталығында салтанатты шаралар мерейтой көркін қыздырып жатқанда, Жамбыл ауданы Бектөбе ауылындағы атшабарда шабандоздар ат тұяғының дүбірін қоздырды. «Әулиеата жүйрігі» атты ашық турнирде өңірлерден келген 200-ге жуық атбегілер «Аламан» мен «Құнан» бәйгеде сынға түсті.
Алғашқы аламан «Құнан» бәйге жарысында қордайлық 12 жастағы шабандоз Алтынбек Жантөре мінген Еркеторы арғымағы шашасына шаң жуытпады. Алтынбек 9 жасынан бастап ұстазы Сәкен Мұратұлының тәрбиелеуімен жүйрік жаратып жүр екен. Ұстазы шәкірті Алтынбек пен арғымағы Еркеторының болашағы баянды екеніне бек сенімді.
– Кіл мықтылар сынға түскен жарысқа Қордай ауданы Кенен ауылынан келдік. Жылқы баптап, жүйрік жаратып жүргеніме бар-жоғы бір жылдың жүзі болды. Еркеторы тұлпары төрт айға жуық уақыт бапталды. «Алуан- алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, алыс немесе жақын қашықтыққа шабатын тұлпарлардың бапталуы да әртүрлі. Кез келген жылқы бәйге жолының қашықтығына қарай бапталғаны дұрыс. Бәйгеге қосатын атты дұрыс жемдеп, дұрыс жарату – басты міндет. Егер тұлпардың тілін түсініп, лайықты баптай алмасаң, жүйріктің бағы таяды. Бұған дейін біз баптаған Еркеторы тұлпарымыз Талдықорған мен Отарда өткен жарысқа қатысқан еді. Ал енді бүгін Әулиеатаның мерейтойына орай ұйымдастырылған «Құнан» бәйгеде бі-рінші келіп, қуантып отыр.
Негізі, бұл жүйрікті Ресей елінен арнайы алдырғанмын. Алдағы уақытта шәкіртімнің шеберлігі шыңдалып, талай жарыста топ жарады деп сенемін, – дейді атбегі.
Бұл күні атшабарда «Аламан» бәйгенің де жүлдесі сарапқа салынды.
35 шақырымды құрайтын 12 жарым айналымнан тұратын бұл сында Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданынан келген Көксерек атты тұлпарды тізгіндеген Нұрел Елесов жүзден жүйрік шықты.
Жалпы, қос бәйгенің жүлде қоры 11 миллион 900 мың теңгені құраса, «Аламан» бәйгеде топ жарған шабандоз 3 миллион 600 мың теңгені иеленіп, «Құнан» бәйгенің жеңімпазы 1 миллион 800 мың теңгені қанжығалады.
Осылайша, Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойы бар салтанатымен дүркіреп өтті. Әрине, «тойдың болғанынан болары қызық» демекші, мерейтой алдында түрлі пікірлер айтылғаны рас. Алайда өңірдің торқалы тойы тиісті деңгейде ұйымдастырылып, жұдырықша жұмылған жамбылдықтардың бірлігін тағы бір мәрте танытты.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы