Атырау оқушылары мектеп формасын ұлттық киімге ауыстырған

Мектеп оқушыларының тең жартысы күнбе-күн ұлттық киіммен сабаққа келеді.

Қазір сабаққа ұлттық киіммен барып жүрген оқушылардың саны 500-ге жуықтаған. Бұл туралы Аikyn.kz сайты "Ақ Жайыққа"сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Дәстүрді бастаған – Дүйсенғали Байбосынов атындағы 13 мектеп-гимназиясы. Тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Алмаз Қабдешовтың айтуынша, бұл бастама 2023-2024 оқу жылында көтерілген. Онда да ата-аналар жиналыста балаларының бірдей үлгідегі ұлттық киімде болуын қалады. "Біз солардың ұсынысын келісіп, қолдадық" дейді ол.

Бүгінде мың оқушысы бар мектептің тең жартысы күн сайын ұлттық киіммен сабаққа барады. Оқушыларға ілесіп, мұғалімдердің 75 пайызы өздеріне бірдей үлгіде кәжекейге тапсырыс берді. Қазір бұл бастаманы ортаншы сыныптар, яғни 5-6 сынып оқушылары да қызыға түсіп, ұлттық элементтері бар киімдерді кие бастады. Ал бастауыш сынып оқушылары ұлттық киім үлгісін сақтай отырып, өздері қалаған түске тапсырыс бере алады.